• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2011

Ұмытылмас есімдер

683 рет
көрсетілді

Абайтану мен шәкәрімтануға өлшеусіз үлес қосқандар баршылық десек, Әрхам Ысқақов пен Ахат Құдайбердиев сынды қос ақсақал солардың бірі ғана емес, бірегейі болатын. Биылғы жылы Әрхам Кәкітайұлының туғанына – 125,  ал соң­ғысына 110 жыл толып отыр. Осыған орай жылдың соңғы ширегінде Семейдегі Абай республикалық қорық-мұражайында «Асылдардың сынығы»  атты әдеби-танымдық тартымды кеш өтті. Абайдың баласындай болып кеткен Кәкітай Ыс­қақовтың 1909 жылы Петерборда хакім ақын­ның алғашқы өлеңдер жинағын шығарғанын көзі қа­рақ­ты оқырман жақсы біледі. Әкесі 1915 жылы қайтыс болғаннан кейін, данышпан ақынның мұ­расын жи­настыруды Әрхам өз қолына алған. Бұл кісі Абай атасы өмірден өткенде оң-солын ба­ғам­дап үлгерген, жасы жиырманы шамалаған азамат болатын. Жиырмасыншы жылдардың басында Абай өсие­тімен, жас та болса ат жалын ерте тартып мінген Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен елді оты­рық­шылыққа баулу мақсатында Бақанас өзені бой­ында заман талабына сай артель ұйымдастырған да осы кісі болатын. Игілікті шаруаның басы-қасында Шәкәрім қажының да ақылшы болып жүргені тарихтан белгілі. Соның нәтижесінде мектеп, аурухана және монша салынса, егін егіліп, мал өсірілді. Алайда елдің аузы аққа тие бастаған сәтте Ыр­ғызбай ұрпағының дүниесі қайта көбейе түсті деген жаламен қуғын-сүргінге ұшыраған. Оған жасып-жабырқамаған Әрхам араға біраз жыл салып Мұхаңның ұйғарымымен Абайдың Семейдегі мұражайын жабдықтау ісіне кірісті. Яғни, кезінде ақын тұтынған көптеген заттар Әрхамның атсалысуымен мұражайға табысталған. Сөйтіп, ақын туралы ел аузында жүрген жетпістен аса естелік жинап, мұражай қорын одан әрі байыта түс­кен еді. Атасы Абай туралы 200 бетке жуық естелік жазып қалдырған. Естелікке сол кездегі саясат салдарынан Мұхаңның әйгілі роман-эпопеясына енбей қалған оқиғаларды көптеп кездестіруге бо­ла­ды. Әрхамның бұл еңбегі әдебиетіміздің жана­шы­ры, белгілі сыншы-ғалым Есмағамбет Смайылов­тың тарапынан лайықты бағаланған. Әрхам Кә­кі­тайұлы сонымен қоса, Абай ұрпақтары жөнінде мол мағлұмат жинастырған болатын. Ал 1945 жылы жарық көрген ақынның академиялық толық жинағын шығарысуға да қызу атсалысқан. Әрхам ақсақалдың абайтанудағы еңбегі жөнін­де айта берсе, әңгіме көп. Кезінде Жидебайда Абай тұрған үйдің макетін нақтылап берген де осы кісі болатын. Кейіннен Жидебайдағы ақын мұра­жайы сол макет үлгісімен қайта салынған. Әрхам­ның Абай тәрбиесімен шығармашылықпен, дойбы, тоғызқұмалақпен айналысуы өз алдына бір әңгіме. Ол бұл ойын түрлерінен тек облыс, республика ғана емес, Орта Азия жеңімпазы атанған. Енді Шәкәрімұлы Ахат ақсақалға келетін бол­сақ, бұл кісі жолы бөлек адам болатын. Ол Шә­кәрім қажының өшпес мұрасының бүгінгі күнге жоғалмай жетуіне айрықша еңбек сіңірген жан. Сол мақсатпен ол әкесінің өлеңдері мен дас­тан­дарын республикалық Ғылым академиясына, ал ән мұрасын академик Ахмет Жұбанов арқылы кон­сер­ваторияға табыстап кетті. Яғни, Ахат ақсақал әкесінің мол мұрасы түптің түбінде халқына асыл қазына болып қайта оралатындығына сенген. Мұны бір десек, екіншіден, әкесінің отыз жыл құрқұдықта жатқан сүйегін бір түйіріне дейін қалдырмай аршып, жинастырып алып, Жиде­бай­дағы ағасы Абайдың жанына арулап қайта жерлеуі Ахаңның өлшеусіз ерлігі десе де болады. Өйткені, бұл шақта 1959 жылы ақталған Шәкәрім қажы есімін атауға қайтадан тыйым салынған болатын. Ахат ақсақалдың өзі де шығармашылықпен ай­налысқан адам. Ал ұстаздық қызметі мұны қанша қудалағанмен, сол кездегі өкімет тарапынан лай­ық­ты бағаланған. Ол өмірінің соңғы жылдары Жи­де­байдағы Абай мұражайының меңгерушісі, одан бергі кезеңде мұражайдың Семей қаласындағы басты ғимаратында қызмет етіп, абайтану ғылымына зор еңбек сіңірген. Міне, осы туралы аталған мұражайда өткен әсерлі кеште тартымды баяндама жасаған мұражай қызметкерлері Шынар Садықова мен Айтжамал Арықбаеваның, басқа да естелік айтқан адам­дар­дың сөздерінде жан-жақты қозғалды. Кешке қа­тысушылар ақын мұражайының жетпіс жылдығы аясында өткен бұл шараға риза болып тарасты. Кеш Абай, Шәкәрім әндерімен өрнектелді. Абай, Шәкәрім әлемін зерттеу бір күнге сыймайтын ауқымды шара десек, осындай игі істердің қа­жет­тілігі айтпаса да түсінікті. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.