«Егемен Қазақстан» газетінде өткен 1 қазан күні жарияланған Зарқын Тайшыбайдың «Сарғайған сурет сыры» атты мақаласын оқып, зобалаң жылдардағы қазақ даласындағы қияметке құлақ түріп жүрген азаматтың бірі болған соң, №7 суреттегі Мағрифа Қойайдарқызы (өзінің әкесінің аты Мырзағұл, атасы Қойайдар) анамыздың аты көзіме оттай басылды. Сөйтіп, сол мақаланы жариялаған сіздерге, әрине, авторына ырзашылығымды білдірейін және аз да болса Мағрифа анамыз туралы ой бөлісейін деп қолыма қалам алдым.
Мағрифа Мырзағұлқызы Қойайдарова 1903 жылы Орынбор губерниясына қарасты Бөрті болысында туған. Әзберген, Дәрібай атты ағалары болған, Сарыөзек жағында тұрған. Әкесі Мырзағұл қызын алғашқыда медреседе оқытады, одан кейін зирек Мағрифа гимназияда оқиды. 1922-1929 жылдары Ташкент қаласында Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқиды. Студент кезінде өте ажарлы, сұңғақ бойлы Мағрифа қазақ зиялыларының болашақ жарлары, қазақ дәрігер қыздарының алғашқы қарлығаштары Мәдина Қасымова, Дәмеш Ермековамен бірге оқиды, олармен дос болады.
Кейін Мағрифа болашақ жары, қазақ зиялыларың бірі ғалым-агроном Смағұлмен танысып отау құрады. Смағұл Сүлейменұлы Қазбеков Мәскеудегі Тимирязев атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық академиясының түлегі, ВАСХНИИЛ-дің Ташкенттегі Орта Азия және Қазақстан Ауыл шаруашылығы институтының селекционерлік бөлімін басқарады. Смағұл Сүлейменұлы Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Садуақасовпен достық қатынаста болған. Тіпті, Мағжан Жұмабаевтың Смағұл Қазбековке арнаған өлең шумағы да бар. Смағұл Қазбеков ұстазы, дүние жүзіне әйгілі академик Н.И.Вавиловтың жетекшілігімен Қазақстандағы ең алғашқы агроном-ғалым, биолог-генетик дәрежесіне жетеді. Н.И.Вавиловпен бірге ботаникалық-агрономдық экспедиция құрамында АҚШ-тағы Чикаго қаласына іссапармен барып келгеннен кейін, 1937 жылы «үштіктердің» үкімімен «халық жауы» деп жазықсыз тұтқындалып, 1938 жылы 19 ақпанда Шымкентте ату жазасына кесіледі.
Мағрифа анамыз күйеуі жазықсыз айыпталып қамауда отырғасын ішкені ірің, жегені желім болып, жанын қоярға жер таба алмай, мұңын шағатын жан да таба алмай қиналады. Кешегі дастарқандас дос-жарандар, туған-туыстар теріс қарайтын заман туады. 1938 жылы шілденің 28-інде 10 жасар ұлы Ерденді жетектеп, құндақтаулы 5 айлық Еркені көтеріп Шымкенттегі түрмеге келгенде, жендеттер балаларын қолынан жұлып алып, Мағрифа анамызды да түрмеге қамайды. Жаны қиналған сәтте есін жиып, досы Шәкен Мурзинаға «балаларымды аман сақта» деген үш сөз жазып үлгереді. «Халық жауының» әйелі ретінде алғашқыда Алжир-де отырады. Мағрифа анамызды кейін Қарағанды түбіндегі Долинкаға, Карлаг түрмесіне жібереді.
Дәрігерлік мамандық тікен сымның аржағында кәдеге асады. Мағрифа анамыздың адамға деген ізгі қасиеті тар қапаста да жоғалмайды, жаны жаралы жандарға шипа көрсетеді. 1943 жылы Мағрифа анамызды Балқаш қаласындағы еңбекпен түзету лагерінің ауруханасына меңгеруші етіп ауыстырады. Сол жылдардан бастап өзінің сүйікті мамандығы бойынша қызмет жасайды. 20 жылдай сергелдеңмен жүрген Мағрифа анамыздың сарғая күткен құжаты – ақталу үкімі 1956 жылы шығады. Бір жылдан кейін КСРО-ның Жоғарғы сот алқасының 1957 жылғы 21 желтоқсандағы үкімімен жары Смағұл Қазыбековтің ақталған хабарын алады. Бірақ бәрі кеш еді, аяулы адам 1938 жылы атылып кеткен-ді.
Мағрифа анамыз өмірінің соңына дейін Балқаш қаласының халқын емдеуге күш қуатын жұмсады, кеш болса да «Еңбек қызыл ту» орденіне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері» сияқты марапаттарға ие болды. Қарағанды облыстық кеңесіне депутат болып сайланады. Жазықсыз жапа шеккен ұзақ жылдардан жүрекке түскен жазылмайтын жарамен, жарын сағынышпен сарғая күткен аңсаумен өмірі өткен аяулы анамыздың жүрегі 1982 жылы соғуын тоқтатты.
Смағұл Сүлейменұлы Қазбеков пен Мағрифа Мырзағұлқызы Қойайдарова-Қазбекова атында Жезқазған, Балқаш қалаларында көше аттары бар. Мағрифа анамыздың ұлы Ерден Қарағанды мединститутын бітіріп, медицина ғылымдарының кандидаты, хирург болып қызмет жасады. Өкініштісі, өмірден ертерек озды. Ерке Смағұлқызы өмір бойы ұстаз болып зейнетке шықты, төрт баласы да жоғары білімді. Қызы Зәуре Оспанова да әжесінің жолымен мединститутты бітірді, медицина ғылымдарының кандидаты, Денсаулық сақтау министрлігінде балалар дәрігері.
Сарғайған суреттің бір ғана сыры осылай ашылған сияқты. Әлде де ашылмаған көп сырлары бар. Сол суреттегі адамдардың ұрпақтары хабарласар деген ойдамын.
Серік ОРАЛ,
Сәтбаев қаласының құрметті азаматы, зейнеткер
Қарағанды облысы
1956 жылы Балқашта дәрігерлік қызметте
Мағрифа анамыз Ташкентте, 1922 жылдары студент кезі