• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2016

Кеудесі жақсылардың алтын сандық

730 рет
көрсетілді

Мүкарәм ағаны алғаш рет осыдан он бес жылдай уақыт бұрын академик Зайролла Дүйсенбековпен бірге Пав­ло­дар облысының Баянауыл ауда­нына сапарлап барған тұсымда көріп едім. Мұнан кейін де бірнеше рет кез­десудің сәті түсті. Баянауыл – кең-байтақ Сары­арқа­­ның басындағы алтын тәжі немесе иығын­дағы құндыз жағасы деп айтуға тұрар­лық ең көрікті жерінің бірі. Тарихы да ауыз толтырып айтуға әбден лайық. Бұл өңірден Бұхар жырау, Мәшһүр Жүсіп секілді аузы дуалы даналар, Жаяу-Мұса Байжанов, Сұлтанмах­мұт Торайғыровтай ақберен ақиық ақындар, Шәкен Аймановтай өнердің ірі қайраткері шыққан. Басқаларды айтпағанда, бір ғана ғылым саласының өзінен Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин бастатқан Ұлттық ғылым акаде­мия­сының 14 академигінің шығуының өзі неге тұрады. Баянауылда, міне, осындай тау тұлғалы ғалымдардың көзін көрген, ел мен жер тарихына жетік ақсақалдар аз емес десек, Мүкарәм Шүленбаев ақ­сақал солардың бірегейі болып шық­ты. Не деп айтса да, сөзін дәмдеп сөй­лейді. Қасындағы сүйікті жары Балжан апай да зайыбына әбден сай. Ол кісі сыңғырлап күлген кезде үйдің ішінде жарық шашылғандай болып, жақсы бір шырай кіреді екен. Енді өмір жолдарынан сыр тарқататын болсақ, Мүкарәм Тыйыштық­байұлы 1936 жылы Ресейдің Кемеров облысы Ленинск-Кузнецкий қаласында дүниеге келеді. Сыртта тууының сыры – елді аштық жайлаған сол бір жылдары әкесі Тыйыштықбай да көппен бірге қасына отбасын (3 баласы, туыстары, әйелі) алып, Ресейдің Кемеров облысындағы Ленинск-Кузнецкий кентіне қоныстанған екен. Өкінішке орай, індеттен балалары мен жолдасы, туыстары қайтыс болып, інісінің бір баласы және балдызы үшеуі ғана тірі қалады. Сол жақта жүріп үй­леніп, қырықтан асқан шағында ұл­ды болып, атын Мүкарәм қояды. Бірақ қуанышы көпке созылмай жаңа үй­лен­ген жолдасы қайтыс болып, әлі қырқынан да шығып үлгермеген шына­шақ­тай ұлымен жалғыз қалады. Әкесінің айтуы бойынша анасының намазында аты Кереку өңіріне әйгілі болған атақты Құсыбай молла: «Жамағат мына сәбиге елік сүтін емізетіндей адал ана кездессін деп тілейік», деп бата жасаған екен. Көп тілегі қабыл болған шығар, туыстарынан айырылып жалғыз жүрген Қарашаш атты жақсы адаммен әкесі үйлесіп, ұлына мейірімді ана, өзіне адал жар табады. 1938 жылы ата-анасы елге, Баян­ауылға көшіп келіп, әкесі орман шаруа­шылығына орналасады. 1939 жылы Төртқұдық өндірісі ашылған соң, сол жаққа көшіп барып, зейнеткерлікке шыққанша сонда жұмыс істейді. Мүкарәм 1943 жылы сол жерде 1 сы­нып­қа барып, 7 жылдық мектепті тәмам­­даған соң, орта мектепті Ақмола облы­сы­ның Еркіншілік ауданында бітірді. –10 сыныпқа дейін шешемнің тумаған екенін сезгем де, білгем де жоқ, – деген Мүкең таза да пысық, ұқ­са­тымпаз анасының сүрі мен шұ­баты­ның, айранының дәмін айтып, там­санып отырады. Сабаққа барған кезінде мұны қияңқы балалардан қорғап мектепке дейін шығарып салатынын, кей бұзықтарға тәтті-дәмдісін беріп, ұлы­на «оққағар» қылғанын сондай жылы­лықпен еске алады. Осы бір асыл затты ананың өзін оқыту үшін алаша тоқып сатып, ешбір мұқтаждық көрсетпегендігін есінен еш шығарған емес. Мектептен кейін Талғар механи­зациялау техникумын бітіріп, 1955 жылы Баянауыл ауданының, Октябрь МТС-іне (кейін Баянауыл) механик болып жұмысқа орналасты, кейін трактор бригадасының бригадирі қызметін атқарды. Ол жас болса да асқан белсенділік көрсетіп, еңбекке қоян-қолтық араласып кетті. 1958 жылғы астық алу қорытын­ды­ларының нәтижесінде «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Сол жылғы бітік шыққан егінді орып жоғары нәтижеге жеткен облысқа Ленин орденін тапсыру үшін келген КОКП Орталық комитетінің хатшысы М.А.Суслов қатысқан мәжілісте жас мамандар атынан сөз сөйледі. Осылайша көзге түсіп келе жатқан жасты 1961 жылы аудандық партия комитеті жаңадан ашылған «Сельхозтехника» мекемесіне басшы қызметіне жіберді. 1970 жылы Алматы ауыл шаруашы­лығы институтын бітірді. «Сельхозтехникада» қызмет істе­генде ауданның экономикасын көтеруге көп үлес қосты. Оның басшылығымен облыста біріншілер қатарында жылына 200 К-700 тракторына техникалық қызмет көрсететін станса және жылына 1000 аккумуляторға техникалық қыз­мет көрсететін цех ашылды. Ол кез­дегі жұмыс қарқыны үшін бұлар ауадай қажет болатын. Сельхозтехника еңбекшілерінің тұрмыс жағдайларын жақсарту мақсатында 60 отбасына пәтер үй салынды. Сонымен қатар, Мүкарәм Тыйыштықбайұлы жас кадр­ларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты, кейін ол тәрбиелеген жастар ауыл шаруа­шылығында, әртүрлі мекемелерде бас­шы қызметтер атқарды. 1986 жылдан бастап ауданның партия комитеті оны аудандық тұтыну­шылар одағына басшылыққа ауыс­тырды. Бұл қызметінде де ол өзінің талантты ұйымдастырушы екенін көр­сетті. Оның басшылығымен 160 тон­налық тоңазытқыш және шұжық цехы ашылды, күніне 20 бас ірі қара мал соятын орын салынды. Уақыт талабына сай ішінде кран-балкасы бар қойма, кейінгі үлгімен салынған бірнеше сауда орталықтары іске қосылды. 5 жылдың ішінде тұтынушылар одағы қызметкерлеріне арнап 20 тұрғын үй салынды. Қызмет істеген кезеңде, 1958 жылы облыстық кеңестің депутаты, қалған уақытта бірнеше рет аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Мүкарәм Тыйыштықбайұлы кіші­пейіл де сезімтал адам. Сондықтан да ол Баянауыл халқының алдында абыройлы азамат. Бұрын да, қазір де аудан өміріндегі өзгерістерде оның пікі­рімен санасу әдетке айналған. Қызмет істеген кезінде де, қазір де мұң-мұқтажы бар адамның сөзін жерге тастамай, шамасы келгенше көмек көрсетуге, қолұшын беруге әрқашан даяр. Көптеген жас­тардың жоғары оқу орындарына түсіп, өмірге жолдама алуына себепкер болды. – Мүкарәм екеуіміз бала жастан бірге өстік. Ол өз бойындағы адамға тән асыл қасиеттерді үнемі жоғары ұстап, арына қылау жұқтырмай келе жатқан азамат. Ел үшін еңбек етіп, айналасына қамқорлық жасау, ағайын-туыс, достар мен жолдастардың бірлігін, ынтымағын сақтау оның өмірінің мәні болды десем, артық айтқаным емес, – дейді ҰҒА ака­демигі Зайролла Дүйсенбеков досы әрі туысы Мүкарәм Шүленбаев туралы. Сол жылдардағы еңбектері үшін Бүкілодақтық көрменің күміс және алтын медальдарымен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Лениннің туғанына – 100 жыл», «Тың игеруге – 20 жыл», «Тыңға – 50 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің түрлі жылдық­тары медальдарымен, «Құрмет Белгісі» орденімен, «Облыс алдында сіңір­­ген еңбегі үшін», «Еңбектегі айрық­­ша жетістігі үшін», «Отличник госком­сель­хозтехники СССР», «КСРО-ның азаматтық қорғаныс үздігі» төс­белгі­лерімен марапатталды. «Бая­н­ауыл ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды. Балалары да ата-ана абыройына лайық болып өсіп келеді. Үлкендері Зәмзәгүл – көп адамның алғысын арқалаған білікті дәрігер. Ұлы Исламның есімі де бұл күндері Павлодар жұртшылығына танымал. Кенже қыздары Салтанат Қарағандының кооперативтік инсти­тутын бітірген. Кіші ұлы Ильяс осы­дан біраз жыл бұрын қайтыс болса, «орнын­да бар оңалар» дегендей, одан туған немересі Хәкім де ат жалын тар­тып мінерліктей жасқа келіп қалды. Өкі­нішке қарай, балалардың анасы Жаңылтай бұл қызықтарды көре алмай, өмірден ерте озды. Немерелерінің алды үй болып, жеке шаңырақ көтеріп, үлкендердің өрісін ұлғайтуда. «Кеудесі жақсылардың алтын сан­дық» деп айтылатынындай, көкірегі ел өмірінің шежіресіне толы өнегелі өмір жолының иесі, қадірменді ақсақал Мүкарәм Тыйыштықбайұлына зор денсаулық, баянды бақыт тілейміз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»