• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2011

Қайран, қазақтың ірілері-ай!

871 рет
көрсетілді

Қазіргі заманның ағымына орай өмірге деген көзқарасы да, ойы да, ниеті де, ұстанымы да өзгеше ұрпақ қалыптасып келеді. Тіпті, осы күні қолы бір нәрсеге жетті-ау дейтін, былайша айт­қанда аузына ел қарай бастаған бүгінгі жастардың, соның ішінде ой-санасы, білімі мен бітімі тәуелсіздік жылдары қалыптас­қан жас ұрпақтың сөзіне құлақ түрсеңіз, дүние жаңа жа­рал­ған­дай, тіршілік енді бастал­ғандай, өздеріне дейін ешкім болмаған­дай, бәрін де бір өздері ғана біліп туғандардың көбейіп бара жат­қан­дығы алаңдатады. Бұған, бәл­кім, біздің жас ұрпа­ғымыз кінәлі де емес шығар. Бұ­ған, бәлкім, әлі де болса, өзімізді өзіміз тани алмай, тіпті өтке­німізді бүгінгі­лер­ге таныта алмай келе жатқан қа­сі­ретіміздің салқыны да тиіп от­ырған болар. Бірақ, сол бүгінгі ұрпаққа айтар және де келер та­рихтың беттеріне жазылар сөзді қазір кім айтуы керек?! Міне, гәп осында! Бізді осы бір ойларға жетелеген жай «Егемен Қазақстан» газетінің №2-10 сандарында ара салмай жарияланған белгілі ға­лым, Мырзатай Жолдасбековтің «Асылдарым» атты эссесі болды. Бірден айтайын, Мырзағаңның осы дүниелері Зейнолла Қабдо­ловтың «Менің Әуезовім» атты атақты шығармасынан кейінгі соңғы жылдары сүйсініп оқыған дүниелерімнің бірі болғандығын айтудың өзі ләзім. Тектілерден қалған текті тұ­яқ­тардың тағылымын бүгінгі ұр­паққа айтып, тебіреніп, төгіле де асылдарын сағына жеткізе білуімен бірге шапағатын көп көр­ген өз ағаларына деген Мырзатай Жолдасбековтің бойындағы ад­ал­дығы мен жан тазалығын осы бір эссенің тұтас құрылымы ан­ық байқатып отырады. Біз мұны Мырзағаңның қазақтың қасиетті ұлы әдебиетіне деген құрметі мен сыйы, өткенге тағзымы, бү­гінгісіне тәубесі, тағы да аға­ла­рына деген адалдығы деп таны­дық. «Өзі болған қыз төркінін танымайды» деген атам қазақтың бір айтқаны болса, сол жай қазақтың біртуар азаматы Мыр­затай Жолдасбековке жат екендігіне сүйсіндік. Осы күні Мыр­затай ағаның атағының алдын орайтын, абыройының биігіне көлеңке түсіре алатын жан иесі жоқ екендігі бола тұра, сол бү­гінгі өзінің тұлғалы да, ірілік биігіне қарамастан, қазақ халқының дара да дана ұлдары жайлы дана пейілімен, дара көңілімен, таза сағынышының үнімен сөйлей білгендігі, абзал ағаның өзін де тағы да бір көз шалмас шыңға көтеріп, көз алдымызда асқақ­татып жібергендігін қайтерсіз! Мырзағаңның жан жылуы­мен, жүрегінің алауымен, адал көңіл-ниетінің сиясына малынып жазылған осы бір эсселерін оқи отырып, ұлтымыздың ұлы тұлға­лары Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Есмағанбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов жайлы жан сырын, жан сырын емес-ау, жа­лындаған жан жырынан біз білімі де, бітімі де, жаратылысы да ерекш­е дара тұлғалардың қасие­тін кеңінен тани түскендей бол­дық. Және сол кемеңгерлердің кемелділігін Мырзағаңмен бірге біз де сағынатын күйге түстік. Бұл ненің құдіреті?! Бұл ең әуелі Мырзатай Жолдасбеков жырлап отырған... тағы да қайталап ай­тамын, жырлап отырған кемең­гер­лердің киесі мен қасиеті болса, одан кейін сол кемеңгерлікті кемеліне келтіріп, кемел ойымен, нәзік жүректің қылымен шерте білген сазды бір сөз әуенінде жатса керек-ті. Шіркін, қазақтың ірілері-ай! Қайтіп сүйсінбессіз?! Қайтіп сол ірілердің іріліктері мен тектіліктерін сағынбассыз?! « – Бәлі, Мыр­затай шырақ, өте жақсы сөй­ледің, біліп сөй­ледің. Сын осындай шын болуы керек. Расын айтпаған жалтақ сын­ның әдебиетке пайдасы жоқ. Әсіресе, өздерің секілді әде­биет­ке жаңа келген біздің жас­та­ры­мыз әділ болулары керек. Сөзің ұнады. Білімнің пайдасы деген осы» – деп іштарта сөйлеген Мұхтар Әуезов­тің, «Мүтәлләп, сенің ең шауып шыққан жерің мектеп директор­лығы. Елге, Көк­шетауға қайт. Ренжіме. Өзің отырған үйді мына Мырзатайға бер, қаңғып жүр, бұл жігіттен үлкен үміт күтіп отыр­мыз, әде­биетші ғалым болады» деп үйсіз-күйсіз жүрген Мырза­ғаңның жас отбасына Алматыдағы бір мек­тептің директоры болып жүрген өзінің туған жиенінің үйін алып берген есті Есмағамбет Ысмай­ыловтың іріліктеріндей ірілік те, адами қасиет те енді қайдан бол­сын, шіркін! Біздің де көңіл осылай тебіренеді. Мына ірілікті тағы да қара­ңызшы, Мырзағаң 1969 жылы «Көне әдеби ескерткіштер және оның қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын бес сағат бойы сәтті, тіпті өте сәтті қорғап шық­қан сәтте: «Бұл күрделі тақырып! Докторлық сұрайын деп тұр­мын!», – деген жарықтық Әлкей Марғұланның... «Келші, Мыр­заш, қазақ әдебиетінің тарихын он екі ғасырға тереңдеттің!», – деген жайсаң Зейнолла Қабдо­ловтың... «Бүгін Таластың қара тайы бәйгеден келді», – деген жампоз Ғайса Сармурзиннің осы бір үш ауыз сөзіне тәнті бола отырып, шіркін-ай, осындай ірілік енді бүгінгі қазақ зиялы­ларының бойына дарыса екен деген оймен тағы да тебіреніп кетесің бір сәтке. Жасыратыны жоқ, сондай ірілікті біздің де аң­сап, іздеп жүрген жайымыз бар... «Қайран ұстаздарым. Қайсы­бірін айтайын!», – деп осы бір-екі ауыз сөзбен тағы да тебіренер Мыр­зағаңның да жан дүниесі сол асыл ағалары мен ұлы ұс­тазда­рының іріліктерінің қасие­тімен қалыптасып, сомдалған­дығын жә­не де бүгінгі күні өзі­нің де «Ас­ылд­арым» деп ірі сөй­лей білуі­нің де түп тамыры ұлы­лардан ал­ған тәлім-тәрбиесінде және соны жүйрік көңілі мен зейінді көкі­ре­гіне тоқи білгендігінде жатқанды­ғын, өзінің жараты­лысының тектілігінде екендігін аңдап, пайым­дадық. Қазір сөзін­де де, ісінде де, мінезінде де ірілігі жоқ, алайда кеуделері ғана ірілердің көбейіп тұрған осы бір шағында, өмірдің осы бір талма тұсында біз Мыр­зағаңның «Ас­ыл­дарым» деп өзі таныған асыл­дарын, абзалдары мен жайсаң да жақсыларының аруақтары ал­дын­да және абзал ағаның өз ас­ылдығының алдында да басы­мыз­ды исек етті! Мырзағаң осы эссесінде өзі­не, өзіне емес-ау, өлшеусіз ең­бе­гіне жасалып отырған әділет­сіз­дікті де зілсіз айтып өтеді. Соған бай­ла­нысты біз де өз ойымызды ортаға салғанды орайлы санадық. «Қазір қазақ әдебиетінің та­рихын күні кеше басынан қиын­дықты өткермегендей, баяғы заманнан зерттеліп келе жатқандай қабылдайды жұрттың бәрі. Ақи­қатында бұл үлкен арпалыстан туған еңбектің жемісі еді. Мұның басында табанды Бейсембай Кен­­жебаев тұрды. Қасында біз бол­дық. Тарихтың шындығына жүгі­нетін болсақ, әдебиетіміздің түп-тамырын, көне дәуірін менен бұрын арнайы зерт­теген ғалым болған жоқ. Шын­дығы осы. Тасқа қашалып жа­зыл­ған көне түрк жырларын да осыдан 45 жыл бұрын алғаш жа­ңашалаған (аударған) мен едім. Менен кейін оны қайта аударған, арнайы терең зерттеген кісі бол­ған жоқ», – деп бір айтса, тағы да: «Сол аудармаларымды бүгінде сілтемесіз-ақ пайдала­нып жүр. Кейбір зерттеушілер осының бә­рін өздері істегенсиді. Бейсе­кең­нің жетекшілігімен КазГУ-де алғаш «Ежелгі әдебиет» деп ата­латын теориялық курсты негіздеп, қалыптастырған да, жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арнап сол курстың тұңғыш бағдарламасын жасаған да мен едім. Біреу ұмытса да, тарих ұмытпайтын осы еңбегімді айтпасыма болмады. Ғылымдағы әділетсіздіктің бірі осы деп білемін. Егер де бүгінде Күлтегін Тоныкөк деген есімдер қазақ са­насына әбден ұялаған болса, бұл да менің зерттеулерімнің нәти­жесі деп білемін» – деуі («Егемен Қазақстан», 7 қаңтар 2011 жыл) бүгінгі ғылымнан да адал­дықтың кетіп бара жатқандығын айтып тұрғандай болып сезіледі. Мырзағаңның бұл айтып отыр­ған жайы қазір көздеріне өздерінен басқаны ілмей, қуыс кеуделерімен жалған атақ пен жалған даңққа қарай өрлеп бара жатқан, оқығаны болғанымен то­қығаны аз, көргені аз да көсемсуі мол, жасанды жетістіктері мол болса да, парасаты мен парқы жетпей жатқан ойсыз да мұңсыз, ұлтынан гөрі өзінің ұлының, халқынан бұрын қара басының қамын ғана күйттеп кеткен же­тесіздердің көбейіп бара жатқан­дығын аңдатар ақиқаттың бірі екендігін тағы да ұғына түстік. Алайда қазақ әдебиеті мен қазақ руханияты үшін асыл ағал­а­ры­ның үлгісімен адал еңбек ете білген және де «Тасқа қашалып жа­зыл­ған көне түрк жырларын да осы­дан 45 жыл бұрын алғаш жаңа­лаған», «Ежелгі әдебиетті» негіздеп қалыптастырған, «бү­гін­де Күлтегін мен Тоныкөк деген есімдер қазақ санасына ұя­лаған» ша­ғында біз бұл орайдағы Мырзатай Жолдасбековтің өз халқының шаң қауып, топырақ басып көмулі қалған, сөйтіп, ұмытыла бастаған бай мұрасын бізге жеткізе білген ғалымдық жанкештілігіне сүйсіне отырып, бұдан былай бұл қия­натқа жол бермеу қажеттілігінің орнын толтырар жайды ойлас­тырған да жөн болар еді-ау дегенді де айтқанды жөн санадық. Бұл эсселердің тағылымы өте мол! Бүгінгі күні өткеніміз бен өткелдерімізді күстаналап қара­лау ниетінен арыла алмай отырған тәу­елсіз елдің ойы да, сөзі де тәу­елсіз әрі еркін кейбір ұрпақ­тарына Мыр­затай Жолдасбеков­тің бұл эссе­лері ұлыларды ұл­ық­тай бі­лу­дің, даналарды даралай сөйлеу­дің, бұ­рынғыны бұр­ма­ламай, бүк­песіз және де ри­зашылыққа толы тәу­бе­шілік ниетпен айтудың үл­гі­сі мен өнегесі болуы керек. Иә, асылдар бізде аз бол­ма­ған! Тек сол асылдар мен абзалдар жайлы айта білейік. Соған асығайық! Бұл ең әуелі дүниеден озып кеткен сол асылдар ал­дын­дағы парызымыз болса, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы мін­детіміз деп білген жөн. Мыр­зағаң бізге осы бір үлгіні көр­сетіп берді, сол үлгілі ізгілікке қазақтың бір ірісі, абзал аға өзі бастап жол салды, сөйтті-дағы биік те, адал сөйлеуді міндеттеп, тіпті аманаттап тұрғандай. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы.