• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2016

Шоколад шеберінің шедеврлері (фото)

479 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облыстық музей-қорығының «Алтай» галереясында «Nikolya» шоколад музейінің авторлық экспозициясы ашылды. Әлемдік тур аясындағы бірегей көрме еліміздің жеті қаласында ұйымдастырылған екен. Соңғы тоқтағаны – Өскемен. Көрмеде қала тұрғындары мен қонақтары қырымдық белгілі шоколад шебері Николай Поповтың бұйымдарымен танысты. Әрине, бала кездегі сүйсініп жейтін тәттінің бірі – шоколад. Осы тәтті күнделікті жұмысыңмен сабақтасса6 тіпті керемет емес пе! Шоколадтан жасалған жәдігерлерге көз салсаңыз, оның тіл үйіретін тәтті ғана емес, өнердің нағыз туындысына да айналғандығын тани түсесіз. Жылжымалы көрмеге шоколадты маскалар, Эйфель мұнарасы, алтын тәж сияқты 300-ден астам шоколадты және марципанды мүсіндер мен картиналар, миниатюралар, инсталляциялар, панно мен композициялар және тағы басқа әшекейлер қойылған. Шығысқазақстандықтарға арналған көрмеге шебер 4 ай бойы дайындалған екен. Виктория есімді таныстырушының айтуынша, бұл жұмысқа 1 тоннадай таза шоколад пен марципан жұмсалған. Ең ірі жәдігер Алматы қаласындағы Орталық Мемлекеттік музей есігінің дәлме-дәл көшірмесі деуге болады. Бұл жәдігерді жасауға 140 кило таза шоколад пайдаланылған екен. Мұның өзіндік тарихы да бар. Н.Попов есікті еліміздің жылы қабылдауы және жұмысына жақсы жағдай жасағаны үшін ризашылық сезімін білдіру мақсатында жасапты. Жұмыс үдерісі аяқталған соң Николайдың көмекшілері жәдігерді екінші қабаттағы көрме залына орнатады. Сол күні музей қызметкерлерінің бірі сыртқы есіктің топсасынан алынып тұрғанын көріп, залды қадағалаусыз қалдырмау үшін тез арада шара қолдану қажет деген оймен төменге жүгіріп түседі. Әрине, бұл шоколадтан жасалған Николайдың есігі екені анықталған соң барлығы шоколадшы шебердің туындысына таң қалады. Көрмедегі ең жеңіл шедеврлердің бірі – диадема. Оны құюға бар-жоғы бір қасық ақ шоколад кетіпті. Дәстүр бойынша көрменің ашылуына қатысушыларға жаңа әзірленген алып шоколад тақтасы ұсынылды. Бір айға созылатын көрмеден арнайы технология бойынша жасалған эксклюзивті шоколадты кәдесыйлар сатып алуға болады. Думан АНАШ, Өскемен