Samsung Electronics компаниясы ұшақтар бортында бірнеше рет өртене бастаған Galaxy Note 7 телефонының сатылымын уақытша тоқтатқанын мәлімдеді және барлық сатып алушыларға оларды өшіріп тастауды ұсынды.
Reuters агенттігі оңтүстіккореялық компанияның мәліметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Samsung барша әлемдік серіктестерінен ресми тергеу аяқталғанша Galaxy Note 7 телефондарының сатылымын тоқтатуды сұрады.
АҚШ сатып алушыларына арналған компания сайтында осы телефон үлгісін сатып алған барлық қолданушыға құрылғыны өшіріп, оны мүлдем қолданбау ұсынылды. Сонымен бірге, смартфонды Galaxy S7 моделіне немесе 25 доллар бонусымен Galaxy S7 edge-ге ауыстыру мүмкіндігі бар екені жазылған.