«AllurGroup» тобына жататын «СарыарқаАвтоПром» зауыты әлемдік өндірушінің брендімен автобус шығаратын болды. Қыркүйек айының ортасында Астанада өткен ІV машина жасаушылар форумында қостанайлық зауыт машина жасау саласындағы айтулы компаниялардың бірі – Ankai автобусын өндіретін ANHUI ANKAI AUTOMOBILE CO және Татарстанның машина жасау кластерінің көлік жабдықтайтын өндірушілерімен меморандумға қол қойды. Екі зауыттың арасындағы келісімшарт бойынша қала ішінде жүретін Ankai жолаушылар автобусы ірілей жинақтап құрастырылады. Компания Ankai маркалы автобусты және оған қажетті техникаларды дайындаумен, нақ осы маркалы автобустың қосалқы бөлшектерін өндірумен айналыспақ. Келісімде көрсетілгендей, «СарыарқаАвтоПром» зауыты таяу уақытта аталған марканың дизель отынымен жүретін Ankai GK39 және Ankai GK39С (CNG) серияларын өндіруге кіріскелі отыр. Қала ішінде жолаушылар тасуға арналған бұл автобустардың ұзындығы 8, 10,5 метр болады, қорап ұзындығына қарай ішінің кеңдігі де әртүрлі, кемінде 80 жолаушы сияды. Ankai маркалы автобустардың жаңа буыны технологиялық заманауи талаптардың барлығының үдесінен шығады, газбен де жүреді, бұл қала экологиясының серпілуіне оң әсер етеді. Сонымен қатар қоғамдық көліктің жаңа түрінде қарт кісілер мен мүгедектердің мініп-түсуін жеңілдететін пандус та ескерілген.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, Ankai автобустары болашақта ірілей жинақталып құрастырылудан біртіндеп ұсақтай жинақтауға көшіріледі, бұл өндірісте қазақстандық үлес салмағы арта түседі деген сөз. Ankai өндіруші компания бұл күнде «СарыАрқаАвтоПром» зауытына білікті инженер және техникалық мамандарын жіберді. Олар жергілікті мамандар мен жұмысшыларды жаңа өндірісті жүргізу технологиясының нұсқаулықтарын оқытуға, үйретуге кірісті. Алдағы уақытта зауыттың бұл өнімі Ресей мен Беларуське экспортталады. Қостанайлық зауыт пен ANHUI ANKAI AUTOMOBILE CO компаниясының бірлескен жобасы болашақта құрастыратын автобустар аталымын көбейтуді де ойластыруда. Олар тек қала ішінде жүретін емес, туристерге, мектеп оқушыларын тасуға бейімделген және қалааралық бағыттарға қатынайтын автобустар түрін құрастырмақ.
«СарыАрқаАвтоПром» зауытында сапқа қойылатын автобустың бағасы 26 миллион теңге тұрады. Оларды сатумен айналысатын AllurAuto компаниясы тұтынушыларға лизинг секілді қолайлы қаржылай жағдай туғызуға әзір.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ