• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2016

Алматы облысы әкімі сәбилердің өліміне байланысты жиын өткізді

273 рет
көрсетілді

Облыс әкімі бұған бей-жай қарамайтынын айтты Жақында Алматы облысы, Қарасай аудандық орталық ауруханасында үшем дүниеге келіп халқымызды ерекше қуанышқа бөлеген еді. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмай нәбары алты күннің ішінде үшемнің біреуі шетінеп кеткені өкінішті болды. Құдайға тәу­бе өзге екі бала аман. Бірақ бұл өкініш ешкімді бейжай қалдыр­мады. Міне, осы мәселеге орай Алма­ты облысының әкімі Аман­дық Баталов шұғыл жиын өткізді. «Қолымыздағы үш сәбидің бірінен және олардан бөлек туған тағы бір нәрестеден қалай айыры­лып қалдық? Себеп не? Қандай да бір ем жасап, жандарына араша түсуге болмас па еді? Үшем туыла бермейді. Ал, дәрігерлер, сендер кәсіби ма­ман­дықтарыңа кірісерде ант бердіңдер ғой. Қажет болса кәсіби мамандарды Германиядан әкеліп сәбилерге ем жасатуға шамамыз бар ғой. Кәсіби шеберлігі шың­далған дәрігерлерге толы Алматы қаласы да бұл ауданға тиіп тұр», деп өңір басшысы жиынды жауапты тұлғалардың апшысын қуырудан бастады. Бұл салаға қы­руар қаражат бөлініп, бірінен екіншісі асатын ғимараттар медициналық талапқа сай салынып, ішіне әлемдегі ең озық қондырғылар сатылып әкелініп орнатылған. Тек дәрігерлер сол заманауи аппараттардың тілін түсініп, оқи алса, ұғына білсе болғаны. Негізі 2001 жылмен салыстырғанда, денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 31 есеге өскен. Бұл өсімді Амандық Баталовтың Алматы облысына әкім болып тағайындалғанда жұмысын ең бірінші кезекте денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесіп, олардың жұмыс орындарын көруден бастағанының нәтижесі деп түсінген дұрыс. Мінбеге көтеріліп, бейкүнә сәбилер өлімін аналарымен байланыстыра бастаған об­лыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің есебін өңір басшысы кілт кесіп негізгі мәселе бала өліміне нақты жауап беруін талап етті. Сыдыртпа сөзге ерік берілмеді. Өз кезегінде Қа­расай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Сауранбаева осыған дейін алты-жеті құрсақ көтерген 35 жас­тағы ана денсаулығына байланысты мәселелерді меди­ци­налық тілмен түсіндіре тұ­рып, үшемнің анасына жеке мейірбике бөлмегеніне кінәлі еке­нін мойындады. Қалай десек те бір аптада бір перзентханада екі ананың екі сәбиінің шетінеуіне әзірге дәрігерлер то­лық­қанды жауап бере алмады. Қазақы жалпақ тілмен шала ту­ған нәресте деп те ақталып бақты. Сәбилердің 1 кило 400 грамм болып дүниеге келетіндігі туралы мысалдар жетіп-артылады. Сол сәбилердің бүгінде доп ойнап жүргенін естігенде ақ халатты абзал жандарға алғыстан басқа не айтасыз. Ал бүгінгі көтеріліп отырған мәселе дәрігерлерге ре­ніш білдірумен шектелмейтіні анық. Сондықтан бір аптада қос сәбидің шетінеуінің себептерін мұқият тексеріп, он күннің ішінде есеп беруді өңір басшысы бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашевқа тапсырды. Тағы бір баса айтылған мәселе Жетісу жерінде адам өлімінің азаймауының бір себебі дәрігерлердің кәсіби білік­тілік­терінің төмен екендігін Ден­саулық сақтау министрлігінің мәліметі растайтындығы болды. Бұл келеңсіздіктен тиісті қорытынды шығару керектігін өңір басшысы нықтап айтты. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» ТАЛДЫҚОРҒАН