Байқаудың негізгі мақсаты – қаржы саласында жазылатын мақалалардың сапасын және санын арттыру арқылы халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін көтеру.
«KazMediaIndustry» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған байқауға мерзімді басылымдарда немесе интернет ресурстарында, телеарна және әлеуметтік желілерде биылғы қыркүйек, қараша айларында жарық көрген материалдар қатыстырылады.
Байқауға ұсынылатын жұмыстар 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін төмендегі электрондық поштаға қабылданады: konkurs@homecredit.kz
Жеңімпаздар 3 номинация бойынша анықталады: «Қазақстан халқының қаржылық сауаттылығын арттыру» тақырыбында жазылған ең үздік мақала», «Несие алушының жауапкершілігі» тақырыбындағы ең үздік мақала» және «Несие алу кезіндегі қауіп-қатерлер» тақырыбындағы ең үздік мақала».
Байқау қорытындысы 2016 жылғы желтоқсанға дейін анықталады. Жеңімпаздар Алматы қаласында өтетін «Қаржы тақырыбында мақала дайындау, өңдеу, сараптама жазудың ерекшеліктері» атты мастер-класқа шақырылатын болады. Екі күндік бағдарлама барысында Алматы қаласы бойынша экскурсия және жеңімпаздарға сыйақы табыстау рәсімі жоспарланған. Бұл сыйақыны Home Credit Bank тағайындап отыр.
Егемен-ақпарат