Мексиканың Депутаттар конгресінде (Мексика парламентінің төменгі палатасы) Қазақстанның Мексикадағы елшілігінің бастамасымен «Мексика-Қазақстан» парламенттік достық тобы құрылды.
Жақында Мексика заң шығарушы органының ғимаратында Қазақстанның Мексикадағы елшісі Андриан Елемесовтің және елшілік дипломаттарының қатысуымен аталған топты құрудың ресми рәсімі болып өтті. Іс-шараға сондай-ақ Конгресс депутаттары – «Мексика-Қазақстан» тобының мүшелері, Мексика Сыртқы істер министрлігінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімді «Мексика-Қазақстан» тобының төрағасы, Мексика Парламенті төменгі палатасының депутаты Хосе Рефухио Сандовал Родригес кіріспе сөз сөйлеп ашты. Өз сөзінде ол Қазақстанды «Орталық Азиядағы ең дамыған мемлекет және әлемдегі ең тартымды инвестициялық орталықтардың бірі» деп атады.
«Қазақстанның стратегиясы халықтың әл-ауқатының негізін қалайтын және елдің индустриялық даму базасына ықпал жасайтын бизнес-климат пен саяси тұрақтылықты дамытуға бағытталған. Қазірде мемлекеттеріміздің алдында ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер тұр. Мексика Парламенті төменгі палатасының депутаттары екіжақты қатынастарды одан әрі белсенділендіруге жағдай жасайтын Қазақстан-Мексика достық тобын құру туралы шешім қабылдады», – деді Хосе Родригес.
Елші А.Елемесов өз кезегінде Қазақстан Республикасының басты жетістіктері, еліміздің халықаралық қатынастардағы рөлі, бейбітшілікті сақтау мен қарусызданудағы негізгі бастамалары, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық климатты жақсарту бағытында қолға алып жатқан шаралары туралы баяндап, екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың келешегі жайында әңгіме өрбітті.
Іс-шараның соңында «Мексика-Қазақстан» парламенттік тобының ресми құрылғаны туралы жарияланып, оны растау ретінде тараптар Құрылтай актісіне қол қойды. А.Елемесов сондай-ақ Мексика Парламенті құрметті қонақтарының кітабына естелік жазба қалдырды.
«Егемен-ақпарат»