• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2016

Отырар кітапханасы: Аңыз бен ақиқат

2865 рет
көрсетілді

Бәйдібек ауданынан Мұхтар Тұрдалиев ақсақал хабарласты. Бірінші рет емес. Әлденеше рет. Сұрайтыны, білгісі келетіні бір хабар: «Отырар кітапханасының жатқан жері туралы мақала газетке қашан шығады?» Енді мәселенің мәнісіне келейік. Мұхтар Тұрдалиев өткен ғасырдың 80-ші жылдары кеңшарда санаулы мансап иелерінің бірі болыпты. Қызмет жақсы, бала-шаға дін аман. Алаңдайтындай ештеңе жоқ сияқты. Бір күні түс көреді. Басында сәлде, үстіне жібек шапан киген, қолында кітабы бар мауыздай жігіт ағасы кіріп: «Мен Әбу насыр әл-Фарабимін», деп өзін таныстырады. Шыңғыс хан шапқыншылығына ұшыраған көне Отырардың бай кітапханасы қай жерге көмілгенін айтып, «Соның қазылып алынуына сен мұрындық боласың», дейді. Бұл кісі өңі ме, түсі ме екенін айыра алмай: «Ау, мен Отырар қалашығының орнын осы кезге дейін көрген адам емеспін, қалай табамын?!» деп шырылдағанымен әлгі адам «Онда өз обалың өзіңе» деп шығып кеткенге ұқсайды. Ұйқыдағы түстен бастығырылып қалған адамның сөзі ғой деп хикаяны осы жерден тәмамдауға болар еді. Бірақ, осы кезге дейін ойнап-күліп алаңсыз жүрген Тұрдалиевтер отбасына үлкен әбігершілік кірген екен. Түс ауық-ауық қайталана берген. Сонымен бірге, отбасында бақытсыздық көбейе беріпті. Өзі ауруға ұшыраған, сүйіп-күйіп қосылды деген ұл-қыздары отбасыларымен бірінен соң бірі ажыраса бастаған. Жұмыстан мән кеткен, соңында зайыбы дүниеден өтеді. Мұхтар ақсақал осыны айтқанда өзіміз де тіксініп қалдық. Бірақ, «Егемен Қазақстан» түс көрдім, пәленше аян берді деп ғылыми дәлел-дерегі жоқ материалды шығара салатын басылым емес. Оның үстіне, шапқыншылыққа ұшыраған Отырар кітапханасының қай жерге жасырылғандығы туралы алып-қашпа әңгіме көп. Бір қойшы Ұлытаудың етегінде қой бағып жүріп түлкі індетіп сол жерден теріге жазылған кітап тауып алыпты-мыс. Ол жер кітапхана болуы мүмкін-ау. Осылай кете береді. Мұхтар көкемізге де осы жағдайды айтсақ, илігер болмады. Амал жоқ, Түркістан сапарынан келгенде сол кездегі бас редактор Жанболат Аупбаев ағамыздың алдынан өтуге тура келді. Сол кездесуге арнайы келген Мұхаң барлық жайтты айтып берген. Көрейік дегеннен кейін бір күні Мұхтар Тұрдалиев бастаған азаматтармен бірге көне Отырар қалашығының орнына келдік. Біз барғанда жаңбыр шелектеп құй­ып тұрған еді, тайғанақтап жүріп межелі жерге зорға жеттік. Мұхаң он жылдан бері талай мекеме­нің табалдырығын тоздырған­ға ұқсайды. Оның айтуымен академик, археолог Карл Байпақов арнайы мамандармен келіп, көрсетілген жерді біраз қазып, қаржыландыру жеткіліксіз болғандықтан жұмысты тоқтатыпты. – Мен айтқан жер басқа еді, Байпақов сәл қиыс қазыпты, – дейді Мұхаң ақсақал. Ол бізге осы жерде жатқанына кепілдік беремін дегендей қылды. Өзінің күні кешеге дейін Отырар қорғанын білмегенін, осында­ғы аршылған қала аумағын, тарихи жәдігерлерді түсінде көргенін айтып, міне, иманым деп тұрған­нан кейін сенгендей болдық. Әйтсе де ақсақалдың ауанымен жүріп кетуге болмайтын еді. Отырар мемлекеттік-археоло­г­ия­лық қорық-мұражай­ының ди­рек­торы, тарих ғылымдарының кан­дидаты Есжан Ержан Әуес­ханұлымен сөйлескенімізде, біраз жайтқа қаныққандай болдық. Карл Байпақов қазып, қол сілтеп кеткен кезден беріде талай оқиға болғанға ұқсайды. Шымкенттің Торғын Аман­гелиева деген тұрғыны: «Қайырхан түсіме кіріп, Отырар кітапханасын қай жерге көмгенін көрсетті», деп та­лай лауазымды азаматтардың табалдырығын тоздырыпты. Бір қызығы, екеуінің көрсетіп отырған жерлері екі басқа. Бұған қосымша, Отырар кітапханасының өмірде болғанына күмәнданатын, өйткені ол туралы ешқандай тарихи дерек­тер жоқ­тығын алға тартып жатқандар да табылып жатыр. Солай-ау деп қоя салайын десең, Фараб қаласынан шыққан ғұламалардың біразы сырттан оқыды дегеннің өзінде қалғандары өзі дүниеге келген қа­ладан ұзамады ғой. Тақырыпқа қайта оралар бол­сақ, Мұхтар Тұрдалиев ақсақал өзінің тү­сін­де көргенінен еш айнымақ емес. «Мен осы арқылы атақ шығарай­ын де­ген адам емеспін. «Кітапхана­ның орнын сен көрсетесің», деп әру­ақ мазамды алып, отбасым ойрандалу­ға сәл қалды. Маған айтылған жерді қазса болды, басқа ештеңе керегі жоқ. Сонда отбасымда тыныш­тық орнайтын шығар», дейді. Ал Отырар қорық-мұражайының директоры екі тараптың айтқанына күмәнда­нып отыр. Қазақстан тарихында Отырар ең көп шапқыншылыққа ұшыраған қала. Археологтар қан­ша қазба жұмыстарын жүргізгенімен, айтарлықтай олжаға кезікпеген. Мұхтар Тұрдалиев лауазымды адамдарға көп шағымданған­нан кейін сегіз метр тереңдікте деп бол­жанған қазба жұмыстары­ның шығынын есептеп бер­ген. Ол 20 млн теңге шамасын­да болады. Тұрдалиевті қолда­ған ұлық азамат бес-алты жерден экс­каватормен қазуды ұсынып, трактор беретіндігін айтқан. Бұл ен­ді, қазба жұмыстарының жай­­ын білмейтін адамның сөзі, тарих­ты талқандау. Аталған қаржы жоқ. Жоқ болатын себебі, бір шал түс көрді екен деп министрлік қаржы бөле алмайды. Ғылыми негіз жоқ болғандықтан, Отырар қорық-мұражайы директорының да дымы құрып отыр. Басқаша айтқанда, «Былай тартсаң арба сынады, олай тартсаң өгіз өледінің» кері. Жабулы қазан жабулы күйінде қала берсін дейін десең, Мұхтар ақсақал: «Ол жерді аршып көрсетпесем, отбасым қирап бітетін болды», деп құдайдың зарын қылады. Не істемек керек?! Бұған Мәдениет және спорт министрлігі не уәж айтады? Оңтүстік Қазақстан облысы Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»