• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2016

Астана – жаңа мүмкіндіктер мекені

595 рет
көрсетілді

[caption id="attachment_65639" align="alignright" width="560"] Natalie Koch Portrait[/caption] Натали Коч (Natalie Koch) – АҚШ-тағы Сиракуз университетінің Максвэлл атындағы азаматтық және қоғамдық істер мектебі География бөлімінің ассис­тент профессоры.  Ол Орталық Азия және Парсы шығанағы аймақтарының саяси географиясы бойынша маманданған. Біз сұхбат барысында Коч ханымның зерттеу нысанасындағы тақырыптардың бірі Астана қаласының кескін-келбетін саяси география тұрғысынан талқыладық. – Орталық Азияны саяси география тарапынан қарастыру басқа зерттеу бағыттарына қарағанда несімен ерекшеленеді? – Саяси географияны зерттеуші мамандар ретінде біз ең алдымен, кеңістіктің  қоғамға тигізер әсер-ықпалын қарастырамыз. Қоғамның кеңістікті түсінуі – саяси сауалдардың жиынтығы. Саяси география шағын масштаб арқылы кең ұғымдарды түсіндіруімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, ол берілген кеңістікке кімдердің енетіндігі туралы шешімді шығару процесі, кеңістіктегі мерекелерді той­лауға қандай топтардың қаты­са­тындығы немесе кеңістіктің маңызды іс-шараларға трансформациясы қалай жүзеге асқандығы туралы мәселелерді де қарастырады. Саяси және мәдени гео­графия одан бөлек, құрылымдардың, құрылыс ғимараттарының қандай бірегейлікті көрсететіндігін  және әлем­ге нені танытатындығын  да  назар­да ұстайды. – Сіз Қазақстан қалаларын кеңіс­тік тұрғысынан көп жылдар бойы зерттеп келесіз. Қазақстанға деген қызығушылықты қалай түсіндіре аласыз? – Мектепте біз қоршаған орта деген пәнді оқыдық. Сонда Арал те­ңізі туралы там-тұм ақпаратты ғана көзім шалып, мені ол теңіздің кішіреюіне қандай себептер әсер етті деген сауал мазалай бастады.  Кейін көптеген ақпарат көзін оқу барысында Қазақстанға деген қызығушылығым тіпті арта түсті. Университетте жүр­генде мен Арал қаласына арнайы барып, зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Бір байқағаным, зерттеу жұмыстары аясында орнатылған байланыстардың маңызы орасан болады екен. Яғни, байланыстар ұзақ уақыт бойы сақталады. Тағы бір қызықты жайт бар. Мен туып-өскен Аризона штатындағы Тусон мен Алатау бөктеріндегі Алматы –  бауырлас қалалар.  Бұл маған  зерттеу жұмыс­тары кезінде әжептеуір көмек болды. – Сіз өз еңбектеріңізде Астана қала­­сының модерндік имиджін қалыптастыруға элиталық емес топ­тардың, яғни қарапайым ха­лық­тың  қалай қабылдайтынын зерт­­тедіңіз. Бұл ретте модерндік имидж­ді енгізу үрдісі қаншалықты сәтті болды? – Астана мен Алматыдан басқа қалалардың тұрғындары Астананың модерндік имиджін қабылдаған. Олар үшін  Астана – жоғары модерннің жетістігі. Сондай-ақ, көп азаматтар үшін Астана  – мақтаныш көрсеткіші. Сол себептен болар, мен Қазақстан тұрғындарының бойында туған қала­ларына деген мақтаныш сезімнің ана­ғұрлым өскендігін байқадым. Мәселен, Шымкент  тұрғындары өз қаласын сырт көзге модернистік және «дамыған шаһар» ретінде  көрсеткісі келетіндері байқалады. Бұл ретте, Шым­кент тұрғындарының Астанамен «модернистік және дамыған қала» болу жолында бәсекеге түсуі де байқа­лады. Ал Астана немесе Алматы тұр­ғындары модерн имиджіне әлі де скептикалық көзқарас тұрғысынан қарайды. Алайда, қала тұрғындары кеңістіктің кеңейе әрі дами түсетініне сенеді, бұл олардың сенімінің шы­найы түрде жүзеге асатынын дә­лел­­дей түседі. Бұл орайда, қалалық бір­егей­­ліктің қалыптасуы пайдалы әрі жасампаз өзгерістерге алып келетінін түсінуіміз керек. – Астана кеңістігіндегі модерн­дік дискурс бірыңғай, алайда оны шектеуші немесе бөлектеуші элементтер бар ма? – Әрине, модерндік имидж барлық топты бірыңғай етіп кіріктіре алмайды. Мәселен, қалаға ауылдан қоныс аударғандардың немесе кейбір еңбек мигранттарының бойын шектелген сезім билеуі мүмкін. Ал экономикалық жағдайдың жоғарылығы немесе қалалық деңгейге сәйкес келмеу мо­дерндік дискурсты толықтай сезіне алмауға әсер етеді. Бұдан бөлек, қаладағы ескі эле­менттердің жойылып, олардың орнына жаңа құрылыстардың салынуы кейбір топтарға кері әсерін тигізбей қоймайды. Алайда, мұндай жағдай көп кездеседі. Мәселен, бұл Анкара, Париж, Чикаго, Рио сынды қалаларға тән. – Астананың басқа қалалардағы модерндік имидждерден қандай ерекшелігі бар? – Әрбір модерндік кеңістіктегі жоба  геосаяси ортасы арқылы ерекшеленеді. Қазақстанның геосаяси ортасы оның көршілері, уақыт және экономикалық мүмкіндіктері арқылы бір-бірімен өзара байланысты болады. Қазақстан секілді табиғи шикізат өндіруші мемлекетке Астананың модерндік имиджі көп жағдайда инвестиция шақыру мақсатында қолданылды. Одан бөлек, ескі дәстүрге сай имидж ысырылып, Қазақстан даму жолындағы жаңа мем­лекет ретінде өзінің алға қойған мақсатын орындады. Әрбір қаланың өз ерекшелігі болады. Мәселен, 1920 жылдары Түркия астанасы болған Анкара, 2005 жылы Мьянма астанасы мәртебесін иеленген Непьидо, сондай-ақ, Бразилиа, Абуджа қалалары өзіндік өзгешеліктерге толы. Ал Астананың ресми орталықтан бөлек, өмір сүруге ыңғайлы және қо­лайлы мекен ретінде қалыптасуы маңызды рөл атқарады. – Сіздің  пікіріңізше,  Астананың  ескі дәстүрдегі, артта қалған дискур­сын жою жолындағы модерндік имид­жі Кеңес одағының кейпін еске түсірмей ме? – Белгілі бір дәрежеде «иә» деп жа­уап беруге болады. Мәселен, Қыр­ғызстан астанасы Бішкекпен салыстырғанда, бұл қаладан әлдеқайда жаңашылдық лебі есіп тұрады. Алайда, Астананы дамыту үдерісін­де прогресшілдік тұрғыдан қарағанда,  посткеңестік логика бар екендігі байқалады. – Зерттеу еңбектеріңізге үңілсек, сіз Астананың ұлттық және мемлекет құрушы имиджінен әлі де «әлемдік қала» шеңберіне ауыса қоймағаны жөніндегі тұжырымға келіпсіз. Алайда, қазіргі динами­калық өзгерістер барысын сүзгіден өткізгенде, Астана  келбеті қалай  трансформациялануда? – Әрине, динамикалық тұрғыдан алғанда өзгерістер бар. Яғни, ұлттық мемлекет құру барысында Астана имиджі сәтті түрде жүзеге асты деп айта аламыз. Ендігі мақсат  – ол Аста­наның ұлттық мемлекеттің бас қаласы деңгейінен келесі деңгейге  өтуге бағыт алуы.  Бұл ретте, Астана ендігі кезекте қандай қадаммен ілгері жылжуы қажет деген мәселе туындайды. Қазіргі таңда Қазақстандағы жас­тар, әсіресе шет мемлекеттерде оқыған жас­тар үшін  «Астана – болашаққа деген сенім және үміт қаласы» деген дискурс қалып­тастыру үрдісі қалыптасып ке­леді. Шетелдерде білім алып келген жастар бұл қалада өздерін әлі де шетелде жүргендей сезінуі мүм­кін.   Ас­тана – жастардың  мақсатшыл идея­сын жүзеге асыра алатын бірден-бір қала. Сонымен қатар, Қазақстанның эко­номиканы әртараптандыруға деген қадамы,  келер жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге деген ұмтылысы қала келбетін сөзсіз өзгертеді, алайда оның қандай бағытқа және қалыпқа қарай өзгеретіндігі, бұл өзгерістің қаншалықты жемісті болатындығы тереңірек зерделей түскенде ғана байқалады. – Қазақстанның Астана қала­сында Халықаралық қаржы орта­­лығын құруы, әлемдік стан­дартқа сай Назарбаев Универ­ситеттің бой көтеруі – дамудың бір көрсеткіші. Мұн­дай үлкен жо­ба­лар тәжірибесінің басқа елдер­де қолданылуы қанша­лықты ықтимал? – Әрине, кез келген жоба басталған сәтте оның соңғы нәтижесінің қандай болатынын алдын ала болжау қиын.  Мұндай жобалардың таралуы күрделі мәселе, бұл тек Астана қаласына ғана емес, мәселен, қазір зерттеу жүр­гізіліп жатқан Парсы шығанағы мемлекеттеріне де тән. Осындай тәжірибелер немесе «Арал» секілді жобалар мемлекеттерге өзгерістер қажет екендігін көрсетеді. Алайда, мұндай жобалардың кең таралмауы басқа қоғам топтарының бойында шектелушілік сезімін де тудыруы мүмкін. Ал бұл орайда, жобалардың кең таралуына арнайы жоспарланған бағдарламаларға қарағанда, азаматтық борыш пен патриотизм өзінің көбірек әсерін тигізеді. – Астана қаласына аймақтық және жаһандық тұрғыдан алғанда, қан­дай пікірлер айтылып, қандай бағалар берілуде? – Аймақтық тұрғыдан қарас­тырғанда, Астана жобасы сәтті деп есептеледі. Жаһандық сипат тұр­ғы­сынан қарастырғанда, бүгінде Парсы шығанағы мен Орталық Азия арасындағы байланыстар өсуде. Бұл ретте, Парсы шығанағы мемлекеттері, әсіресе, Катар және Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында өз астаналарын «жаһандық экономикалық мүм­кіндіктер қаласы» ретінде көрсетуге ұмтылу жағынан ұқсастық бар деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Берікбол ДУКЕЕВ, саясаттанушы