• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Қалықтаған әндер-ай!

318 рет
көрсетілді

Жақында Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шопен» концерттік залында көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, осы оқу орнының оқытушылары, ағайынды композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың ән-романстарынан ашық байқау, яғни қос композитордың вокалдық шығармаларынан орындаушылардың дәстүрлі III бай­қауы өтті. Жастардың музыкалық шығарма­шылығын шыңдау мақсатындағы мұндай мәдени шаралар әлемдік тәжірибеде өте жиі кездесетін жайт. Ал енді өнер додасының ағайынды композиторлардың туындыларына арналып және мұның дәстүрлі шараға айналуы тек қазақ вокалы өнеріне ғана тән жоба болып қалатыны даусыз. Сол себепті де әншілер сайысы еліміздің музыкалық өміріндегі елеулі оқиға саналады. Сонымен қатар, мұны музыканттардың Өнер университетіндегі вокал жанрын дамытуға қосып отырған үлкен үлесі деу керек. Композиция кафедрасының доценті Серікжан мен аға оқытушы Әліби Әбдінұровтар ән-романстарын орындаудан өткен байқауды Қазақ ұлттық өнер университеті мен Композиторлар одағының Астана қалалық бөлімшесі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Вокалдық өнер» кафедрасының меңгерушісі Азамат Жылтыр­көзов төрағалық етті. Елордада үшінші рет өткізілген додаға қатысушыларға қалаулары бойынша композиторлардың таңдаулы бір-бір әні мен романсын орындау міндеттелді. Испания топырағында ХVІ ғасырда бастау алған романстар кереметі қазіргі таңда төрткүл дүниенің кез келген бұры­шына тарап үлгерген. Олардың аттары әртүрлі болғанына қарамастан, нәзік иірімі, лирикалық сазы бір-біріне егіз қозыдай ұқсас болғандықтан жас жанр қазақ ұлттық ән көгінде де қанатын қомдап, дамып келеді. Өйткені, халқымыздың ән өнеріне романстар ешқашан жат болған емес. Шетелдерде романсты Л.Бетховен, Ф.Шу­берт, Р.Шуман, Ф.Шопен, Ф.Лист сын­­­ды ұлы тұлғалар көкке өрлетсе, қа­зақ роман­сының алыбы А.Жұбанов, М.Тө­лебаев, Е.Брусиловский, Л.Хамиди, Қ.Қо­жамияров, С.Мұхамеджанов, Е.Рах­ма­диев, Ғ.Жұбанова музыкаларымен ас­қақтады. Соған орай ән-романстар Қазақ­стандағы көптеген шығармалардың бейнелі бедеріне айналғаны бұлтартпас шындық. Ән өнерін насихаттау, шығармашыл жастарды қолдау, талантты жас музыканттарды іздеп табу – вокалшылар байқауын өткізудегі басты мақсат. Қатысушылар байқау бағдарламасы талабына сай өнер көрсетіп, шығармаларды жатқа орындады. Бәйге шартында жасқа қарай ешкімге шектеу қойылған жоқ. Негізінен ақын Жұпар Ақтомпышқызының өлеңдеріне жазылған ән-романстар шырқалды. Өзгелерден бұрын мәре сызығын кескен дүлдүлдер қошеметтеліп, жеңімпаздар дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жоғары оқу орындары студенттері арасында М.Исаева мен А.Қалмағанбетова І жүлдеге ие болса, колледжден М.Ромашов оза шауып бәйге алды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»