БҰҰ-да көк байрақ көтерілген күн
1992 жыл, 2 наурыз. Бұл – Қазақстанның жаһандық аренадағы жұлдызы туған, жарқырап жанған күн! Тәуелсіз Қазақстанның басқа мемлекеттермен тең атаның ұлындай тіл қатыса алатынын айдай әлемге дәлелдеген сәті осы 1992 жылдың 2 наурызындағы дүйсенбісіне тап келді. Дәл осы күні Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. Жаңа мүше ғана емес, БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясында сол кезеңнің ең өзекті халықаралық проблемаларына қатысты өзіндік ұстанымы бар, ұстанымын айдай әлемге қаймықпай қарап айта алатын мемлекет ретінде мүше болды. Бабаларымыз «Ұлыстың ұлы күні келеді, күн мен түн теңеледі» деп қадірлеген наурыз айы бүгінгі ұрпағы үшін де ерекше құтты болғанын қараңызшы! Күн мен түн теңелген күні әлемнің өзге елдерімен тереземіз теңелді емес пе?! Сонымен, БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының пленарлық мәжілісінде Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау туралы шешім шығарылды. Шешім дауыс берусіз, бірауыздан мақұлданған-ды. Мемлекеттің Ұйымға қатысты тағдыры шешілген бұл рәсімге қалыптасқан тәртіпке сай, Қазақстан делегациясы қатыстырылмады. Осы рәсімнен соң ғана Ұйымның хаттама бөлімінің басшысы Қазақстан делегациясын Бас Ассамблеяның мәжіліс залына бастап кірген. Мәжілісте бірінші болып сөз сөйлеген – еліміздің тарихында нәзік жандылардан шыққан ең алғашқы елші Ақмарал Арыстанбекова болатын. Ақмарал Арыстанбекова сөз басында ұлттар қоғамдастығына мүше барша мемлекетке осы шешімі үшін шынайы ризалығын білдірді. – Республика Ұйым Жарғысы бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді мүлтіксіз орындайды және оның мақсаттары мен принциптеріне сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметіне лайықты үлес қосу үшін бар мүмкіндікті жасайды. Дүние жүзінің картасында жаңа елдер пайда болып жатқан шын мәніндегі тарихи өзгерістердің қазіргі кезеңінде Қазақстан халқы өзінің демократиялық құқықтық мемлекет құруға бел байлағанын паш етті. Біздің ел жалпыға бірдей адам құқығы декларациясында бекітілген жеке адамның құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, дүниежүзілік қоғамдастыққа лайықты енуге, дүниежүзілік экономикалық кеңістіктің ажырамас бөлігі болуға ұмтылуда. Бұл үшін Қазақстан қажетті экономикалық әлеуеті, аса бай табиғи ресурсы бар, ашық нарық экономикасы бар өсіп-өркендеген мемлекет құру мақсатымен, терең экономикалық өзгерістер жолымен жүруге әзір, – деді Ақмарал Арыстанбекова. Әуел бастан, Қазақстанның миссиясына Азия мен Еуропа арасында, Батыс пен Шығыстың ұлы мәдениетінің қақ ортасында өзіндік алтын көпір болу жазылған. Осы миссияны абыроймен атқарып келе жатыр деуге әбден болады. Еліміз өзінің бейбітшілікке негізделген сыртқы саясатын жүргізіп, барлық мемлекеттермен арадағы қатынасын халықаралық құқық принциптері негізінде іске асырды. Досқа құшағы ашық екенін танытты һәм мойындатты. Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану үдерісін ұстанатынын нық жариялады. Аз уақыт ішінде көптеген мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің (ЕҚЫК кейін ЕҚЫҰ-ға айналды) толық құқылы қатысушысы болды. БҰҰ мінберінде біздің елдің БҰҰ-ға, оның тұрақтандырушы рөлін нығайтуға табанды түрде бет бұрған, бітімшілік қызметін жетілдіру үшін нақты қадамдар жасаған ел ретінде еніп отырғанын атап көрсетті. Сонымен, тарихи сипатқа ие мәжілістен кейін БҰҰ штаб-пәтерінің алдында салтанатты рәсім өтіп, Қазақстанның Мемлекеттік туы көтерілді. Мұхиттың арғы бетіндегі алып елдің төрінде, жер-жаһанның түкпір-түкпірінен жиылған елдердің көз алдында Қазақ елінің Көк байрағы желбіреді. Бұл мемлекеттік туымыздың аса мәртебелі саяси оқиғаларда көтерілуінің басы болатын.«БҰҰ-ның биігінде – біздің басшы»
Жоғарыда тілге тиек еткен тарихи оқиғадан кейін арада аттай заулап алты ай өткенде «Егемен Қазақстанның» бірінші бетінде дәл осылай сүйінші сұраған мақала жарқ етті. Авторы Президент пулымен бірге жүріп, Нью-Йорктен сүйінші сұраған басылымның сол кездегі белді журналисі, бүгінде есімі жалпақ елге мәлім публицист Қайнар Олжай болатын (№231, 7.10.1992 ж.). Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөз сөйледі. Сөз жоқ, Тәуелсіз елдің тарихындағы мәртебелі сәт. Жаңа мүше Ұйымға қандай жаңалық алып келді? Өзінің үнімен, ұстанған бағытымен таныла ала ма? Бүгінде құрамындағы мүшелерінің қатары 200-ге жақындаған БҰҰ сол сәтте Елбасына осындай сұраулы һәм сыни жүзбен қарап отырғаны анық еді. Қазақстан Президенті осынау жарқын һәм жауапкершілігі атан түйеге жүк боларлық мүмкіндікте өз елін жалпақ жұртқа қапысыз таныта білді. Сәл шегініс жасайық. Қазан айының алғашқы дүйсенбісінде таңертең БҰҰ бас ғимаратына кірер дарбазаның екі жағына БҰҰ мен Қазақстанның тулары ілініп тұрды. БҰҰ-ның туы біздікіне ұқсас, көк түсті болып келетінін айта кетейік. Алдымен Бас хатшы Бутрос-Бутрос Ғалимен кездесу барысында екі саясаткер халықаралық қоғамдастықтың жұмысын одан әрі жақсарту жайын сөз етті. Н.Назарбаев жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттердің Ұйыммен бірге жемісті жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Хаттамаға сәйкес, Елбасы Бас хатшыға қазақ жерінен табылған минералды тастардан жасалған пирамида пішіндес туындыны тарту етті. Яғни, бұл күні БҰҰ-да біздің Мемлекет басшысының мазмұнды баяндамасымен қатар, байтақ даламыздың да бір белгісі қалды деуге болады. Осы кездесуден соң көп ұзамай Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің ең биік мінберінде сөйлейтін сәті келіп жетті. БҰҰ төріндегі мәрмәр мінберге алғаш көтерілгенімен, Қазақстан Республикасының Президенті еркін көсілді, әлемдік ауқымдағы ойлау қабілетін анық аңғартты. – Құрметті төраға мырза! Құрметті Бас хатшы мырза! Ханымдар мен мырзалар! – деп бастады өз сөзін Қазақстан Президенті. – ...Осының алдындағы сессияда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне бірауыздан қабылданды. Мен республика халқының атынан осы қадам үшін терең алғыс сезімін білдіремін және Қазақстан Республикасы бейбітшіліксүйгіш мемлекет ретінде БҰҰ-ның Жарғысында көрсетілген міндеттемелерді толығымен орындауға қабілетті екенін, осы беделді халықаралық Ұйымның қызметінің барлық саласында сындарлы үлес қосатындығын мәлімдеймін! Біз үшін бұл сессияның да маңызы аса жоғары, өйткені, оның мінбері алғаш рет Қазақстан Республикасының Президентіне беріліп отыр. Осыған байланысты мен Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттердің өкілдерін қызу құттықтаймын! Осы заманғы дүниежүзілік тәртіпті қазірдің өзінде БҰҰ-ның көмегінсіз қарастыру қиын. Бүкіл дүниежүзілік қоғамдастық осы сипаты ерекше халықаралық институтқа зор үміт артып отыр, ал олардың ең бастысы –тұрақтылық пен қауіпсіздіктің сенімді механизмдерін құру. Бүкіл дүниежүзі болашақтың бүгінгі айқын және алдағы қарбалас кезеңдері өзіміздің бірлескен күш-жігерімізді ұйымдастырудың жаңа сапасына көшуді талап ететін осы бір шекке жетті. Біз өзімізге әлі белгісіз осы жаңа кезеңнің мәні неде екенін ұғынуға тиістіміз және елімізде іс жүзінде игере бастауымыз керек. Міне, осы мәселелерге мен сіздердің назарларыңызды аударсам деймін, – деді Қазақстан Президенті. Өз сөзінде Елбасы дәл қазір әлемде қалыптасқан теңсіздікті тілге тиек етті. Сол тұста Солтүстік пен Батыс елдеріндегі ең бай адамдар әлемдік табыстың 83 пайызын тұтынып отырса, Оңтүстік пен Шығыс елдеріндегі кедей адамдар небәрі 14 пайызын тұтынатын. Ең қалталылардың табысы мен ең кедейлердің табысының арақатынасы 60 пен 1-дің арақатынасындай болатын. Қазақстан Президенті БҰҰ-дағы сөзінде осыны шешудің жолын ұсынды. Бұрын-соңды халықаралық қоғамдастықтың қабырғасында айтылмаған ойды ортаға салды. Н.Назарбаевтың ұсынысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 47-ші сессиясына қатысушылар арасында үлкен қызығушылық пен ықылас туғызды. – Қазақ халқының «Елу жылда – ел жаңа» деген мақалы бар. Бұл сөзбе-сөз түсіндіргенде елу жылда ел жаңарып отырады дегенді білдіреді. Біріккен Ұлттар Ұйымы қызмет еткен алғашқы жарты ғасыр әскери блоктардың қарама-қарсы тұруымен шиеленісе түскен ұлы державалар егесінің көрінісіне толы болды. Қазір енді дүние жүзі қоғамдастығында тарихи мүмкіндік – Біріккен Ұлттар Ұйымы бар. Ол – бейбітшілік пен прогресс жолында тиімді ынтымақтастық жасау органы. Оны барынша толық пайдалану үшін біз қолдан келген барлық мүмкіндікті жасауымыз керек. Ықылас қойып тыңдағандарыңызға рахмет! – деп Қазақстан басшысы тарихи сәтті қорытындылады. Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберіндегі бедерлі сөзінен кейін Елбасы баспасөз мәслихатына қатысты. Журналистердің сауалына жауап берген Президент аз ұлттардың құқығы мен олардың өздерін басқаруының басты өлшемдерін айқындау қажеттігін атап көрсетті. Барлық аз ұлттар өздерінің дамуы үшін тілін, дәстүрі мен мәдениетін сақтау үшін тиісті құқық және мүмкіндік алуы керек деп санайтынын жеткізді. «Бірақ бұл әрбір аз ұлт өз мемлекетін құруға ұмтылып, қазіргі қалыптасқан шекараларды өзгертуге тиіс деген сөз емес. Өйткені, қазіргі қалыптасқан шекаралардың мызғымауы – тұрақтылықтың негізі болып табылады. «Ергежейлі», экономикасы мешеу қалған мемлекет құру аз ұлттардың мүддесіне сай келмейді», деп атап көрсетті Елбасы. Сонымен қатар, әлемді алаңдатып отырған ядролық қару туралы мәселеге де өз ұстанымын ашық аңғартты. Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстан өз еркімен ядролық мемлекет болмағаны анық. Республикамыз Лиссабон хаттамасына қол қойғаннан кейін бұл проблема шешімін тапқан-ды. Сөйтіп, Стратегиялық шабуыл қарулары жөніндегі шартқа сәйкес, жеті жыл бойы, яғни 1999 жылға дейін ядролық қаруларын қысқартатыны осы кездесуде айтылды. Ядролық сынақтарға мораторий жариялау жөніндегі мәселеге тоқталған Елбасы былай деді: «Дүние жүзіндегі ең ірі ядролық полигондар АҚШ-тың Невада штатында және Қазақстандағы Семейде орналасқан. Өткен жылы қазақ халқының тілегін орындай отырып, Семейде ядролық сынақ жасауға тыйым салынды. Мен бұл қадамды дұрыс деп есептеймін, өйткені, 1949 жылдан бері осы полигонда 560 ядролық қондырғы жарылған, оның 200-і ашық ауада және жер бетінде жарылған». Осылай деген Президент АҚШ-ты Қазақстаннан үлгі алып, Невададағы ядролық полигонда сынақты тоқтатуға шақырды. Халықаралық аренада орын алған жайттарға шолу жасаған Елбасы Тәжікстандағы жанжалға тоқталып, Таулы Қарабақ жанжалына үшінші мемлекеттің араласуы өте қауіпті екенін жеткізді. Тәжікстан Ресеймен, Қазақстанмен және Өзбекстанмен Қауіпсіздік туралы шартқа қол қойған ел еді. Тәжікстан басшылығының өтініші бойынша, тайталасушы тараптарға қару жеткізуді тоқтату үшін Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасы төрт мемлекеттің әскери контингентімен жабылған. Гуманитарлық көмек дегенді желеу етіп, жүк тасушы ұшақтармен бұл елге қару жеткізіліп жатқаны туралы мәліметтер бар болатын. «Тәжікстанның қазіргі басшылығы ТМД-ның бітімгершілік күштерін жанжалды тоқтатуға шақырды. Қазақстан бұл аймақта осы күштердің іс-қимылын жақтайтын болады. Себебі, Тәжікстан жанжалды өз бетінше тоқтата алмайды», – деді Елбасы. 1992 жылдың 5 қазандағы дүбірге толы дүйсенбісінде Н.Назарбаев кездесуге ниет білдірген АҚШ бизнесмендерін, банкирлерін қабылдады. Оларға Қазақстандағы саяси тұрақтылық мықты экономикалық байланыстар орнатуға негіз болатынын жеткізді.БҰҰ-ның Мыңжылдық саммиті
2000 жылдың 4 қыркүйегінде Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының мыңжылдықтар тоғысындағы 55-ші мерекелік сессиясына қатысу үшін АҚШ-қа аттанды. Алқалы жиынға әлемнің 189 мемлекетінің басшысы қатысуға тиіс болатын. Бұрын-соңғы тарихта мұндай дәрежесі жоғары жиын өтпеген. 6 қыркүйек күні ашылған Мыңжылдық саммит БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанның кіріспе сөзімен ашылды. Бұған дейін, саммитке дайындық шеңберінде Бас хатшының «Біз, халықтар, Біріккен Ұлттар Ұйымының ХХІ ғасырдағы рөлі» атты баяндамасы саммитке қатысушыларға таратылғанын айта кетейік. Сонымен, әлем көз тіккен алқалы жиынның алғашқы жұмыс күнінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы 200-ге тарта мемлекеттің президенттерінің назарын негізгі екі мәселеге аударды. Соларға жеке-жеке тоқталып өту ләзім. Біріншіден, Мемлекет басшысы жаһандастыру саясатының барлық елдер үшін тең дәрежеде болуына назар аударды. Бұл туралы Елбасы: «Жаңа мыңжылдық бізге жай ғана ғаламдық өзгерістер әкеліп қоймай, сонымен қатар, адамзат өміріндегі бетбұрыс кезеңінің басталғанын білдіретіні айдан анық. Бірақ, бүгінде жаңа әлемдік тәртіптің сұлбасын өктем ұсынатын және шүбәсіз прогресс құбылысына жататын ғаламдастырудың көптеген мемлекеттер үшін келеңсіз салдары аз болмайтыны да күмән туғызбайды. ...Солардың бірі әлемдік қоғамдастық елдерінің айқын тең еместігі болып табылады. Тіпті, осы теңсіздік сатыларын – байлар мен кедейлерді, дамыған және экономикалық жағынан кенжелеп қалғандарды, ресурстық әлеуеті бар және оны сарқып қойғандарды бейнелейтін біздің күнделікті терминологиямызда көрініс тауып отыр. Егер ғаламдастырудың жетістіктері мен жеңістерін тек жоғары дамыған елдердің аз ғана тобы қызықтайтын болса, онда бұл қарама-қайшылыққа, қақтығыстар мен жер бетіндегі өркениет соңғы және оның алдындағы жүзжылдықта бастан кешкеннен әлдеқайда ауыр әлеуметтік катаклизмдер тууына ұрындыратыны сөзсіз. Әлем халықтары өздерінің көшбасшылары, БҰҰ ғаламдық проблемаларды шешудің оңтайлы жолдарын таба алады деп үмітпен қарап отыр. Осыған байланысты БҰҰ да, ұлттық үкіметтер де өздеріне тиісті міндеттемелер алуы керек болып көрінеді», – деді. Мемлекет басшысы БҰҰ-ның басым міндеттері ретінде шартты түрде алғанда бәрінен құр қалып отырған елдердің мүдделері барынша ескерілетін ғаламдастыру моделін жасауы керектігін айтты. Ол модель дамушы елдер халықтарының көпшілігіне сай болуы керектігін жеткізді. Бұл орайда, Елбасы дамушы елдер көп шоғырланған Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі проблемаларын, болашақта туындауы мүмкін кеселдерді көре білгендігі байқалады. Шынында да, дамушы елдер халқының көпшілігі өз ішінен этностық, басқа да ерекшеліктері бойынша жік-жікке бөлінуге бейім екендігін тарихтың өзі талай мәрте көрсеткен болатын. Елбасының Мыңжылдық саммитінде көтерген екінші басты мәселесі алдыңғысымен сабақтас деуге болады. Ол Азиядағы оқ-дәрінің иісі сейілмейтін кейбір елдердің проблемасы болатын. Елбасы әріптестерін Азиядағы, оның ішінде Ауғанстандағы ахуалға назар аударуға, тіпті, осы мәселе бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы мәжілісін шақыруға үндеді. Сол кезеңде Ауғанстан жұмыр Жердің «соқталы нүктесіне» айналғаны ақиқат. Осынау елдің көп қасірет шеккен халқы кеңес әскері кіргізілгеннен кейінгі жиырма жылдан астам уақыт соғыстың бүкіл қайғы-қасіретін басынан кешкен-ді. Ауғанстан аймақтың ғана емес, әлемнің бас ауруы болған терроризм, экстремизм, есірткі саудасы сынды проблемаларды өршітуші ордасына айналған-тын. Елдегі тұрақсыздық, кедейшілік халықтарды дамудың даңғыл жолынан адастырып, шыңырауға құлататын құбылыстарды жалпақ жаһанға таратудың плацдармы тәрізді-тұғын. Жыл сайын өндірілетін 3 мың тоннаға тарта ауған апиыны АҚШ-қа, Еуропаға жол тартатын. Осының барлығын тілге тиек еткен Н.Назарбаев: – Біз ахуалды тұрақтандыру жөніндегі нақты шараларды жасау үшін Ауғанстандағы және Орталық Азиядағы жағдайды қарауға арналған Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы мәжілісін шақыру қажет деп санаймыз, – деп атап көрсетті. Сондай-ақ, Елбасы талқыланатын мәселелердің қатарында ядролық қарудың таралу проблемасын кіргізу қажет деп санайтынын айтты. Бірқатар елдер қатерлі қаруға ие болудың алдында тұрғанын алға тартты. Мыңжылдықтар тоғысындағы саммитте Қазақстан Президенті өз мемлекетінің ғана емес, аймақтың мүддесін меңзеген басшы ретінде көзге түсті. – Дүние ғаламдық, өзара тәуелділік сипат алды. Онда жаһандық әріптестік үстем принципке айналуға тиіс! – деп мәрмәр мінбердегі сөзін қорытындылады Елбасы. Мыңжылдық саммитінің келесі күні Н.Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанмен кездесіп, БҰҰ-ны дамыту жөніндегі ойларымен бөлісті. Түркия Президенті Ахмед Неждет Сезермен, Израиль Президенті Эхуд Баракпен сұхбаттасты. Елдегі инвестицияның үштен бір бөлігі тиесілі болған АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайтпен кездесуінде «Баку –Жейхан» құбыр желісінің төңірегінде ой қозғады. Оны «Ақтау – Баку – Жейхан» деп атауға да болар еді деген пікірін білдірді. АҚШ-тың мүйізі қарағайдай инвестициялық банктерінің, қорларының басшыларымен өткізген кездесуде: – Біз тәуелсіздігімізді осыдан 9 жыл бұрын дүкендердің бос сөрелерімен, өндірісі тұралаған ауыр жағдайда бастадық. Бүгінде ол қиын күндер артта қалды. Қазақстанда қазір қалыптасқан қаржы жүйесі, ашық экономика жұмыс істеп тұр, – деген Н.Назарбаев елімізде нарық заңдары орнағанын жеткізді. 9 жылда ішкі жалпы өнім көлемі бойынша Қазақстан ТМД аумағында көш басына шыққаны шындық болатын. Осы мерзім ішінде экономикамызға 11 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды. «Қазақстанда 16 миллиондай ғана халық тұрады, – деп атап көрсетті Н.Назарбаев. – Солар сіздердің көмектеріңіз арқылы жақсы өмірге қол жеткізуге тиіс. Қазірдің өзінде елде болашақ ұрпақ қоры құрылып отыр. Оған мұнайдан түскен роялти қаржылары аударылуда». Қазақстанның транзиттік аумақ болып табылатынын айтқан Мемлекет басшысы көлік жүйесін барынша дамытуға ниетті екенін жеткізді. БҰҰ-ның мерекелік Мыңжылдық саммитінде Мемлекет басшысы ел мүддесіне қызмет ететін міндеттерді өз үдесінен шығарды деуге негіз бар. Себебі, бұл сапарда Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне тың серпін беретін маңызды алғышарттар жасалды. Бұл Тәуелсіз Қазақстан мен оның Президентінің әлемдік қоғамдастық алдындағы абыройының артып келе жатқанының айғағы еді. Ал әлемдік аренадағы абырой-бедел мемлекеттілігінің іргетасын бекітіп, керегесін нығайтып жатқан ел үшін өте қажет. Мыңжылдықтар тоғысында мұхиттың арғы жағына жасалған сапардан шығатын басты қорытынды да осы.Абайдың тілі, Бұқардың тілі... БҰҰ-да
2015 жылдың 28 қыркүйегінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясындағы жалпы пікірталаста сөз сөйледі. Бұл күні БҰҰ-ның қарасұр түсті мәрмәр мінберінен айтылған Елбасының сөзін Қазақстан үшін тарихи мәнге ие деп айта аламыз. Себебі, Елбасы осы күні ана тіліміздің айбарын асырды. Абайдың тілін, Бұқардың тілін, Қазақстанның мемлекеттік тілін құрамында 200-ге тарта мүшесі бар Ұйымның алқалы жиыны естіді. Иә, Елбасы өз сөзін түгелдей қазақша, ана тілінде айтты. Жұмыр Жердің түкпір-түкпірінен келген президенттер, басқа да мүйізі қарағайдай саясаткерлер, журналистер, сарапшылар үшін ілеспе аудармашылар Қазақстан Президентінің сөзін ресми тілдерге тікелей аударды. Жалпы, бір айта кетерлік жайт бар. Бұл күнге қатысты БҰҰ-да бірінші рет қазақ тілі естілді деп қателесуге болмайды. Сонау 1992 жылғы 5 қазанда сөйлеген сөзінде «Елу жылда – ел жаңа» деген мақал бар екенін ана тілімізде ауызға алған болатын. Осылайша, БҰҰ-да алғаш рет қазақ тілі, қазақ мақалы 1992 жылы айтылған. Ал БҰҰ Бас Ассамблеясының 70 жылдық мерейтойлық сессиясында ана тіліміздің мәртебесі тағы бір биікке асырылды. Мерейтойлық сессияда сөйлеген сөзін Қазақстан Президенті БҰҰ-ның 70 жыл ішінде жаһандық тұрғыда тарихи мәнге ие миссияларды орындағанына баға беруден бастады. Планетамыздың 70 жыл ішінде дүниежүзілік ауқымдағы соғыстан аман өмір сүріп жатқанын атап көрсетті. Екіншіден, жаһан жұрты отарсыздануда да толағай табыстарға жеткенін айтты. Осыдан 70 жыл бұрын Ұйымның іргесі қаланып, 51 мемлекет мүше болған кезеңде әлемнің саяси картасының біраз бөлігін отар елдер мен тәуелді аймақтар алып жатса, бүгінде осы халықтардың басым бөлігі азаттыққа қол жеткізген, Тәуелсіз ел ретінде Ұйымға мүше болып, 70-ші мерейтойлық сессияға қатысып отырғаны ақиқат еді. Елбасы соғыстардың алдын алу және қақтығыстардың салдарын жаңа даму стратегиясына өту керектігін жеткізді. «Ол үшін алыстағы болашаққа батыл көз салып, Біріккен Ұлттар Ұйымына 100 жыл толатын кездегі әлемнің қандай болатынын көре білуіміз керек. Мен Жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленіскен түйінін даналықпен шешу үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін», – деді Президент. ХХІ ғасырда адамзаттың басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыруды ұсынды. Әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселелер – терроризм, мемлекеттердің күйреуі, заңсыз көші-қон және өзге де келеңсіз құбылыстар экономикалық дағдарысқа, кедейлікке, сауатсыздық пен жұмыссыздыққа себеп болатыны айтылды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы дүниежүзілік соғыстар мен әскери қақтығыстардың миллиондаған құрбандарының қанымен жазылғанын ұмытпау маңызды. Оның кейбір баптарының, әсіресе, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі баптарының қандай да біреуінің бұзылуы – адамзатты өткеннің қасіретті қателігін қайталауға ұрындырады. БҰҰ мінберінен Елбасының аузымен айтылып, ыстық ықыласқа ие болған, әлемдік сарапшылар мен журналистердің талқысына негіз болған бір мәселені атап өткен жөн. Н.Назарбаев ХХІ ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті – ғаламшар халқының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға ойысатынын негіздеді. Шындығында, Азияның дамып келе жатқан экономикасының серпіні жаһандық үдерістерге жаңалық әкелгені анық. Осыны ескере отырып, Елбасы ортаға Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыру туралы ой тастады. БҰҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы. Қаламгер С.Абдрахманов айтпақшы, «Елдер емес, халықтар емес. Ұлттар». Қай кезеңде де, дәуірде де, қоғамда да ұлт ұғымының ұстыны қашан да биік болған. Себебі, мықты ұлт қана мемлекет құра алатынын тарих талай мәрте дәлелдеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, «қазақтар мемлекет құраушы ұлт ретінде жаңа белеске көтеріліп, Қазақстан халқының берік өзегіне, сенімді діңгегіне айналды». Тәуелсіздіктің ширек ғасырында осындай мәртебеге лайық екенін анық байқатты. Биылғы жылдың маусым айында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелерінің құрамына енгені мәлім. Еліміздің мүшелікке сайлануы Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренадағы асқақ абыройы мен беделінің, жұмыр Жер тұрғындарының өмірін жақсарту үшін атқарған еңбегінің мойындалуы деп білеміз. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»