• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2016

Tәуелсіздіктің тәтті жемісі

291 рет
көрсетілді

Қазақ – тәубешіл халық. Ерте­ректе үлкен аталарымыз «Алла, осы көрсет­кеніңе шү­кір» деп отыратын. Жастық шақ­тары қалай өткенін анық біле бермейміз ғой, Құдайға шүкір­шілік айтып отырған кезі­нің өзі бүгінгідей ақ түйенің қарны жарылған, қой үстіне бозт­орғай жұмыртқалаған заман емес еді. Ел әлі де қоңторғайлау тұра­тын. Ауыл­дарда машинаның мықтысы «Моск­­­вич», ал «Жигули» дегені­ңіз ілу­де біреу. Қоржын тамдарында жасау­лы жиһаз да жоқ. Тапқаны тама­ғынан көп ар­тыла бермейді. Кейі­нірек, «апыр-ау, аталарымыз неткен қанағатшыл болған» деп ойладық. Ат жалын тартып мінгеннен кейін ой мен қырға көз жіберсек, киіз туыл­дырықты алаш ба­ласының көрмегені жоқ екен ғой. Патшалық Ресей­дің соңғы жылдары мен Қызыл империяның күш алған жыл­дарында Орталық Азия ха­лық­тарының ішінде халқының саны жағынан ең көбі қазақтар болыпты. Ахаң – Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Әлхамдулла, біз қазақ алты миллион болдық» деп шүкіршілік әрі мақтаныш қылған 1916 жылдан бері өскенімізде, демограф Мақаш Тәтімов есептегендей, бүгінде 40-45 млн халық болып жайқалып тұрғандай екенбіз. Қазақты патшалық Ресей де аяған жоқ. Қызыл террор кезін­де, біздегі сол им­перияның қызы­ғын көріп, дүниеге тойын­­­ған­дар ғана аңсайтын Кеңес өкі­­ме­­ті­­нің кезінде қынадай қыры­лып қалдық... Бүгінгі күніміз тәуелсіздіктің ар­қасы. Өкініш­тісі, бізде әлі күнге дейін сақа­лына шіркей ұялап, ел, жер қор­ғап ат үстінен түс­пеген ата-баба­ларымыз армандап өт­кен тәуел­сіз­дік қадірін түсін­бей­тін­дер бар­шылық екен­дігі қобал­жы­та­ды. Олар үшін бәрі оңай сияқты. Бүгінде Қазақстан өз алдына жеке мемлекет болып жай­қалып өсіп, тұғы­ры бекем, мақ­саты айқын, келешегі кемел ел болса, біз ең алдымен осы Тәуел­­­сіздік қазығын қаққан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қадір-қасиетіне жете білуіміз керек. Өйт­кені Қазақ­­стан­ның бүгінгі жетіс­тік­­тері­­нің бәрі Елба­сының сарабдал сая­­сатының арқасы екендігін көзіқара­қты жандар біледі. Осы орайда, Алаш бала­сы алаңсыз болу үшін төрт құбы­ла­мызды түгелдеп, басқа мемлекеттермен шектесетін шекараларымызды шегендеп берді. Тәуелсіздік алған жылдары жергі­лікті халықтың үлес салмағы 40 пайыз­ға да жетпейтін қазақтың шекарасын шеген­деу Елбасына оңай түскен жоқ. Біз мұны белгілі қоғам қайраткері, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахмановтың Елбасымен тікелей сұхбаты­на құрылған «Өмір өткелдері» кітабын оқығанда тағы да аны­ғы­рақ түсіне түстік. Дипломатия – айла ғана емес, мық­ты бай­лам, орынды ұсы­нысты екі жақ­тың да жүй­кесіне салмақ түсір­мей, тиім­ді шешу­дің сара жолы. Қазақ­стан Пре­зи­денті осындай күрделі мәселе­лер­ден өзі­нің тапқырлығы арқылы жол тауып, қазақ жерін бөлшектеуден аман сақтап қалды. Осыны жас ұрпақ түсініп, елін, жерін қадірлесін деген мақсатта қайта еске түсіріп отырмыз. Өйткені, Тәуелсіздіктің жолы жеңіл болмағанын жас ұр­па­ғымыз оншалықты біле бер­мейді. Білмеген жерде қаді­ріне жетпеу басталады. Ал Тәуел­сіздіктің тәтті жемісі тур­алы айтар болсақ, әрине, ұзақ­қа кетеміз. Ең бас­тысы, көр­ші елдеріміздің ұл-қыз­дары жұ­м­ыс іздеп шетке кеткен­де, бірде-бір қазақ баласы ешкімге тәуел­­ді болған жоқ. Ормандай Ота­нында абы­ройымен отырды. Тәуел­сіздіктің жетіс­т­ік­терін әр ай­мақ­тың дамуынан, қол жет­кізген жетіс­тіктерінен көруге болады. Мысалы, халқының саны жағынан республикада алдыңғы орын алатын Оңтүстік Қазақстан облысында екі-үш қана емес, төрт ауысымды мектептердің көп болғандығы бүгінде ертегі сияқты. Кезінде ілдалдалап балшықтан салған апатты мектептер де көп болатын. Мемлекет басшысының «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­­дарламасы осы жағдайды түбе­гейлі шешуге мүмкіндік туғыз­ды. Жыл сайын 20-25 жаңа мек­теп пайдалануға беріліп келеді. Об­лыс­тың тек биылғы жылғы ғана әлеу­меттік жетістіктеріне келсек, көңіл тоғай­татындай жұмыстар бар. Әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, 8 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Облысымызда әлемдік меди­цинадағы озық технология­лар пай­­да­ланылуда. Балалар қан тамыры хи­рур­­гиясын дамыту қолға алынды. Меди­­ци­налық қыз­меттің сапасын жақсар­ту мақ­сатында қызметкерлердің білік­ті­лігін арттыруға көңіл бөлі­ніп отыр. Есепті кезеңде нәрес­­те­лер өлім-жітімі – 13 па­­йызға, қан айналымы аурулары – 15 па­­­­йызға, туберкулез – 24 пайыз­ға, он­ко­па­то­­логия 2 пайызға төмендеді. Білім беру саласында үстіміз­дегі жылы 37 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, жалпы саны 1 561 бірлікке артты. Бүгінгі таң­да 42 мектеп, 6 бала­бақ­ша іске қо­сы­лып, нәтижесінде 11 апат­ты жа­ғ­дайдағы, 9 үш ауысым­ды мек­теп­тердің құрылысы аяқталды. «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында жарты­жыл­дықта 33 383 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында 790 мың шаршы метрлік 262 үйдің құры­лысы жүр­гізіліп жатыр. Биыл 252 мың шар­шы метрлік 151 үй пайдалануға бері­леді. Облыста рес­публикамыздың эконо­микалық қуатын еселейтін, шикізатқа тәуелділіктен құт­қаратын индустриялық аймақтар табысты жұмыс жасап жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы­ның жалпы өнімі 123 млрд теңге­ге жет­кендігінде мемлекеттік қол­­дау­дың орны айқын бай­қала­ды. Қазірдің өзінде 4 мыңдай ұсақ шаруа қожалығы 47 кооператив­ке бірікті. Аудан, қалалар­да МТС-тер ашылып, қуатты тех­ника­лар шаруаларға қызмет ете бастады. Бұлар – бір облыста болып жатқан жағдайдың көрінісі. Тәуел­сіздіктің тәтті жемісін жеу деген осы. «Тарих – біздің халқымыздың сақ пен түркінің, Қазақ ханды­ғының дәуі­­рінде, Ұлы Отан со­ғысы кезінде көрі­ніс тапқан ұлы күресінің куәсі. Бұл – біз­дің өт­кеніміз және тағдыры­мыз. Баба­­ларымыз ұмтылған аңсар­лы мақ­сат – Тәуелсіздікке біз­дің ұрпақ қол жет­кізді. Сондық­тан да бұл күн тұтас ұрпақ­тар­дың орындалған арманын білдіретін қуанышты әрі маңызды мереке болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік пен тең­дік, егемендік пен мемлекеттілік – кез кел­ген халық үшін аса құнды ұғым­дар. Біз осы тағдырды қабыл алып, бір­лік пен еңбек арқылы тарихи жолымыз­бен шы­­ғын­сыз жүріп келеміз. Еліміз егемен­ді­­гін нығайтып, Мәңгілік Ел болу­ға бағ­дар ұстады. Сондықтан Тәуелсіздік кү­ні – барша Қазақ­стан халқы мен әлем­нің бар­лық түкпіріндегі достарымыз үшін ұлы мереке», – деді Қазақстан Президенті. Кейбір мемлекеттердің ға­сыр­­лап өтетін тарих жолдарын ширек ғасырда жүріп өтіп, әлемге танылған Қазақстан үшін ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күні. Сондықтан, Алашымыздың басынан бақ таймай, көсегесі көгере берсін деп тілейміз. Қайрат Балабиев, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты