Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мұрындық болуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шетелде тұратын отандастардың қатысуымен халықаралық өнер фестивалі өтуде.
Шетелдік қандастарымызбен мәдени және рухани байланыстарды дамытуға, нығайтуға бағытталған фестиваль аясында «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты жыр мүшәйрасы, термешілер сайысы және сурет көрмесі ұйымдастырылды.
«Шетелдегі қандастарымыз қатысатын халықаралық өнер фестивалі еліміздің Тәуелсіздік күніне қарай бірнеше жылдан бері өтіп келеді. Оған шетелдегі қазақ диаспорасының 35 жасқа дейінгі шығармашылық өкілдері өтініш беріп, қатыса алады. Биыл бізге 300-ден астам өтініш келіп түсті, солардың ішінен іріктеліп алынған 60-қа жуық өнерлі бауырымыз әлемнің 20 елінен келіп қатысуда. Биылғы фестивальдің ерекшелігі, ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр» деп атап өтті Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев.
Фестиваль жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар тапсыру рәсімімен және салтанатты гала-концертпен аяқталмақ.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ