Рио Олимпиадасында бірнеше қазақстандық дзюдошы жүлдегер атанды. Бұл елімізде дзюдоның қарқынды дамып келе жатқанын білдіреді. Рио дүбірі басылғаннан арада екі ай өткенде біз сол ойындардың күміс жүлдегері Елдос Сметовпен кездесіп, қысқаша сұхбат жасаған едік.
– Елдос, Олимпиаданы тағы бір еске алсақ. Еш өкінішіңіз жоқ па?
– Олимпиада мен үшін сәтті өтті. Бұл спорттағы ең үлкен жетістігім. Көңілім толмайтын, өкінетін тұсым жоқ. Тек сәттілік жетіспеді. Дегенмен, күресіме өзім тәнтімін, екінші орын алғаныма өте қуаныштымын.
– Финалдағы қарсыласыңыз Беслан Мудранов ресейлік журналистерге берген сұхбатында «Сметов – өте жылдам. Бірақ соңғы минуттарда шаршап қалады екен, соны байқап дайындалдым» деді. Келісесіз бе?
– Жоқ, мен шаршаған жоқпын. Керісінше, жеңіске деген күш-жігерім оянып кетті. Өзіме қатты сеніп, эмоцияға беріліп қойдым. Ал техникалық, физикалық, психологиялық тұрғыда бәрі өте жақсы болды.
– Дзюдода ең көп қолданатын әдісіңіз қандай?
– Шын балуанға оң мен солы бірдей ғой. Сол сияқты екі жаққа да кіре беремін. Бір әдісті жиі қолданатын спортшылар қатарынан емеспін.
– Татамидегі қарсыластармен өмірдегі қарым-қатынасыңыз қандай?
– Өмірде ешқайсысымен қарсылас емеспін. Сәлеміміз түсу, араласамыз, бір-бірімізді сыйлаймыз, ішке бүккен сырымызды жасырмай баяндамасақ та, ортақ тақырыптағы әңгімелер табылып жатады. Дос деген атауға лайықтылар да бар, лайықсыздар да табылады. Оларды, халықаралық сындарға бірге қатысып жүрген шетелдік дзюдошыларды таныстар категориясына жатқызамын.
– Татамиге қашан шығасыз?
– Жарысты Дюсельдорфта өтетін халықаралық «Grand Prix» турнирінен бастаймын. Оол келесі жылы ақпан айында өтеді.
– Кумиріңіз кім?
– Дзюдодағы кумирім – Тадохиро Намура. 60 келіде Олимпиаданың үш дүркін чемпионы ретінде тарихта аты қалған спортшы.
– Олимпиада чемпионы болып жатсаңыз, ережесіз жекпе-жекке ауысатын ойыңыз бар ма?
– Жоқ, ондай мақсатым жоқ. Ол денсаулыққа өте зиян спорт түрлерінің бірі.
– Спортшылар әдетте бір Олимпиададан кейін спорттық карьерасын аяқтап жатады. Бұл жайлы ойлап көрдіңіз бе?
– Екінші орын алғаным да жақсы болған шығар. Рио Олимпиадасында алтын алғанымда, cпорттық карьерамды аяқтауым да мүмкін еді. Себебі, қалған жарыстардың бәрінен алтын медаль алып болғам. Тек Олимпиада алтыны жетіспей тұр.
Риодағы олқылықтың орнын толтыратын кез келетініне сенемін. Жеңілген күреске тоймас дейді ғой. Рио Олимпиадасында марапаттау сәтінен кейін «Мына алтын медаль менің мойныма тағылуы керек. Мына әннің орнына қазақтың әнұраны шырқалуы керек» деп, іштей бұлқынып тұрдым. Құдай қаласа, Токиоға барамын. Спортшы болғаннан кейін алтын үшін еңбек етемін. Бірақ, кім біледі, алдағы төрт жылдықта менен де мықты спортшы ел ішінен шығып қалар. Олимпиада ойынына қатысу үлкен бір жетістік.
– Жаттықтырушы болғыңыз келе ме?
– Шынымды айтсам, әлі жаттықтырушылық туралы ойланып көрмедім. Қазақта «Екі қайықтың басын ұстаған суға кетеді» дейді ғой. Спорт жолымды әлі де жалғастырып, келесі Олимпиадаға дайындаламын. Олимпиаданың алтын медалін алам деп алдыма мақсат қойған соң соған жетуім керек. Басқа ештеңе ойламауым керек, басқа ештеңені жоспарламауым қажет. Қазірден әр нәрсенің басын бір шалсам, мақсатыма жету қиындайды.
Әңгімелескен Әйгерім Тоқсанбек