Ақтөбе қаласы жыл өткен сайын көріктеніп, көркейіп келеді. Шаһарда сәулеті келіскен ғимараттар бой көтеріп, еңселі ескерткіштер, сәндік өнер туындылары орнатылуда, гүлзарлар мен алаңдарға сан түрлі бояуға малынған гүлдер отырғызылуда. Жақында Абай бульварында облыс әкімінің тапсырмасымен қайта жаңартылған әуенді субұрқақ іске қосылды.
Аспанға атқылаған сулар түрлі-түсті жарықтармен мың құбылып көз арбап, көңіл тербейді. Бейне судан сәуле шашылғандай әсер қалдыратын көрініс судың сылдыры және әсем әуенмен әдіптелгенде ертегі әлеміне енгендей күй кешесің. Түрлі әуенге түрлі көрініс бейнелеп, сан қилы бояуға көмкерілгенде ерекше сәнді көрінеді.
Үш бөліктен тұратын фонтан құрылымы өте күрделі. Компьютер арқылы басқарылатын сиқырлы нысан 390 бүріккіш, 48 сорғыш, 422 шамнан тұрады. Дыбыс ұлғайтқыш және жарықдиодты шамдармен жарақтандырылған. Атқылайтын судың биіктігі 20 метрге дейін жетеді. Жалпы көлемі 700 шаршы метр болады.
Мұндай соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған субұрқақ қаламызда тұңғыш рет іске қосылды. Әуенді субұрқақ қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығып қана қоймай, ең керемет демалыс орны болғалы тұр.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы
Суретті түсірген
Хайреден Раушанов