• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2016

Кең көлемді келісімдер

413 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы серіктестікке соны серпін беретін болады Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары болып өтті. Сапары барысында Қазақстан Президенті Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз әл Саудпен келіссөз жүргізді. Кездесулер мақсаты – әріптестікке қарқын қосу Араб елдері арасында Қазақ­стан­ның тәуелсіздігін бірінші болып таныған мемлекет – Сауд Ара­бия­сы Корольдігі. Нақтылай айтқан­да, бұл ел бізді дербес мемлекет ретінде 1991 жылдың 30 желтоқ­са­нын­да таныды. Ал екі тараптың дипло­матиялық қарым-қатынасы 1994 жылдың сәуір айынан бастау ала­ды. Осы аралықта түрлі салалар бойын­ша екі жаққа да аса маңызды, жоға­ры деңгейлі көптеген құжаттар бекі­тілді. Бұл мемлекетаралық, үкімет­аралық, ведомствоаралық келісім­дер, хаттамалар мен меморандум­дар тараптардың бүгінгі байланыстарына негіз болуда. Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясына 1994 жылы жасаған ресми сапары екі жақтың өзара байланыста­ры­на жол ашып берді. Содан бері тарап­тар­дың арасында достық рәуіштегі қаты­настар үзілген жоқ. Бұл өз кезегінде қос мемлекеттің бір-біріне деген серік­тестігінің нығая түсуіне ықпал етіп келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Ко­роль­­дігіне жасаған ресми сапары табыс­ты өтті деп айтуымызға әбден бо­ла­ды. Елбасының Король Салман бен Әбдел Әзиз әл Саудпен кездесуі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Келіссөздер барысында мемлекеттер бас­шылары Қазақстан мен Сауд Арабия­сы ынтымақтастығының негізгі ба­ғыт­тарын, атап айтқанда, сауда-эко­номикалық, саяси және мәдени-гу­ма­нитарлық салалардағы байланыстарды нығайту жолдарын талқылады. Бұдан бөлек, тараптар өзара іс-қимылдың түрлі са­лаларында, соның ішінде ауыл шаруа­шылығында зор әлеуетке қол жет­кізілгенін және бұл бағытта қарқын­ды даму бар екенін атап өтті. Қазақстан басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымының Бас хатшысы Ияд ибн Әмин Маданимен кез­де­суінде де маңызды жағдаяттар тал­қыланды. Нақтылай айтқанда, келіссөз барысында еліміздің Ис­лам Ынтымақтастығы Ұйымына мү­ше­лігі аясындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі тұстары сөз болды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құ­рыл­ған, бүгінде құрамына 32 ел кіретін Хал­ық­аралық азық-түлік қорының жұмы­сын уақыт талабына сай дамыту ісі де бұл басқосуда әңгіме өзе­гі­не айналды. Өз кезегінде Ияд ибн Әмин Ма­дани Елбасын Қазақстан Тәуел­­сіздігінің 25 жылдығымен құт­тықтады, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақ­тық қақтығыстарды реттеуге бағыт­талған барлық бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Елбасының Ислам даму бан­кінің президенті Бандар бен Мұхаммад Хад­жармен кезде­суінде тараптар Қазақстан мен Ис­лам даму банкі арасындағы ынты­мақтастықтың өзекті мә­се­ле­лерін талқылады. Қазақстан басшысы еліміздің экономикасын нығайтуға және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға Ислам даму банкі елеулі үлес қосқанын атап өтті. «Қазіргі таңда біз «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығын құру­дамыз. Ислам даму банкі оның қызметіне ат салысатынына сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кездесу барысында  аталған банк пен Қазақстанның ортақ жобаларының жалпы құны 1,3 млрд доллардан асқаны атап өтілді. Айта кетейік, 2015 жылы Ислам даму банкі құны 665 млн доллар болатын 4 жобаны қабылдап алған болатын. Бандар бен Мұхаммад Хад­жар біздің республикамен табыс­ты ынтымақтастық одан әрі жал­ғасып, өзі басқаратын банк Қа­зақстан экономикасын дамытуға бағытталған жобаларға қатыса береді деп үміттенетінін жеткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сапары аясында «Amiantit Group» компаниясының вице-президенті, ханзада Турки бен Мұхаммад бин Фахдпен кездесті. Әңгіме барысында қазіргі өзара іс-қимылдың бірқатар мәселелері қарастырылып, алдағы уақыт­тағы ынтымақтастықтың бола­шағы қозғалды. Ал су инжинирингіне жә­не мұнай-газ саласына ар­нал­ған құбыр шығаруға ма­ман­данған «Amiantit Group» компа­ниясының басшылығы өз кезе­гінде Қазақ­станда қолайлы инвес­тициялық жағдай жасалып отырғаны үшін ризашы­лығын білдірді. Сонымен бірге, тараптар әріп­тестік қарым-қатынастың, өзара ынты­мақ­тастықтың одан әрі дами беретініне екпін түсірді. Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігі аш-Шура Меджлисінің басшысы Абдуллах ибн Мұхаммед Әл-Шейхпен кездесуі кезінде Қазақстан мен Сауд Арабиясының өзара қарым-қаты­на­сын жаңа деңгейге көтеру қажеттігі атап өтілді. Елбасы өз сөзінде қол жеткі­зілген уағда­ластықтардың іске асаты­нына сенім білдірді. Ал Абдуллах ибн Мұ­хаммед Әл-Шейх өз кезегінде Қазақ­стан Президентін екі ел арасындағы қаты­нас­тарды одан әрі нығайту үшін барынша күш салатынына сендірді. Саудиялық іскер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Король­дігінің іскер топтары өкілдерімен кез­десуі бұл сапардың маңызын одан әрі арттыра түсті. Сауд Арабиясының ірі кә­сіп­керлері Елбасының сөздерін ықылас қоя тыңдап, әрі өздерінің де Қазақстанға қатысты көзқарастары мен жос­парларын айтуға асықты. Сауд Арабиясының  әлемдік дең­гей­де жұмыс жүргізетін жетекші компа­ния­ларының бас­шылары қатысқан бұл басқосуда Мемлекет басшысы Сауд Ара­­биясы біздің елдің Таяу Шығыс ай­мағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін жеткізді. – Екі ел арасындағы 2015 жылы 16,3 млрд долларға жеткен тауар айналы­мы көлемін бү­гінде айтарлықтай артты­руға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде Ко­роль­дік компанияларының қатысуымен Қазақстанда 17 ұйым жұмыс жүргізуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынты­мақ­тас­тығының перс­пективалы бағыт­тарына да тоқталып өтті. Олар­дың арасында тау-кен метал­лур­­гиясы кешені, мұнай химиясы, ауыл шаруа­шылығы, қаржы және ислам бан­кингі, атом өнеркәсібі бар. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы сияқты Қазақстанның да табиғи ресурс­тарға бай екеніне назар аударды. «Соған қарамастан, біз эко­номиканы әртараптандыруға ба­ғыт­талған реформаларды іске асы­руда­мыз. Қазақстанның стра­те­гиялық мақса­ты – әлемнің ең озық 30 елінің қата­рына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің негіз­гі жолы елдегі кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске барынша жеңіл­діктер қарасты­рып, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау», – деді Қазақстан Пре­­зиденті. Нұрсұлтан Назарбаев іскер­лік және инвестициялық ортаны жақсарту үшін Қазақстанда қолға алынып жатқан жүйелі шараларға тоқталды. «Дүниежүзілік банктің «Бизнеспен айналысу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 41-ші орынға ие болды. Бизнес үшін әкімшілік кедергілер мейлінше азайтылды. Қазір бізде 10 арнайы экономикалық аймақ құрылып, онда либералды салық режімі қол­даныла отырып жұмыс жүргі­зілуде», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Сауд Ара­биясы кәсіпкерлерін Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асы­руға белсене қатысуға ша­қыр­ды. «Өз кезегінде Қазақстан жан-жақ­ты қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, инвес­тор корпоративтік табыстан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазір республикада ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүр­гізіліп жатқанын айтты. «Жал­пы құны 10 миллиард доллар болатын 800-дей ме­м­лекеттік кәсіп­орын бәсекелестік ортаға шығарылды. Тізімге мемлекеттің үлесі бар тау-кен металлургиясы, мұнай өңдеу, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындар, инфра­құрылым нысандары енгізілген. Сауд Арабиясы компанияларының осы же­кешелендіру шарасына қаты­суын қол­даймыз», – деді Қазақстан Президенті. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев «Ас­­тана» халықаралық қар­жы орта­лы­ғының жұмысына жә­не келер жылы «Болашақтың энер­гиясы» тақырыбы бойынша өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне тоқ­талды. Сауд Арабиясы бизнес құры­лым­дарының жетекшілері Қазақ­станда жасалып жатқан қолайлы инвестициялық жағдай үшін Мем­лекет басшысына алғыс біл­ді­ріп, ынтымақтастықты да­мы­туға дайын екендіктерін жет­кіз­ді. Атап айтқанда, олар ауыл ша­руа­шылығы, мұнай өңдеу, метал­лургия және атом энерге­тикасы салаларына қызы­ғу­шылық танытты. Мәселен, мұнай-химия сала­сын­дағы «Әл-Замиль» компа­ниялар тобы басқармасы кеңе­сінің төрағасы Абдрах­ман Аб­далла әз-Замиль, құс өсірумен және егін шаруашылығымен шұ­ғыл­данатын «Әл-Рамзес» ком­па­ниясының президенті Шейх Абдулла Заид әл-Мелеихи, «Ме­тал Корнерс» холдингінің пре­зи­денті Нассер Әли Салман әл-Агел сынды саудиялық ірі компа­ниялардың жетекшілері Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың жүргізіп отырған саясатының арқасында Қазақстанның көп­теген салаларда үлкен табыс­тарға жетіп отырғанын, 25 жыл­дың ішінде тұрақты дамуға қол жеткізген ірі мұсылман елі екенін атап өтті. Сонымен бірге, олар Қазақ­стан мен Сауд Арабиясы ара­сын­дағы іскерлік байланыс­тардың келешегі зор екеніне назар аударды. Олардың айтуына қарағанда, Қазақстанда жұ­мыс істеуге, сауда-саттық жасауға жақсы жағдай жасалған. Әсіре­се, Қазақстанның саяси тұрақ­тылығы, ішкі татулығы кәсіп­керлер үшін еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, саудиялық ірі компаниялардың өкілдері Астананың бүгінгі ты­ныс-тіршілігін, оның қарқынды дамып келе жатқанын, аз ғана уақыттың ішінде әлем көз тіккен орталыққа айналғанын сөз етті. Соңында Қазақстан Прези­денті өзара тиімді серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері жасала бере­тінін және оның перспективасына сенімді екенін айтып, Сауд Арабиясы бизнесінің өкілдеріне табыс тіледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Ара­бия­сына жа­са­ған ресми са­пары­ның қо­ры­тын­дысы бойынша БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өт­кізді.   Қол қойылған келісімдер құны – 60 млрд теңге «Сапар аясында энерге­тика, тау-кен саласы, ауыл шаруа­шы­лығы, сауда-сат­тық­қа қатысты жалпы құны 60 млрд теңге­ден аса­тын бірқатар келісімге қол қойыл­ды. Атап айтқанда, олардың арасында Оң­түстік Қа­зақ­стан облысындағы құс фаб­ри­касы, Ақмола облысындағы азық-түлік өндірісі жөніндегі келі­сімдер бар. Қа­зіргі таңда Қазақ­станда Сауд Ара­бия­сының қаты­суымен 17 кәсіпорын жұмыс жүр­гізуде», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті тауар айналымын ұлғайтуға логис­тикалық қиын­дықтар кедергі келтіріп келгенін атап өтті. «Бұл ретте біз болашақта жемісті ынтымақтастық орнату үшін Жол картасын жасап, екіжақты үкіметаралық комиссия, экономиканың жекелеген салалары бойынша жұмыс топтарын құру туралы келісімге келдік. Біздің елде ортақ жоба­­ларды қаржыландыру үшін бірлес­кен инвестициялық қор құру ту­ралы уағдаластыққа қол жеткізіл­ді. Сондай-ақ,  мен саудиялық се­рік­тес­терімізді инвес­тициялық-инно­ва­циялық жоба­ларға, «Нұрлы жол» бағдар­ламасына ат салы­суға шақырдым. Бұл Қазақ­станның пайдасы үшін ын­тымақ­тастық орнатуға өте жақсы не­гіз болады», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Ко­роль­дікпен өзара іс-қимылдың перспек­тивалы бағыт­тарына назар аударды. «Сау­диялық серіктестеріміздің күн мен жел энергетикасын пай­далану тәжіри­бесі бар. Сауд Ара­биясы энергетика саласын­дағы өздерінің жаңа әзірле­ме­­лерімен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сіне белсене қа­тысатын бола­ды. Сондай-ақ, келіссөздер бары­сында біз мұнай мен газ сала­сындағы жүргізіліп отыр­ған саясатты талқыладық. Жал­пы, біз осы өңірдегі маңызды бұл елде өте пайдалы әрі аса қа­жет­ті кез­десулер өткіздік деп са­най­­мын», – деді Қазақстан Пре­зи­денті. Мемлекет басшысының Сауд Ара­биясына ресми сапары аясында төмен­де­гідей маңызды құжаттарға қол қойылды: – Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі ара­сындағы Сот­талған адамдарды беру туралы шарт; – Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі ара­­сын­дағы ұстап беру  туралы шарт; –  Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Сауд Арабиясы Ко­роль­­дігінің Үкіметі арасын­дағы Атом энергиясын бейбіт мақсат­та пайдалану саласындағы ынты­мақ­тастық туралы келісім; – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруа­шылығы министрлігі арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы ынты­мақ­тастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум. Осылайша, Қазақстан Пре­зи­дентінің Сауд Арабиясына жа­саған ресми сапары жоғары деңгейде өтті деп түюге әб­ден болады және бұл сапардың  екі елдің арасындағы түрлі бағыттардағы бай­ла­ныстарын сапалық жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» –  Эр-Риядтан (Сауд Арабиясы) Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды