• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2016

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр

492 рет
көрсетілді

«Шаңырақ» отбасылық клубы құрмет көрсеткен 102 жастағы Қаржау ақсақал газет-журналды көзілдіріксіз оқиды. Бұған дейін «Шаңырақ» клубының отбасылық құндылықтарды насихаттайтын үлгілі жобалары туралы жазған болатынбыз. Негізінен халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы кеңінен дәріптелетін ұлттық жобалары кең қолдауға ие клуб мүшелері жақында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және қарттар мерекесіне орай «Ардагерлерге құрмет» керуенін ұйымдастырды. Олар Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты «Жаңа дала» елді мекенінің қарт тұрғыны, 102 жастағы Қаржау Сапаровтың, Мырзакенттегі тыл ардагерлері Мария Бирючевская мен Антонина Гурованың үйлеріне арнайы бас сұғып, отбасылық жағдайларымен танысып шықты. «Шаңырақ» отбасы клубынан Камира Өмірбай мен Рәбиғаш Әбілдаханова қариялармен дидарласып, еліміздегі елеулі оқиғалар туралы, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында әңгімелеп берді, сонымен қатар, қайырымдылық жобасының иелері еліміздегі зейнеткерлерге көрсетілген жеңілдіктер мен көмектер туралы ойларымен бөлісті. Мысалы, 2015 жылы Ділдәбеков ауылдық округінде көптеген іс-шаралар атқарылды. Өңірдегі «көгілдір отынға» қол жеткізген тұрғындар қуанышында шек жоқ. Мырзакент кенті мен байырғы елді мекендерге табиғи газ қосылулы. Көшелерге асфальт төселуде. 90-жылдардағы тас қараңғы жолдарға қазір шамдар орнатылған. «Қызылтаң», Дәрімбаев атындағы орта мектептер заманауи жаңа ғимараттарға көшірілген. Өңірде балабақшалар көптеп бой көтеруде. Мән берсек, мұндай жағымды жаңалықтар ел ішінде өте көп. К.Өмірбайдың айтуынша, бес уақыт намазын үзбей оқып жүрген 102 жастағы Қаржау ақсақал жасының егделігіне қарамастан әлі тың, ширақ. Көнекөз қария мерекемен құттықтап келушілерге ризашылығын білдіріп, бата берді. «Намазымның соңында Құдайдан әрдайым елімізге тыныштық берсін, халқымыздың ауызбірлігін нығайта гөр деп сұраймын», – дейді ақсақал. Асықата саз мектебінің мұғалімі, «Шаңырақ» отбасы клубының мүшесі Гүлзипа Белісбаева домбырамен қарияға арнап Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйін, сонымен бірге Әбдінасыр Әбдірайымовтың «Тасынба, көңілім, тасынба» және өзінің «Бейбіт күніміз жасасын» әнін орындап берді. К.Өмірбай Қаржау қарияның газет-журналдарды көзілдіріксіз оқитынын ескеріп, қазақ басылымына тегін жаздырып беруге уәде етті. Данагөй қарт өнерден қаражаяу адам емес екен, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі, жас күнгі әндерін есіне алды. Аталарының әндерін әрі қарай немерелері жалғастырып, қасиетті қара домбыра тоқтаусыз күмбірледі. Жастайынан ат бәйгесіне қатысқан шабандоздың жолын бүгінде 23 жастағы Ағәділ немересі жалғастырып жүргенін естідік. «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» демекші, дастарқанынан қымыз, қымыран үзілмейтін үйдің балалары да қазақы тәрбиемен сусындап өсуде. Сапаровтар әулеті – көпбалалы, ынтымағы жарасқан отбасы. Жары Жұмакүл апамыз қайтыс болғаннан кейін шиеттей бала-шағаға өзі ата да, ана да болған қарияның сол ниетіне қарай келіндері иманды, ибалы, ал немерелері балаларынан артық тәтті. Сапаровтар отбасы өздеріне тиесілі 3 гектар суармалы жерге қарбыз еккен болатын. Бақша дақылының биылғы түсімі жақсы. Одан қала берді ірі қара малға, қойға кенде емес. Етті, сүтті сатып алмайды. Мұнан соң Мақтаарал аудандық архиві Мырзакент бөлімінің басшысы, «Шаңырақ» отбасы клубының мүшесі Р.Әбілдаханова, Мырзакент емханасының бас мейірбикесі Г.Мырзаева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері М.Абдулина мен А.Досқараева, тыл ардагерлері М.Бирючевская мен А.Гурованың үйлеріне барды. Мария Игнатқызы – 91-ге, ал Антонина Андрейқызы биыл 96 жасқа келгеніне қарамастан қос ардагер үйлерінде қол қусырып қарап отырмайды, үйіргелік телімінде көкөніс өсірумен айналысады. «Еңбек еткен адам ешқашан қартаймайды» деген ұстаныммен өмір сүрген ардагерлерге «Шаңырақ» отбасы клубының жетекшісі Камира Сламбекқызы мен Рәбиғаш Аралқызы сыйлықтар тарту етті. Қазір мейірім азайып, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауды ұмытып барамыз, деген жанайқайды жиі естиміз. Алайда, сүйіспеншілікке шөліркеген жанның құшағын гүлге толтырып, қуаныш сыйлау адамдардың өздерінің қолдарында емес пе? Адами айнамыз азғындықтан аз айғыздалған жоқ. Туған перзентінен, ата-анасынан тірідей жүз үйірген безбүйректер жүр. Қазақта туған әке-шешесін Қарттар үйіне тапсыру бұрын-соңды болып па еді. Бірақ, соған қарамастан, оларды мұндай мекемелерге өткізу көбеймесе, кемімей отыр. Ал ауылдағы қарттарды қамқорлыққа алған «Шаңырақтың» шарасы бұл ретте басқаларға үлгі-өнеге боларлық. Ардагерлер мен қариялардың есігін тек Қарттар күні мерекесінде ғана қақпай, қайырымдылыққа мұқтаж жүректерге мейірімімізді күнде арнауды жазсын лайым. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ