«Астана ЭКСПО-2017» ұйымдастырушы кеңсесіне Америка Құрама Штаттары мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Томас Альфред Шеннон басқарған АҚШ делегациясы келді. Алдымен америкалық дипломаттар ЭКСПО павильондарын аралап шықты, кейін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовпен кездесті, деп хабарлайды egemen.kz BNews.kz-ке сілтеме жасап.
«Мен Астанаға кеше кешкісін келдім. Бұл менің алғашқы ресми кездесуім. Біз ЭКСПО-2017-геқатысамыз. Жаңа ғана АҚШ орналасатын павильонды көрдім. Тамаша ғимарат, таңғажайып павильон», – деді Томас Альфред Шеннон.
Мемлекеттік хатшының орынбасары атап өткендей, ЭКСПО АҚШ-пен қарым-қатынас арасындағы маңызды элемент ретінде қарастырылып отыр. Қазақстан үшін жаһандық, оның ішінде энергетика саласындағы өз мүмкіндігін көрсететін үлкен мүмкіндік, деп хабарлады көрменің ресми сайты.
Ахметжан Есімов АҚШ-тың көрмеге қатысуының маңыздылығын айтты.
«Биыл 2 мәрте АҚШ-та болдым. Баламалы энергия көздерін пайдалану бойынша қаншалықты қарқынды жұмыс атқарылып жатқандығын білемін. Бұл – жаңа технология мен заманауи ғылымижобалар бойынша алдыңғы қатардағы мемлекет» – деді ұлттық компанияның басқарма төрағасы.
Кездесу соңында АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға байланысты мәселелерді мейлінше жылдам шешуге тырысатындығын айтты.