• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2016

«Фронт кеңсе» – теңдесі жоқ жоба

303 рет
көрсетілді

Әкімдікке зәру шаруасымен бір азамат бас сұғады. Денсаулығы тастай, тепсе темір үзетін жігіт болса бір сәрі, белі бүкірейген кейуана, қарға адым жер жүруі қиын мүмкіндігі шектеулі жан да шаруамен келеді. Бастыққа кіріп, қағазына қол қойғызуға рұқсат алу үшін сағаттап кезек күтеді. Одан керегін алған соң, тағы бір-екі мекемені адақ­тайды. Әупірімдеп жүріп бір шаруасының ұшығына жету үшін бір апта уақытын жұмсайды. Ал осы апталық шаруаны бірер сағатта еш­кімнің есігін қақпай-ақ шешіп тастауға болады. Шымкентте ашылған «Front office» мем­ле­кеттік қыз­мет көрсету орта­лығы осы мақсатқа арналған. Т.Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан «Фронт кеңсенің» ашылу сал­­танатына облыс әкімі Жан­­сейіт Түймебаев пен об­лыс­тық, қалалық мәс­лихат­тардың депутаттары қатысты. Қала әкімі Ға­би­дулла Әбдірахымовтың ұйыт­қы болуымен ашылған қалалық әкімдік қызметінің барлық түрі «Бір терезе» қағидатымен жүргізіледі. – Бұл жақсы бастама, – деді облыс басшысы. – Енді орталықтың жұмы­сын халыққа насихаттап, кеңінен таныстыруымыз керек. Сонымен бірге, облыс­тағы барлық аудан, қала әкім­діктерінің мамандары осында келіп үйреніп, тәжіри­бе алмасқаны дұрыс. Осы­лайша, толықтай ашық­тықта жұмыс істеп, халыққа қызмет жасауымыз керек. Қала әкімдігі өз кезе­гінде қызмет көрсету жоба­сының смартфондарға арналған қосымшасы да­йындалып жатқандығын айтты. Мұн­дағы жаңашылдық – өті­ніш иесінің құжаттары қа­был­­данғанда оған арнайы бақы­лау коды беріледі. Тір­­­­кеуге алынған өтініш штрих-код арқылы арнаулы ме­кемелерге жіберіліп, жауа­­бы өтініш иесіне жол­дана­­ды. Ал жұмысының қан­­­ша­­лықты атқарылып жат­қан­­дығын білгісі келген тұр­ғын бақылау коды ар­қы­­лы салдарын анықтай алмақ. Қазіргі уақыт босбел­беу­лікті көтермейді. Өрке­ниет­ті елдер әлдеқашан өтіп қойған орталық қызметінен тұрғындардың ұтары көп. Біріншіден, сен салар да мен салар қағазбастылықтан құтылады. Кеңсеге кірген адам бұрын өтінішін қа­нағат­тандыру үшін лауазым иесіне сыйлық беруге ты­рысатын. Ал бұл – сыбай­лас жемқорлыққа апара­тын жағдай. Енді оған да жол берілмейді. Жаңа жоба 400-ден ас­там мемлекеттік қызмет тү­рін көрсетеді деп күтілуде. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы