Отандық машина жасау саласы Тәуелсіздік жылдарында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев айтты.
– Өндірістің ең жоғары көрсеткіші 2013-2014 жылдары тіркелді. Сол жылдары өнім көлемі қаржыға шаққанда 950 миллиард теңгеге жетті, – деді М.Пішембаев.
Брифингке Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау да қатысқан болатын. Оның айтуынша, машина жасау саласының қарқынды дамуына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ықпалын тигізіпті.
А.Рау елімізде ескі автокөліктерді қайта кәдеге жаратумен айналысатын үш бірдей зауыт салынатынын хабарлады. Зауыттар Алматыда, Шымкентте және Қарағанды облысында бой көтермек. Осы үш өңірде тозығы жеткен ескі көліктерді қабылдау нысандары да болады.
– Мысалы, Жапонияда 7 жыл бұрын шыққан ескі көлікпен жүргенше, оны қайта кәдеге жаратуға тапсырған тиімді. Себебі, тозған көліктің техникалық тексеруден өткізетін төлемақысы, басқа да шығындары көбейіп кетеді. Олар ескі көліктердің 94 пайызын қайта кәдеге жаратады. Біз де жапондардың тәжірибесіне көшуіміз керек, – деді министрдің бірінші орынбасары.
Тозған көліктерді қайта кәдеге жаратумен айналысатын зауыттың алғашқысы жарты жыл көлемінде ашылуға тиіс.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»