Биыл сегізінші рет өтетін «Өрлеу» байқауы Алматы қаласына ғана емес, жалпы еліміздің әлеуметтік және қоғамдық өмірінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық салаларда айтарлықтай табысқа жеткен үкіметтік емес ұйымдардың еңбегін бағалауды мақсат тұтады. «Өрлеу» байқауын Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақпараттық-ресурстық орталығы» дәстүрлі түрде өткізіп келеді.
Бұл байқауды ұйымдастырудың өзіндік себебі бар. Елімізде санда бар да, санатта жоқ, тіркеліп алған соң қағаз жүзінде өмір сүріп, қоғамдағы тынысы сезілмейтін үкіметтік емес ұйымдар жетерлік. Олар немен айналысады, қоғамға қажетті қандай шаруа атқарды, қаржысы қалай жұмсалып жатыр – есебі ешкімге аян емес. Керісінше, кейбір белсенді үкіметтік емес ұйымдардың білек сыбана кірісетін елжанды жанашыр жұмысы өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы болып жатады. Құжатта белгіленген қызметінен де көп жұмыс тындыратын олардың кейбірі үкіметтік ұйымдардың өзінен артық жұмыс істеп, сапалы жұмысымен сенімге ие болған. Халық үшін пайдалы іс жасап, қоғамдағы самарқаулық пен енжарлыққа қарсы өз баламасын ұсынып, елді ынталандырып, қозғалысқа келтіретін қызметіне көпшілік те риза. «Өрлеу» байқауының басты мақсаты да осы, бір жағы, сайда саны, құмда ізі жоқ Үкіметтік емес ұйымдарды тауып, қоғамға таныстыру болса, екіншіден, белсенділерінің жұмысын лайықты бағалап, олардың атқарып жатқан ісін халыққа жеткізу болып табылады.
«Өзге өңірлермен салыстырғанда, Алматы қаласында ҮЕҰ-ның аса көп бөлігі шоғырланған. Үкіметтік емес ұйымдар білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты, экология, ғылым мен мәдениет, гендер мен әлеуметтік қорғау, құқық қорғау мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдесу салалары бойынша әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді», – деді «Ақпараттық-ресурстық орталықтың» директоры Алтынай Көбеева. Байқау Тәуелсіздік жылдары барысындағы тың идеяларды, бастамалардың инновациялылығын, шешімдердің нәтижелілігі мен жүйелілігін көрсете білген ең үздік әлеуметтік серіктестерді анықтайтын болады. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың биылғы жылда жүзеге асырған үздік жобалары аталып өтеді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ