Жамбыл күрес мектебінің тәрбиешісі Мейіржан Әшіров студенттер арасында 65 келі салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы атанды.
Бұл күндері түркиялық Чорум қаласында студенттер арасында еркін, грек-рим және әйелдер арасындағы күрес бойынша жарыстар өтіп жатыр. Еркін күрес бойынша Қазақстан құрамасына кіргендер: Тимур Айтқұлов (61 кг), Мейіржан Әшіров (65 кг), Азат Сақаев (70 кг), Болат Сақаев (74 кг), Әділет Давлумбаев (86 кг) және Бақдәулет Әлментай (97 кг).
Грек-рим күресі бойынша ел намысын Ернұр Фидахметов (59 кг), Демеу Жадыраев (71 кг) және Антон Савенко (130 кг) қорғайды. Жарыстың бірінші күні 57, 65, 74, 97 кг салмақ дәрежесінде спортшылар еркін күрес бойынша сынға түсті. Бұл күні ел намысын қорғаған екі палуанның бірі Мейіржан Әшіров финалға шықты. Шешуші сында Мейіржан Молдавия өкілімен кездесіп, матчты 10-7 есебімен өз пайдасына аяқтады. Бүгін Чорумда 61, 70, 86 және 125 кг салмақ дәрежесіндегі спортшылар сынға түседі.