Елорданың мәдени өміріндегі елеулі жаңалықтың бірі елу жылдан астам уақыттан бері Алматы шаһарымен біте қайнасқан әйгілі «Қазақконцерт» ұйымының Астана төрінде қайта жаңғыруы болды. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК директоры Салтанат Сейдімбекке сұрақтар қойған едік.
– Салтанат Ақселеуқызы, жуырда ғана «Қазақконцерттің» жаңа қойылымына, яғни, мамандандырылған тұңғыш театр мюзикліне куә болдық. Басылымымыз «Енді бізде мюзикл де бар!» деп сүйіншілей жариялады. Одан бөлек, ең басты жаңалық сіздердің Астанаға қоныс аударуларыңыз десек, қателеспейтін шығармыз. Көштеріңіз көлікті болсын.
– Рахмет. Иә, Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен үстіміздегі жылдың қаңтар айында Астана төрінен орын тепкен «Қазақконцерттің» қадамы сәтті басталды деуге болады. Оған өздеріңіз де куә болдыңыздар. «Қазақконцерттің» елордадағы ашылуында өнер ордасының негізінде құрылған «Астана мюзикл» театрының тұсауы кесілді. Көрермен назарына ұсынылған «Достар серті» мюзиклі туралы қазір оң пікірлер айтылып жатыр. Бұл бізге үлкен қуаныш, жаңа серпін сыйлады. Ол сондай-ақ жүз пайыз таза қазақстандық өнім. Либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, қазақ тілінде сөйлеткен драматург, аудармашы – Әннәс Бағдат, қойылымға арнайы музыка жазған композитор – Артур Оренбургский, қоюшы-режиссер – Есләм Нұртазин, хореографтар Әсем Шарифуллина мен Дәулет Мұратбеков – бәрі де өзіміздің өнер майталмандары. Мюзиклде қазақтың көрнекті композиторлары Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиевтың, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасанның» және халық әндері орындалды. Оған қоса, жаңадан жазылған музыкалық туындылар да көрермен көңілінен шықты.
Жалпы, мюзикл – театр, музыка, би, ән, көркемсурет, акробатика, сценография, грим сияқты өнердің барлық түрін қамтитын сан түрлі шығармашылықтың синтезі, озық технологияның қосындысы деу дұрысырақ. «Достар сертіндегі» декоратор, дыбыс және жарық қоюшы режиссерлер, экранға бейнеәзірлеушілер де өзіміздің мамандардың қажырлы еңбегі. Яғни, «Қазақконцерт» – елдорданың мәдени өміріне жаңаша леп әкелді десек артық болмас.
Елордаға көшуге байланысты сұрағыңызға келер болсақ, «Қазақконцерт» – қазақтың ұлттық бренді, республикамыздың мәдениет саласындағы байырғы ұжымдарының бірі. Тарихы тереңнен басталатын «Қазақконцертке» биылғы жылы қайта жаңғырудың сәті түсті. Жаңаша кейіппен Астана төрінен орын алған ұйымға «Қазақстан» орталық концерт залының ғимараты берілді.
Ал Алматыда кәсіпорынның филиалы жұмыс істейді. Ол жақтағы филиал директоры – танымал композитор, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев.
Сөйтіп, Қазақконцерттің Астанада жайғасуы еліміздің мәдениет саласында елеулі, ал елорданың мәдени өмірінде атаулы оқиғалардың бірі болды. Міне, осылайша ажары ашылған аталмыш өнер ұжымына екінші мәрте дем-тыныс берілді.
– Шығармашылық ұжым туралы әңгімелесеңіз. Қандай топтар, ансамбльдер, театрлар, жеке әншілер бар құрамдарыңызда?
– «Қазақконцерт» – қазақ өнері мен музыкасының кешегі мен бүгінгісін үндестірген алтын көпір іспеттес. Ол өзінің елу жылдан астам тарихында өнер жолындағы аса дарынды ұл-қыздарды күллі елімізге, одан қалса шетелдерге әйгілеп келеді. Бүгінде, мемлекеттік концерттік ұйымда Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаеваның бастамасымен құрылған «Академия солистов» камералық оркестрі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор Секен Тұрысбек жетекшілік ететін фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер көрермен қошеметіне ие. Бұдан бөлек, еліміздің үздік үштігі, мәдениет қайраткері Тимур Урманчеев жетекшілік ететін мемлекеттік «Forte trio» әлемнің көптеген елдеріне жақсы танымал ұжым дер едік.
«Қазақконцерттің» құрамына қабылдану өнер биігіне шығуды армандаған әрбір жастың басты мақсаты болған, ол қазір де солай. Бүгінгі өнер ұжымының құрамында көрермен көзайымына айналып үлгерген жас әншілер – Азамат Жылтыркөзов, Әлішер Каримов, Димаш Құдайбергенов, Нұрболат Абдуллин сияқты халықаралық байқаулардың лауреаттары бар.
«Қазақконцерт» – тек үздіктердің үздігі, ең талантты деген өнер иелерінің ортасы. Аталмыш өнер ұжымы республикамыздағы өнермен байланысты ең ірі оқу ордаларының студенттері арасында іріктеу өткізіп, сол талантты жастардың негізінде «Астана мюзикл» театры құрылғаны осының дәлелі.
– Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы тыныс-тіршіліктеріңіз қандай?
– «Қазақконцерттің» Астана төріндегі құтты қадамы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұны Қазақстанның мәдени өміріндегі жаңа бір белес, сахна төрінде жаңа есімдердің жұлдызы жанған сәт деп бағалауға болады. Сондықтан, Тәуелсіздіктің мерейлі тойына орай алдыңғы толқын өнер иелері және жас әншілердің қатысуымен желтоқсан айында үлкен концерт беруді жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, қазақ өнерін шетелде кеңінен таныстыру және алыс-жақын мемлекеттермен мәдени-рухани байланысты одан әрі жақсарту мақсатында әрі Қазақстанның мәдени күндері аясында қараша айында Италияда мерекелік концерт өткізу жоспарымызда бар.
– Қазіргі уақытта шоу-бизнесте демеушісіз даму мүмкін емес қой. «Қазақконцертке» кімдер қолдау көрсетеді?
– Біз тікелей Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ұйымдар тізіміндеміз. Осы орайда министрлік тарапынан «Қазақконцерттің» жаңаша тұрпатталуына бастамашылдықпен үлкен көңіл бөлінді. Ең алдымен кәсіби маманданған, талабы таудай талантты жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасалды. Өздеріңіз білетіндей, жақында тұсауы кесілген «Астана мюзикл» театры әртістерінің бәрі жастар, тіпті, кейбірі енді ғана қолына диплом алатын мамандық иелері. Бүгінгі таңда бұл жас дарындардың барлығын «Қазақконцертке» тұрақты жұмысқа қабылдадық.
– «Қазақконцерттің» келешегі туралы айтсаңыз.
– Қазіргі уақытта «Қазақконцерт» өзінің даму тұжырымдамасын белгілеп, бағыттарын айқындап қойды. Дәстүрге бай өнер ордасы классикалық, дәстүрлі және эстрадалық жанрдағы музыкаларды дамыту бойынша ауқымды жұмыстарды жаңа сипатта жалғастыра бермек.
Елордада орын теуіп, әнсүйер қауыммен қайта қауышқан «Қазақконцерт» рухани имиджге жағымды әсер етіп, мәдениет инфрақұрылымының дамуына септігін тигізері сөзсіз. Себебі, Астана бүгінде – ғылым мен білімнің ордасы, іскерліктің ортасы ғана емес, жастарымызды жарқын болашаққа бастайтын мәдениеттің бесігіне айналды. Қазіргі таңда мәдениет пен оның әлеуетін дамыту көптеген әлем мемлекеттерінің маңызды даму басымдықтарының қатарына кіреді. Олай болса, Қазақстандық мәдениет те жаһандық мәдени үнқатысудың белсенді қатысушысына айналуы тиіс. Ол үшін бәсекеге қабілетті мәдени орта қалыптастырудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті.
Алдағы күнге жоспарын жүйелеп алған «Қазақконцерттің» басты бағыты – бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыру. Қазақ өнерінің қара шаңырағы Астананың мәдени өмірін айшықтап, жаңаша серпін береді деп сеніммен айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»