Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко бастаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің депутаттары «Қорғас-Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағында көшпелі отырыс өткізді.
Депутаттар сапар барысында Алтынкөл темір жол стансасында жүк тиеу-түсіру инфрақұрылымымен, Жаркент-Қорғас агломерациясының бас жоспарымен танысты. «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автожолының Алматы–Қорғас телімінде болып, жалпы ұзындығы 304 шақырымға созылған жолдың бүгінде 258 шақырымы бетондалып, көпірлер мен тоғандардың салынғанын көріп қана қоймай, бұл жұмысты аяқтау мерзімін кешіктірмеу керектігін атап көрсетті. «Қорғас-Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы нысандарын, «Қорғас» ХШСО-ны аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды әңгімелеп, соңғы екі жылда Панфилов ауданына қоныс аударушылар санының өскендігіне орай әлеуметтік нысандар – балабақша, мектеп, аурухана сұранысқа сай салынып жатқанын, Құрғақ портқа жергілікті халықтан 300 адам жұмысқа тартылса, енді 6 мың адамға жететінін баса айтты.
Көшпелі отырысқа қатысушылар «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудағы ЕЭА-ның рөлі мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысына баса назар аударды. Парламент депутаттары атынан сөз алған В.Божко: «Бұл сапарымыз барысында Қазақстандағы көлік қызметінің дамуына әсер ететін кәсіпкерліктегі, өндірістегі құқықтық жайлардың орындалуына назар аудардық»,– деді.
Көшпелі отырысты Мәжілістің Экономикалық реформа және аймақтарды дамыту комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Қазақстан экономикасына серпін берген «Нұрлы жол» бағдарламасының маңызына тоқтала келіп қорытындылады.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Панфилов ауданы