• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Жалған кәсіпкерлік жарға жығады

466 рет
көрсетілді

Кеше Жоғарғы сотта «Экономикалық қылмысқа байланысты істерді қарау кезіндегі өзекті проблемалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, онда судьялар, Бас прокуратураның, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің өкілдері осы мәселе бойынша жан-жақты талқылау өткізді. Отырысты ашқан Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Рахметулин еліміз экономикасын дамытудың бір өлшемі ретінде кәсіпкерлердің мүддесі мен құқының қорғалуы екендігін атап көрсетті. Экономика қатынастарындағы құқық бұзушылық әлеуметтік-экономикалық дамуға, нарықтық экономиканы құруға, инвестицияны ынталандыруға теріс әсер етеді. Сонымен қатар, демократиялық мемлекеттің қоғамдық және саяси институттарына нұқсан келтіреді, деді Абай Жамбылұлы. Көлеңкелі экономика мен ақшаны жылыстату ұлттық экономикаға теріс ықпал жасап, мемлекет пен қоғамға және жеке тұлғаларға да қауіп төндіреді. Оның мәліметіне қарағанда, 2016 жылдың 9 айында экономикалық қылмыстарға байланысты 264 іс қаралса, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7,2 пайызға көп. Соның нәтижесінде 285 адам сотталса, соның ішінде 197 адам баламалы жазаға тартылған. Бүгінгі таңда ең бір өзекті мәселелердің бірі, жалған кәсіпкерлікпен байланыс­ты қылмыстық істерді қарау болып отыр. Жоғарғы соттың 2009 жылғы 12 қаңтардағы «Жалған кәсіпкерлік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» және 2004 жылғы 18 маусымдағы «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулыларға енгізілген өзгерістерді түсіндіру барысы не сотқа дейінгі тергеу органдары, не судьялар тарапынан дұрыс жолға қойылмаған. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнаманың және нормативтік қаулылардың талаптарын сақтамау жалған кәсіпорынның контрагенттіктерінің, атап айтқанда, адал кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға алып келеді екен. Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев салық органдары сот тарапынан жалған кәсіпорындар бойынша шешім шықпайынша, оның контрагенттіктеріне салық төлету мүмкін еместігін алға тартты. Бұл кейбір жеке тұлғалардың салық төлеуден жалтаруына алып келеді дейді. Ал жалған кәсіпкерлік жағдайы қазіргі таңда алаңдаушылық тудырып отырғандығымен бөліскен Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары Т.Жанғарашев оның еліміз экономикасына қауіп төндіруде екендігін ерекше атады. Себебі, 2015 жылы мемлекет қоржынына 92 миллиард теңге түспесе, тек биылдың 9 айында келтірілген шығын 94 миллиардқа жеткен. Тағы белгілі болғаны, көлеңкелі экономика ішкі жалпы өнім көлемінің 28 пайызына тең. Оның басым бөлігі жалған кәсіпкерлердің ақшаны жылыстату жолымен жүзеге асырылатын көрінеді. Қазіргі таңда экономикалық тергеу қызметінде жалған кәсіпкерлік бойынша 15 мыңдай контрагенттікті қамтитын 2 мыңға тарта қылмыстық іс қаралуда. Бұған байланысты 66 күдікті қамауға алынған. Өңірлерді аралау барысында 7 мыңдай кәсіпкермен кездескендіктерімен бөліскен «Атамекен» кәсіпкерлердің республикалық ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов арызданушылардың 80 пайызы жалған кәсіпкерлік туралы айтатындығын алға тартты. Осылайша, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңды нормаларын талқылауда біртұтас түсінік қалыптастыру, кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау және бірлесе жұмыс істеу жайы кеңінен сөз болды. Әсіресе, жалған кәсіпорынның контрагенттіктері бойынша әртүрлі пікір алуандығы орын алып, оны заңды тұрғыдан шешу жайы да назардан тыс қалған жоқ. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»