• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

Бірқатар стратегиялық құжаттар қабылданған саммит

273 рет
көрсетілді

Кеше Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы  (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтті. Оған Армения президенті Серж Саргсян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев және Ұйымның бас хатшысы Николай Бордюжа   қатысты. Олар шағын құрамда өткен келіссөздер барысында 20-дан астам стратегиялық құжаттар қабылдады. ҰҚШҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары саммитінің алдында қорғаныс және сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ға мүше елдер қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары бас қосып, өзара мәжіліс құрған болатын.  Олар алдын ала саммиттің күн тәртібін талқылады. Бірлескен мәжіліс барысында қатысушылар бірлескен іс-шаралардың алдағы жылға арналған жоспарын бекітті. Қауіпсіздік кеңесі хатшылары кездесуінің басты нәтижелерінің бірі  ҰҚШҰ пішімінде террористік деп танылған лаңкестік ұйымдардың біртұтас тізімін қалыптастыру туралы мәселені талқылау болды. «Біртұтас тізімге енгізу үшін қандай да бір ұйымның ҰШҚҰ-ға мүше ел­дер­дің бірінің аумағында жүзеге асырылатын тер­рорлық әрекетке қатысы болуы негіз болып табылады»,– деп хабарлады Армения БАҚ-тары. Ал ҰҚШҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының қатысуымен өткен  сессияның өзінде тараптар Ұйымның бұрынғы саммиттері шешімдерінің жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның қазіргі төрағасы Армения ұсынған мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, аса маңызды құ­жат­­тардың бірі Ұйымның 2025 жыл­ға дейінгі кезеңге арналған басым­дықтарын айқындайтын стратегия бол­­ды. Құжатқа қол қойылғаннан кейін саммит өткізу сәтіндегі төраға Ар­ме­ния президенті С.Саргсян былай деп мәлімдеді: «Сессияның басты қоры­­тын­дыларының ішінде ҰҚШҰ ұжым­­дық қауіпсіздік стратегиясының қабыл­­дануын бөле-жара айтар едім. Құ­жат­ты дайындау үшін жұмсалған бес жылдан астам уақыт табысты аяқ­­талды». Соңғы бірнеше жыл бедерінде ҰҚШҰ өзінің орта мерзімді перс­пек­­тиваға арналған стратегиясын қалыптастыру жолында жұмыс істеді. Мамандар бүгін,  сын-қатерлер мен қауіптер айқындалып, транс­шекаралық сипатқа ие болып отырған кезде, қауіпсіздікке жауап беретін халықаралық құрылымдарға, бірінші кезекте ҰҚШҰ-ға сол қателерге қарсы іс-қимыл танытатын нақты стратегия қажет екенін атап көрсетті. Қабылданған стратегия енді Ұйым қызметінің 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған басымдықтарын бекітіп, ынтымақтастықтың қалған барлық бағыттары бойынша әрі қарайғы бағдарларын нақтылайды. Осылайша, саммитке қатысушылар мәлімдегеніндей, мүше мемлекеттер өздерінің әлемдік қоғамдастықпен қарым-қатынастарын теңдік және қауіпсіздіктің бөлінбестігі, халық­аралық қатынаста жанжалды жағ­дайларды күшпен шешуден бас тарту, туындаған проблемаларды еңсеруде басымдықты саяси-дипломатиялық тәсілдерге беру негіздерінде түзуге дайын екендіктерін тағы да қуаттады. Саммиттің келесі бір маңызды шешімі ҰҚШҰ-ның Дағдарыстық орта­лығын құру болды. Мәжіліске қатысушылардың сөздеріне қара­ғанда, қайтадан құрылып отырған Ор­талыққа жарғылық органдар қабылдаған ақпараттық-сарап­та­малық және ұйымдастыру-техни­калық шешімдер бойынша функция­лар жүктеледі. Сондай-ақ, нақты уақыт режімінде ақпараттармен алма­суды қамтамасыз ету де осы Орта­лықтың міндетіне жатады. Халықаралық терроризммен бірлесе күресудің аса қажет екен­дігін қаперге ала келгенде, ҰҚШҰ қа­уіп­сіздік жөніндегі басқа да халық­аралық ұйымдар секілді террористер бойынша өзінің дерекқорлар базасын қалыптастыру туралы шешім қабылдады. Мәселен, Ұжымдық қауіп­сіздік кеңесінің мәжілісі барысында террористік ұйымдардың тізімін бекіту туралы шешім алынып, оған «Джабхат ан-Нусра» және «ДАИШ» – Қазақ­станда тыйым салынған) секілді құры­лымдар енгізілді. 2016-2017 жылдары ҰҚШҰ-да төра­ғалық ету Беларуське өтетінін қапер­ге алған осы ел президенті Алек­сандр Лукашенко Ұжымдық қауіп­сіздік кеңесіне төрағалық кезеңінде жү­зеге асырылуы жоспарланып отыр­ған басымдықтарды көлденең тартты. Тұтастай алғанда, Еревандағы рес­ми басылымдар атап көрсет­ке­ніндей, талқыланған мәселелерге жоспарланғанынан анағұрлым көп уақыт жұмсалған. Бұл өз кезегінде  ұста­нымдарды үйлестіру кезінде қан­дай да бір күрделіліктер кездескенін аң­ғартады. Осы тұрғыдан келгенде, Ереван саммитінің күн тәртібіне енгі­зілген кейбір мәселелердің шешімін таппағанын да айта кеткен орынды. Атап айтқанда, армян тарапының Таулы Қарабақ мәселесі бойынша жеке мәлімдемесін сам­митке қаты­сушылар қабылдаған жоқ. Сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның жаңа бас хатшысын сайлау мәсе­лесі де Ұжымдық қауіп­сіздік кеңесінің келесі мә­жілісіне қалдырылды. Осылайша, Николай Бор­дюжа өзінің орнында кем дегенде осы жыл­дың соңына дейін қалатын болды. ҰҚШҰ-ның аясындағы кезекті кездесу жыл аяғында Ресейде өтеді. Сөз орайында, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымы  (ҰҚШҰ) ТМД-ға мүше елдер 1992 жыл­дың 15 мамырында қол қойған Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт негізін­де құрылған болатын. ҰҚШҰ-ға Ар­мения, Беларусь, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше болып табылады. Руслан ІЗІМОВ, саясаттанушы