Елімізде ұлттық терминологияны қалыптастыру мәселесі жүйелі жолға қойылмай, оның ішінде әлі күнге дейін терминологияның даму бағытын айқындамай, бұл саланың дамуын ақсатып отырмыз. Әсіресе, халықаралық терминдерді аудару ісінде қарама-қайшы пікірлер қалыптасуда. Оның біріншісінде халықаралық терминдерді жаппай қазақшаға аударуды қолдаса, екіншілері, егер лайықты баламасы болмаса, оларды сол күйінде тілдік айналымға қосуды құптайды. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр өтсе де біздің терминолог ғалымдарымыз бен лингвистеріміздің бұл мәселеде ортақ пікірге келе алмай отырғаны өкінішті.
Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының (бұдан әрі – Мемтерминком) осыған қатысты айқын ұстанымы жоқ. Мысалы, «процесс» деген терминнің қолданылу саласы, мағыналық аясы да кең екеніне қарамастан, оны «процесс» және «үдеріс» деп бекітті. Ал онымен түбірлес «процессор» деген сөз қалайша аударылатыны белгісіз, сондай-ақ қарапайым тіл тұтынушы қосақтап бекіткен бұл екі сөздің қайсысын аларын білмей дал болары анық.
Мемтерминкомның ұстанымындағы нақтылықтың жоқтығы 2014 жылы шыққан 30 томдық «Қазақша – орысша. Орысша – қазақша терминологиялық сөздіктен» де айқын көрінді. Оның медицина саласына қатысты 14-ші томында анофтальм – анофтальм; анофтальмия – көз алмасының болмауы; аспиратор – сорғыш аспап; аспирация – аспирация; аутоантиген – өзіндік жаттек; аутоантитело – өзіндік антидене; истерик – есірік, истерия – долылық деп аударылған. Мұндай мысалдар сөздіктің басқа томдарында да жеткілікті. Бұл жағдайдың ұлттық лингвистика, терминология саласында жасалып жатқан жұмыстарға теріс көзқарас қалыптастыратыны даусыз.
Өкінішке қарай, халықаралық терминдерді реті келсін-келмесін аудара беру де кездеседі. Мысалы, баршаңызға белгілі «террорист» деген сөзді мағынасын тура ашпаса да «лаңкес» деп аударады. Ал онымен көбінесе қосақталып жүретін «экстремист» сөзін қалай аударамыз. Не болмаса «футбол» деген сөзді «аяқдоп» деп аударып жүр. Ал бұдан басқа құрамында ағылшынның «бол» – «доп» деген сөзі бар «волейбол», «баскетбол» сөздерінің аудармасы қандай болады? Бұл сөздерді аударғанда осындай жақтарын да ескеріп, әбден елеп-екшеп қолданған жөн болар еді.
Мемтерминкомның мемлекеттік органдардың жанындағы терминология мәселесімен айналысатын секциялардың жұмысына жетекшілік жасап, салалық терминдерді қалыптастыру ісін үйлестіріп отырғанын да жөн деп санаймын. Мемтерминкомның шешімдерінің міндетті болмауына алаңдаушылық білдіремін. Қазір ол консультативтік-кеңесші орган, ал шешімдеріне міндетті сипат беру үшін оған мемлекеттік орган мәртебесін беру керек.
Асылбек Смағұлов,
Мәжіліс депутаты