Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметте селекторлық кеңес болып өтті. Онда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010 жылы іске қосылған инвестициялық жобалардың жағдайы мен 2011 жылы жүзеге асырылатын жобалар талқыланды. Сондай-ақ 2011 жылдың нақтыланған бюджетін жүзеге асыру туралы қаулы қабылданды.
Тұрақтылық пен дамудың бір негізі жұмыс орындарының ашылуына тәуелді. Өйткені жаңа жұмыс орындарының ашылуы әлеуметтік жағдайды түзеуге де сеп. Үкіметтің осыған дейін жүзеге асырып келген дағдарысқа қарсы бағдарламалары аясында түрлі жобалар жүзеге асырылып, инвестициялар тартылды. Өткен жылдың еншісіндегі жетістіктер мен атқарылған жұмыстарды сараптауды алдымен Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау бастады. Биыл Индустрияландыру картасы аясында құны 715 млрд. теңге болатын 71 жоба іске қосылатын болады. Іске қосылатын жаңа нысандар құрылысын жүргізу барысында уақытша 18,6 мың жұмыс орны ашылса, кейін оның 18,5 мың жұмыс орны тұрақты болмақ. Вице-министрдің айтуынша, индустрияландыру картасына облыс әкімдерінен 300 жаңа жобаларға өтініш түссе, оның 206-сы биылғы жылға тиесілі.
2010 жылы құны 800 млрд.теңгеден асатын 152 ірі жоба іске асырылған көрінеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған 30 нысан өзінің жобалық қуатына шыққан. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, мұны индустрияландыру бағдарламасында жүзеге асырылған жобалардың тәуелсіз мониторингін жүзеге асыратын Сауда-өнеркәсіп палатасының мәліметі растайды. Дегенмен вице-министр өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосылған кәсіпорындардың кейбірі өнім шығаруға кірісе қоймағандығын да айтып өтті. Олардың қатарында Орал ГКЖ, Степногор қаласындағы жылу кешені және басқалар бар. Кейбір жобалар бойынша алғашқы байқау немесе өндірістің маусымдық сипаттамасын есепке алу керек. Сондай-ақ өндірісті қосу мен соңғы өнімді шығару барысында белгілі уақыт керектігі және бар. Альберт Рау Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Статистика агенттігімен біріге отырып жобалардың жүзеге асырылуына сараптама жасап шыққандығын жеткізді.
Индустрияландыру картасы аясында биыл 71 жобаның жоспары бекітілді. Құны 715 млрд. теңге болатын жобаларды жүзеге асыру барысында 18,6 мың уақытша жұмыс орны ашылатын болса, жаңа тұрақты жұмыс орны 18,5 мың болады деп жоспарлануда. Альберт Раудың айтуынша, биылғы жобалардың 12-сі ірі көлемдегі жобалар. Олардың жалпы құны 330 млрд. теңгені құрайды. Құрылысын салу барысында 9 мың адам уақытша жұмыс орнымен қамтылса, оны қолданысқа енгізу кезінде 6 мың адам жұмысқа орналаса алатын мүмкіндік тумақ. Олардың шінде Алматы облысындағы Шарын өзеніндегі Мойнақ ГЭС-і, Маңғыстау облысындағы “Өзен-Түркіменстан шекарасы” темір жол желісі, Алматы облысындағы “Жетіген-Қорғас” темір жолы, Жамбыл облысындағы Ақбақай алтын өндіретін фабрикасының өнімділігін жылына 2,8 тоннаға жоғарылату, ШҚО-да былғары және тері өнімін өндіретін комбинат салу, Атырауда металлпластикалық құбыр шығаратын зауыт және басқа жобалар бар. Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, индустрияландыру картасын жүзеге асыруға бөлінетін қаржы жыл сайын еселеніп келеді. 2009 жылы 500 млрд. теңге болса, 2010 жылы – 800 млрд. теңге қарастырылған. Ал биылғы жобаларға біз 1,5 трлн. теңге инвестиция құйылады деп болжап отырмыз, деді ол. Биыл индустрияландыру картасы бойынша 37 мың жұмыс орны ашылатын болады.
Селекторлық кеңесте Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев 2011 жылы іске қосылатын жобаларға тоқтала келіп, олардың кесте бойынша жүріп жатқандығын жеткізді. Ал Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Көксарай су реттегіші бойынша мәселе жоқ екендігін айтып өтті. Аталмыш су реттегіш өзіне 3 текше километр су қабылдай алады. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, Қызылорда облысы бойынша су тасқыны қаупін тудырмай су жинаудамыз. Қазіргі күні Көксарай су реттегішінде 650 миллион текше метр су жиналды, деген Владимир Божко салаға бөлінген 10 млрд.теңге уақытымен игеріліп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында іске қосылатындығын айтты.
Индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша есепті тек сала басшылары ғана емес, облыс әкімдері де тапсырды. Облыс басшыларының берген ақпараты бойынша кейбір өңірде жобалар іске асырылып жатса, енді бірі екінші жартыжылдықта жүзеге асырылмақ. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыста 2010 жылы құны 37 млрд. теңгені құрайтын 9 индустриялық жоба бойынша кәсіпорын іске қосылғандығын жеткізді. Бұл нысандар бойынша 1200 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал биыл 10 ірі кәсіпорын іске қосылады. Құны 86,6 млрд.теңге көлемінде болатын осы кәсіпорындарда 3200 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ірі жобалардың ішінде атап өтері “Өзен-Түркіменстан шекарасы” темір жолы учаскесі, “Қашаған” жобасы бойынша теңіздегі мұнай операцияларын қамтамасыз ететін тас шығаратын зауыт, Маңғыстау еркін экономикалық аймағы үшін маңызы жоғары фармацевтикалық кешен. Кешен қажетті дәрі-дәрмектерді шығарумен айналысатын кәсіпорын болмақ. Бұл жобалардың аймақтың тек мұнай мен газ емес, басқа да экономикалық келбетін қалыптастыруда алатын орны зор.
«Самұрық-Қазына” ҰӘҚ басшысы Қайрат Келімбетов пен “ҚазАгро” холдингі де индустрияландыру картасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады. Альберт Рау наурыздың соңына дейін индустрияландыру картасын шағын және орта бизнес жобаларын есепке ала отырып жаңа жобалармен толықтыру жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Қазіргі күні министрлікке картаға қосымша бекітуге 303 өтініш түскен. Оның 206-сы 2011 жылғы жобалар бойынша, оның ішінде, 70 өтініш биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосылатын жобалар бойынша, деді ол.
Үкімет басшысы Елбасына маусым айының соңында индустрияландыру бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тапсырады. Осыған орай Кәрім Мәсімов облыс әкімдері мен сала басшыларына жете дайындалуды тапсырды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.