• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2016

Шындыққа негізделген картина

416 рет
көрсетілді

Жуырда «Хабар» арнасында «Ақылдың кілті. Өмірдастан» телеэпопеясы екінші маусымының тұсауы кесілді. Тәуел­сіздіктің 25 жыл­дығына арналған картинада қазақ халқының әртүрлі кезеңдерде бастан өткерген талайлы тағдыры суреттеледі. Бұл режиссер Мұрат Бидо­сов­тың екінші жұмысы. «Ақыл­дың кілті. Өмірдастан» теле­эпопеясының алғашқы маусымында XIX ғасырда  жасаған үш буынның өмірі көрсетілсе, екінші маусым пареллель сюжеттік желіге құрылған. Біріншісінде оқиға XIX ғасыр, қазақтың соңғы ханы Кенесары, қазақ даласындағы көтерілістер төңірегінде өрбиді. Ал екінші сюжеттік желідегі оқиға өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан басталып, Қазақстан тәуел­сіздік алған кезбен астасады. «Тарихи эпопеяның ма­з­мұны өте күрделі, маңызы зор. Фильмді тарихи оқиғаның көр­кемдік шешімі деп қабылдаған жөн. Дәл осылай болды деп айту қиын. Бірақ тарихи оқиғалардан ауытқу болған жоқ. Ол тұрғыда тарихшылар көп кеңес берді. Ешқандай фактілер бұрмаланбады. Бірақ бәрібір тұнық көркемдік шығарма деп қабылдау қажет. Сол замандағы би-бо­лыстардың арасындағы жанжал, тұтас бір ұлттың басына төнген қиындық, қазаққа деген  патшалық Ресейдің өктемдігі, қырғыз манаптарының жайы, солардың бәрін жиып, сол уақыттағы саяси ұстанымды беруге тырыстық», дейді Мұрат Бидосов. Сюжет желісіндегі екінші оқиғаның да басты кейіпкері өмірден алынған. Режиссердің айтуынша, фильмдегі кейбір оқиғалар Ерік Байжүнісов деген азаматтың «Әке мұраты» шығармасының желісі бойынша түсірілген. Оның қасындағы Арман, Барбос деген достарының да түптұлғасы бар. Тарихи телеэпопеяның қазақ халқы үшін маңызын алға тартқан режиссер: «Мұны тек сол кездегі тарихи драма деп қабылдамау керек. Сол дәуірдегі адамдардың қарым-қатынасы, дәстүрі, салты, бүгінгі көзбен қарағанда қан­шалықты өзгерген, ұлттың сөйлеу мәнері, айталық астарлап сөйлеу, мысалдап келтіру, тіл байлығы сынды мәселелер көтеріледі. Көрермен соған мән берсе екен деп ойлаймын», – дейді. Тарихи эпопея Жамбыл облы­сының Меркі ауданында, Шу өзені мен Алатау бөктерінде, қалалық сюжеттер Алматыда түсірілген. Эпопеядағы костюм, декорацияны баса айту керек. XIX ғасырдағы бай-болыстар, бәйбіше мен келін, атшы-қосшының киімі аса мұқияттылықпен таңдалған. Актерлер үш ай бойы киіз үйде өмір сүріп, өзеннің суын ішеді. Кино шынайы шығуы үшін тамақты да даладағы ошақта әзірлепті. Атаулы лентаға түсуге ниет білдіріп, кастингке келген үміткер саны 200-ден асқан.  Режиссер актер таңдау бырысында олардың сырт-келбетіне баса мән бергенін айтады. «Біз актерлік ансамбльге көп көңіл бөлдік. Өйткені жалғыз кейіпкер ойнамайды.  Кейіпкерлер өте көп және көпшілік көріністі сахналар жиі ұшырасады. Сондықтан актерлер арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде болмаса, түсірілім кезінде ол қиындық тудырар еді. Актерлерді іріктеу кезінде табиғилығына, ерекшелігіне, келбетінің сол заманның адамына ұқ­сауына мән бердік», – дейді Мұрат Бидосов. Басты рөлдерді Бауыржан Кап­тағай, Дарxан Сүлейменов, Ербол Ыдырысов, Әлия Даниярова, Гүлнар Жақыпова, Ви­талий Куприя­нов сынды актерлер сомдайды. Жалпы туындыны түсіру кезінде еліміздің түкпір-түкпірінен театр және кино актер­лері шақыртылған. Солардың бірі Медғат Өмірәлиев. Н.Жантөрин атын­дағы Маң­ғыс­тау облыстық музыкалық драма театр­да өнер көрсетеді. «Хабар» арна­сының көрерменіне ол «Күләш», «Қыз жо­лы» теле­хикаялары арқылы жақсы таныс. «Қабен деген колхоз төр­аға­сының образын сомдадым. Қабен өзінің айтқанын орындатпай қой­майтын, ер мінезді, іске мығым, ата-бабасынан жұққан тектілігі бар адам. Кинода ол өзінің балаларына тек жақсылықты өнеге қылып көрсетеді. Кино барысында режиссер рөлімізді барынша түсіндірген болатын, қолдан келгенше ойнадық. Бағасын беретін халық қой. Халықтың көңілінен шығамыз деген ойдамыз», – дейді Медғат Өмірәлиев. Дәстүр бойынша екінші мау­сымдағы 20 бөлімнің барлы­ғы Абайдың қара сөздерімен түйінделіп отырады. Фильмнің сценарийін жазған Арман Сқабы­лұлы, Сержан Зәкерұлы және Мұрат Бидосов. Ал музыкалық әрлеуші әнші-сазгер Сейфуллин Жолбарыс. Айта кетейік, «Ақыл­­дың кілті. Өмірдастан-2» телеэпопеясы дүйсенбі-жұма күндері кешкі сағат 19.40-та «Хабар» арнасынан көрсетілуде. Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ