Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне шаруашылықтардың ұсақтығы кері әсерін тигізуде. Жамбыл облысында 100 гектарға дейінгі жер телімі бар шаруашылықтардың үлесі 70 пайызды құрайды. Әрине, өңірде шаруашылықтарды біріктіру, ірілендіру жұмысы назардан тыс қалған емес. Майда болған соң бұл шаруашылықтардың шаруасы да, машақаты де шаш-етектен. Не несие ала алмайды, не мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалана алмайды.
Жақында Жамбыл облысында сүт кластерін дамыту, сондай-ақ кооперативтерге шағын шаруашылықтарды біріктіру мақсатында жаңазеландиялық «Fonterra» және Даниялық «Arla» бағдарламалары бойынша Меркі ауданында құрамына 42 шаруашылық біріккен «Меркі өнімдері» өндірістік кооперативі құрылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Анабековтің айтуына қарағанда, алдағы уақытта бұл өндірістік кооператив төңірегінде 70-200 басқа дейін асыл тұқымды сауын сиыры бар тауарлы-сүт фермалары құрылатын болады. Кооператив олардың төңірегіндегі сүт өндірушілерді, мал азығын дайындаушыларды ұйымдастыра отырып, дайын өнімді өткеру жұмыстарымен айналысады. Бұл мақсатта сүт бағытындағы 1000 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуды қаржыландыратын шағын несие мекемесі де жұмысын бастады.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы