Сарша тамыздан бері Алматыны бетке алған салқар керуен көбейіп тұр. Аймақтардан келетін автокөліктерді мегаполис тұрғындары елеңдеп күтетін болған. Азық-түлік артып, алматылықтарды жәрмеңкеге жинайтын жақсы үрдіс жыл сайынғы дәстүрге айналып отыр.
Бұған дейін қалада Алматы облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, адамдар арзан бағадағы азық-түлікке қарық болып еді. Күні кеше ғана Қаратау етегінен керуен келіп, тұрғындарға Жамбыл облысының диқандары мен малшылары күтіп-баққан көкөніс пен мал өнімдерін ұсынды.
Алматының Астана алаңын думанға бөлеген жәрмеңкеге келушілер көп болды. Жамбыл облысы аграршыларының қолынан шыққан ет, сүт, бал, жеміс-жидек өнімдеріне сұраныс мол болды. Әсіресе, жылқы мен сиыр етін сатып алушылардың қарасы көбейгенін байқадық.
Жәрмеңкенің ашылуына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, іргелес аймақтардың әріптестік бағытында қолға алып, жүргізіп жатқан жұмыстары туралы әңгімеледі.
– Алматылық ағайындарға 240 тоннаға жуық ауылшаруашылығы тауарларын әкелдік. Оның ішінде 30 тонна ірі қара еті, бір жарым тоннадай тауық еті, 5 тонна шұжық өнімдерін жәрмеңкеге шығардық. Біздің шаруалар осы сапардан 112 млн теңгеден астам қаржыға сауда-саттық жасап қайтты, – дейді Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы