Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының «Сыған серенадасы» спектакліне көрермен болып келіп, театр ұжымын қуанышқа кенелтіп қайтты. Сахнаға көтерілген қала әкімі театрдың 90 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, өнер ұжымына су жаңа Hyundai микроавтобусын сыйға тартты.
«Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрын 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Өз тарапымыздан сіздердің әрбір бастамаларыңызға қол ұшын беруден аянбаймыз. Биылғы жыл мерейтойларға толы болды. Тек мерейтойлар легінің өзі 20-ға жетті. Құрылғалы бері көрерменге 465 қойылым ұсынған театр әр маусымда 45 спектакль ұсынып, оны 100 мыңға жуық өнерсүйер қауым тамашалады. 91-маусымнан бастап өзінің ғасырлық белесіне беттеген ұжымға шығармашылық табыс пен шабыттың шырқауын тілеймін. Өнер ордасының биылғы мерейтойына орай театр ұжымына 12 орындық жаңа Hyundai микроавтобусын сыйға тартуды ұйғардық», деп қала әкімі көлік кілтін театр директоры Ерлан Біләловке табыстады.
Қаладағы әр түрлі мекеме ұжымымен, мектеп, жоғары оқу орындары студенттерімен кездесуге, гастрольдік сапарларға жиі шығатын театр әртістеріне көлік зәрулігі бұрыннан сезілетін. Қара шаңырақ театр еліміздегі ең үлкен өнер ордаларының бірінен саналса да, талай жылдан бері шығармашылық топ алыс-жақын елді мекендерге гастрольдік сапарларға шыққанда көлік жағынан қиналып келе жатқаны рас. Бір облыстың көлемінде кемі екі-үш ауданды аралап, келесі көрші облысқа аттанып кетуіне тура келетін кез жиі болады. Сондай уақытта актерлардың жүріп-тұруына ыңғайлы дербес көліктің қажеттілігі тіпті, байқала түсетін.
Театр ұжымының көп жылғы тілегі мен зәрулігін ескеріп, өнерге қолдау танытып, қала тұрғындарының атынан көлік сыйлаған Бауыржан Қыдырғалиұлының сыйлығына әртістер балаша қуанды. Театр директоры Е.Біләлов талай жылғы мұқтаждықтың орны толып, оңтайлы шешімін тапқанына ұжым атынан алғысын білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ