Өткен 9 ай аралығында Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық арғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсіп, 73,2 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Алматыдағы баспасөз мәслихатында қор төрайымы Алина Алдамберген мәлімдеді. Атқарған жұмыстарының нәтижесімен бөліскен ұйым басшысы қордың жаңғыртылған брендін де таныстырды.
Қазақстан қор биржасы әлемдік қаржы мен құнды қағаздар нарығына нық қадам басып, отандық бренд қалыптастырғалы 23 жыл толды. Қазір KASE атауымен танымал болған ұйым ТМД елдері арасындағы нарықта екінші орынға шықса, дүниежүзілік қор биржаларының бірегейлерімен тығыз әріптестікте жұмыс жасайтын танымал орталыққа айналған. Дүниежүзілік биржалар федерациясының (WFE), Еуро-Азиялық қор биржалары федерациясының (FEAS) және басқа да халықаралық бірлестіктердің мүшесі болып табылады. Ал 2015 жылдан бастап KASE Біріккен Ұлттар Ұйымының «Қор биржаларының тұрақты дамуы үшін» бастамасына қосылған болатын. Қор биржасының басшылығы жақында 2016-2018 жылдарға арналған даму стратегиясын бекіткен екен.
Сарапшылардың бағалауынша, отандық қор биржасындағы ахуал қалыпты деңгейде сақталып отыр. Жазғы сессиялар кезіндегі сауда-саттықтың азаюы байқалғанымен, қазір нарыққа қатысушылардың белсенділігі жоғары екен. Мәселен, жалпы тоғыз ай ішінде репо, яғни бағалы қағаздарды болашақта жоғары бағамен қайта сату мүмкіндігін беретін қаржы операциясы нарығындағы тенденция үш есеге артып, 44,8 трлн теңгені құраған. Ал, акциялар нарығын капиталдандыру операциялары 7,1 пайызға өскен. Бұл өсім 1 қазандағы есеп бойынша ішкі жалпы өнімнің 33 пайызын құрап, 13,3 трлн теңгеге жетті.
KASE индексі де тоғыз ай ішінде 38,7 пайызға өсіп, жылдық мөлшердің 51,5 пайызы орындалды. Сондай-ақ, қор биржасына акцияларын шығарушылар саны рекордтық деңгейге жеткен. Осы мерзім аралығында биржаға 119 атаумен акция салуға өтінім берген 100 эмитенттің сұранысы қанағаттандырылыпты.
– Отандық қаржы нарығындағы теңге бағамының тұрақтылығы мен Ұлттық банктің ұстанымы бұған дейін шетел валютасымен жүргізілген операциялардың санын шектеді. Бұл теңге бағамындағы ақшаның көбеюіне жол ашты. Әсіресе, банктерде сақталып келген доллар теңгеге айналып, айналымдағы ақша көлемін арттырды. Нәтижесінде, биржа мен сауда-саттыққа салынған ақша көлемі ұлғайды, – деп түсіндірді бұл жайды бізге Қазақстан қор биржасы төрайымының орынбасары Андрей Цалюк.
Айтпақшы, биылғы жылдың басты жаңалығы халықтық IPO бағдарламасы бойынша саудаға шығарылған Ақтөбе металл құрылғылары зауытының акцияларын сатып алуға ынталы адамдардың күрт көбейгені болса керек. Қазірге дейін жеке инвесторлар зауыттың акцияларын 800 млн теңгеге сатып алған.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ