• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2016

Еркін сауда есігі

3684 рет
көрсетілді

Президенттің баспасөз қызметі мен  «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы

25 жылдың 25 сәті

Қазақстан 2015 жылы Дүниежүзілік  сауда ұйымына (ДСҰ) толыққанды мүше болып қабылданды. Мұны еліміздің тәуелсіздік жылдарында жасаған маңыз­ды қадамдарының бірі деп қарастыруға әбден болады. Талабы аса жоғары, беделі биік, әлемнің 162 мемлекетінің басын бірік­­тіріп отырған ұйымға еліміздің мүше­лікке өтуі халықаралық аренадағы абыройымызды одан әрі асқақтата түсті.

Еркін сауда есігі

еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылдануымен айқара ашылды

Мол мүмкіндіктер алаңы Батыл қадамдар жасамай, игі бастамаларға иек артпай өріс кеңейтіп, өркениет көшіне ілесу қиын. Бір қуанарлығы, осы мәселеде еліміздің есебі түгел. Ешкімге есе жіберіп жатқанымыз жоқ. Бұл өз кезегінде Қазақстанның уақыт нені талап етсе, соған сәйкес лайықты әрекет ете алатынын іргелі, өркенді ел екенін көрсетсе керек. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылдану үшін тиісті шараларды 1996 жылдың қаңтарынан бас­тады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде ДСҰ-ға қосылу бағытындағы жұмыстарды атқаратын білікті топ құрылды. Елбасының тікелей бақылауында болған бұл топ 19 жылдан астам уақыт қарқынды жұмыс істеп, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, 2015 жылдың 10 маусымында келіссөздер аяқталып, іле, яғни осы жылғы 22 маусымда еліміздің ДСҰ-ға кіру жобасы ресми түрде бекітіліп, ұйымның 161 мүшесінен тұратын Бас Кеңестің қарауына жіберілген-ді. Содан, еліміздің ДСҰ-ға қосылу тұрғы­сын­дағы келіссөздер аяқталған соң, дәлірегі 2015 жылдың 22 маусымын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атал­ған мәселеге байланысты барша қазақ­стан­дықтарға өзінің Үндеуін жариялады. Үндеуде Мемлекет басшысы ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздердің табысты аяқталғанын айта келіп: «Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады. Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 па­йызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвес­торлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады. Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік, келіссөздер оңай болған жоқ. Осы жылдары біздің Үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік. ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы», – деген болатын. Шын мәнінде, ДСҰ қазақстандық өнім өндірушілерден сапалы әрі арзан тауарлар шығаруды талап ететіні белгілі. Бұл бізді бәсекеге қабілетті болуға үндейді. Әрине, аталған мәселе оңай шаруа емес. Осыған орай Елбасы өзінің Үндеуі арқылы: «Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек. ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу қажет болады. Бұл Қазақстанның қолынан келеді және біз әлемнің озық елдері қатарынан лайықты орын аламыз деп кәміл сенемін», – деген салиқалы ойын жеткізген еді.   Хаттама соңы – оң шешім Жоғарыда аталып өткен Үндеу жарияланғаннан кейін көп өтпей, яғни 2015 жылдың 27 шілдесінде Женева қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо еліміздің ДСҰ-ға мүше болуы жөніндегі хаттамаға қол қойып, Қазақстанды ұйымға қабылдау туралы шешім шығарылды. Бұл еліміздің үлкен жетістігі еді. Хаттаманы бекіту рәсімінде ДСҰ бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанның ұйымға мүшелікке өту үдерісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығына жоғары баға бере келіп: «Бұл күн – Қазақстан үшін де, ДСҰ үшін де тарихи күн. Ұйымға кірудің артықшылықтары – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту. Бұл – сіздердің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріңіз бен жұмсаған күш-жігерлеріңіздің мо­йындалуы. Бұл – реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы», – деп атап өткені есімізде. Аталған хаттамаға қол қою мақсатында Женеваға жасаған сапары барысында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ Бас кеңе­сінің отырысына қатысып, халықаралық сауда нарығының толыққанды мүшесі болу үдерісінде еліміздің көптеген шараларды, негізгі міндеттерді өз деңгейінде жүзеге асырғанына кеңінен тоқталған-ды. Бұл тұр­ғыда тарқата айтар болсақ, Нұрсұлтан Назарбаев сол жолы бірінші кезекте ДСҰ-мен келіссөздер жүргізген 19 жыл ішінде Қа­зақстан экономикасында оң өзгерістер болғанын сөз етті. «Экономика мейлінше қуатты әрі ашық бола түсті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 18 есе ұлғайып, Орталық және Шығыс Еуропа деңгейіне жетті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард доллар деңгейіне шықты. Біздің сыртқы сауда айналымымыздың 90 пайыздан астамы ДСҰ-ға мүше елдерге тиесілі. Сауда қарым-қатынастарының географиясы едәуір өзгерді. Қазақстанның сауда байланыстары 90-жылдардың ортасында бұрынғы кеңестік кеңістік елдерімен ғана жүргізілсе, бүгінде біз әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттық жасап отырмыз», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасында құрылымдық жағынан да көптеген оңтайлы өзгерістер болғанын жеткізді. Елбасының айтуынша, бүгінде мемлекетіміздің ішкі жалпы өнімінің 54 пайызы қызмет көрсету саласына тиесілі. Нақтылай айтқанда, олар көлік, энергетика, құрылыс, телекоммуникация және қаржы салалары. Осы орайда, Мемлекет басшысы ДСҰ шеңберінде қаржы қызметін оңтайландыру, ырықтандыру «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметімен орайластыра жүргізілетінін, ол Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының негізіне айналатынын, сондай-ақ, еліміздің телекоммуникация саласына шетелдік инвесторлар қажет екенін айта келіп, теңізге шығатын жолы жоқ ірі мемлекет санатындағы Қазақстанға көліктік инфрақұрылымдар мен көлік-логистикалық қызметтерді дамытудың маңыздылығына назар аударды. «Біз жаһандық коммуникациялардың бір бөлігіне айналу үшін жұмыс істеудеміз. Осы мақсатта біз аса ірі нарықтарды жалғайтын стратегиялық көліктік дәліздерді қалыптастырудамыз. Соның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолының құрылысы. Оның жалпы ұзындығы 8 мың шақырымды құрайды. Оның 2800 шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді. Бүгінгі күннің өзінде осы бағыттағы транзиттік жүк тасымалының көлемі 2 еседен астамға өсті», – деген еді Президент. Осы арада айта кетейік, елімізде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы табыс­ты жұмыс істеуде. Қазіргі заманғы көлік және энергетикалық инфрақұрылымдарды жандандыруға бағытталған бұл бағдарлама арқылы 7 мың шақырымдық автожол қайта жаңғыртылмақ. Соның нәтижесінде 2019 жылға қарай еліміздің ірі қалалары арасындағы жолға кететін уақыт едәуір қысқарады деп күтілуде. Тағы бір ерекше тоқталып өтер жайт, Қазақстан инвестициялық әлеуеті нығайған, осы салада тартымдылығы жоғары ел ретінде танылып отыр. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде еліміздің экономикасына 200 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция құйылған. Бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға, экономиканы әртараптандыруға баса назар аударудың нәтижесінде мүмкін болды деп айта аламыз. Соңғы жылдарда мемлекетіміз инвес­тицияларды тек тау-кен, мұнай мен газ салаларына ғана емес, өңдеу, қайта өңдеу секторларына да бағыттауы көңіл қуантады. Заманауи озық технологияларды отандық өндіріске енгізуге мүдделі, шетелдерге ұсынатын тауарлары жеткілікті Қазақстан өз экономикасын әлемдік нарыққа бейімдеп, интеграциялау мақсатында мол тәжірибе жинақтай білді. Әсіресе, Елбасы ұсынған Бес институттық реформа бұл бағыттағы жұмыстарға тың серпін бергенін адалдық үшін атап өтуіміз керек. Болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруды, қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты құруды, заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, экономиканы әртараптандыруды, мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін күшейтуді көздейтін бұл реформада сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту мәселелері нақты қамтылған. Женевада қабылданған шешімнен кейін 2015 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның ДСҰ-ға қосылу жөніндегі құжатты Парламент бекітіп, оған Президент қол қойды. Бұдан кейін Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелікке 162-ші ел ретінде толыққанды қабылданғаны 2015 жылдың 16 желтоқсанында Кенияның бас қаласы Найробиде өткен ДСҰ-ға мүше елдердің министрлері қатысқан Х конференцияда ресми түрде жария етілді. ДСҰ-ның басқару органы болып табылатын, екі жылда бір рет шақырылатын бұл министрлер конференциясына Қазақстанның сол кездегі Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі Жанар Айтжанова бастаған ресми делегация қатысқан еді. Сол жолғы жиында арнайы баяндама жасаған Жанар Айтжанова еліміздің ұйымға толыққанды мүше болу сәті еліміздің Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келуін жақсылыққа балай отырып: «Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың нарықтық экономика жағдайындағы батыл реформалары мен сауда-саттық жолдарын жеңілдетуі нәтижесінде мүмкін болды», – деп атап көрсетті. Одан әрі Ж.Айтжанова ДСҰ-ға мүше болуы арқылы Қазақстан тек өндіруші салаға ғана емес, терең өңдеу саласына да ірі шетелдік инвесторларды тарту мүмкіндігіне ие болатынын сөз етті. Сондай-ақ, ол Үкіметтің қаулысы бойынша Қазақстан 1300 тауарға төмен импорттық баж салығын қолданатынын мәлімдеді. Бұған қоса, ірі инвесторлардың басты қаржы табу көзі саналатын қызмет көрсету саласына қатысты келісімдер де Қазақстанға әлемдік компаниялардың келуіне мүмкіндік беретінін, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жаңа технологиялардың келуіне, ең бастысы – қызмет сапасының жақсаруына және арзандауына алып келетінін жеткізген Ж.Айтжанова: «ДСҰ өту барысында келіссөздер нәтижесінде біз осы қызмет көрсету саласына шетелдік инвесторлардың келуіне жағдай жасадық. Атап айтқанда, дамыған мемлекеттерде ІЖӨ құрамында қызмет көрсету саласы 70-80, кей мемлекеттерде 90 пайызға дейін болады. Ал біздің елде бұл 54 пайыз. Бізде осы саланың өсуіне әлі үлкен жағдайлар бар. Сондықтан, біз өзіміздің қазақстандық инвесторларға мүмкіндік жасауымыз қажет», – деген-ді. Міне, осылайша, еліміздің ДСҰ-ның толық мүшесі болу ісіне Кенияда нүкте қойылған болатын.   Әлемдік сауда ұйымы – әлеуетті бірлестік ДСҰ-ға кіру 1996 жылдан бері еліміздің сыртқы саясатындағы басты мақсаттарының бірі болды. Өйткені, ДСҰ жаһандық экономикалық қарым-қатынас саласының ең биік, әлеуетті бірлестігі болып табылады. Осы арада біз сөзіміз дәлелді болуы үшін ДСҰ жөнінде қысқаша тоқтала отырып, оның артықшылықтары мен өз мүшелеріне берер мүмкіндіктерін сөз ете кетелік. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, дәлірегі, 1947 жылы түзілген, 50 жылға жуық әрекет еткен Тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің (ТСБК) жалғасы ретінде қызметін ұсынып отырған ДСҰ-ны құру жөніндегі келіссөздер 1986 жылы бас­талып, 1994 жылы өз мәресіне жеткен-ді. Дәлірегі, әлемдік экономика тарихындағы «Уругвай кезеңін» қамтыған бұл келіссөздер 1993 жылдың желтоқсанында аяқталып, одан кейін, 1994 жылдың сәуірінде Марракеште (Марокко) өткен конференцияда ДСҰ құру туралы келісім бекітілген болатын. Бұл Марракеш келісімі ретінде белгілі. Осы келісімнен кейін, яғни 1995 жылдың 1 қаңтарынан аталған бірлестік өз қызметін ресми түрде бастады. Осылайша, әбден сүзгіден өтіп, тексеріліп барып «томағасы сыпырылған» ДСҰ соңғы жылдары өрісін кеңейтіп, өзінің мүшелерінің қатарын көбейте түсті. Мемлекеттер арасындағы сауда қатынастары ережелерінің жүйесін жетілдірумен шұғылданатын бірегей халықаралық ұйым ретінде танылған ДСҰ қызметтер мен тауарлар өндірушілердің, экспорттаушылар мен импорттаушылардың коммерциялық іс-әрекеттерін іске асыруға қолайлы жағдай жасауды өзінің басты міндеті ретінде қарастырады. Ол кейбір ережелер бойынша дамушы елдер үшін бірқатар жеңілдіктер ұсынып отыр. Қазіргі таңда ұйымға мүше дамушы елдер дамыған елдермен салыстырғанда өз нарықтарын қорғаудың неғұрлым жоғары кедендік-тарифтік қорғау тетіктеріне ие болуда. Сонымен қатар, ДСҰ өзіне мүше мемлекеттердің халықтарының әл-ауқатын жақсартуға, тауарлар және қызметтермен толық қамтылуын қамтамасыз етуге және нақты кірістердің жоғарылауы мен үнемі өсуіне жағдай жасауға баса назар аударуда. Сондай-ақ, ДСҰ-ға мүше елдер бір-бірімен «еркін сауда» құруға, яғни өзара пайдалы келісімдерді түзей отырып, тауарлар мен қызметтердің өндірісін және сауда көлемдерін арттыруға мүдделілік танытуда. Осы арада біз мүше мемлекеттердің, жекелеген азаматтардың экономикалық тұрғыда табысқа жетуінің әлеуетті құралына айналып отырған ДСҰ-ның ең басты деген бірнеше мүмкіндігін айта кетейік. Мәселен, ұйым шеңберінде сауда дауларын конструктивті шешуге, қатысушы мемлекеттер арасындағы келіссөздердің барысын жеңілдетуге, бағаларды, яғни тұтынушылардың шығындарын қысқартуға, жаңа технологиялардың келуіне, тұтынушылардың қажетті өнімдерін таңдап алуына, экономиканы ынталандыруға, бәсекеге қабілетті салаларда өндірістің өсуіне, отандық өндірісті сыртқы рыноктарда демпингтен және квоталық шектеулерден қорғауға (бұл отандық өндірістің қуатты салаларында экспорттың өсуіне ықпал етеді), өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, нақтылай айтқанда, ДСҰ аясында бірлескен кәсіпорындарды құруға, біріккен зерттеу­лер жүргізуге, сонымен қатар, іскерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік мол.   Жаһандық нарыққа бейімделу – уақыт талабы Бізге бірінші кезекте ұлттық экономикамыз үшін аса тиімді салаларға ерекше назар аударғанымыз жөн. Бұл мәселеде ойымызға бірден еліміздің ауыл шаруашылығы саласы орала кетеді. Шын мәнінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлемдік нарықта өзіндік орны бар. Сондықтан да, ДСҰ-ға кіру үдерісінде осы салаға ерекше көңіл бөлініп, соның нәтижесінде мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауды 8,5 пайызға жеткізу мүмкіндігіне ие болдық. Дәлірегі, ауыл шаруашылығы өндірісі нақты өнімінің жалпы құнынан 8,5 пайыз көлемінде қаржы алуға құқы бар, яғни еліміз ауыл шаруашылығы өнімінің соңғы бағасына тікелей ықпал ететін мемлекеттік дотацияны пайдалана алады. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік. Мұндай артықшылыққа ДСҰ-ға 2001 жылы кірген Қытай ғана ие болған. Салыстыра сөйлесек, көптеген елдерде ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар 5 пайыз шамасында. Сондай-ақ, ДСҰ-ның «жасыл себет» шаралары шеңберінде институттық дамыту мен ауылдардағы инфрақұрылым құрылысына бағытталған қолдау қызметі шектеусіз көрсетіледі. Осы орайда еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын әлемдік деңгейге жеткізіп, экспорттық әлеуетімізді арттыруға әбден болады. Жалпы, Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуының қажеттілігін дәлелдейтін факторлар жеткілікті. Оның үстіне, қазіргі таңда әлемде экономикалық одақтарға интеграциялану үдерісі жүріп жатыр. Бұлайша бірігуді жаһандануға ыңғайлы жолмен кірудің оңтайлы амалы деп қарастыруға болар, бәлкім. Осы арада біз елімізің ДСҰ-ға мүшелікке өтуінің негізгі қажеттіліктеріне тоқтала кетейік. Негізінен, Қазақстан әлемдік экономикалық, қаржылық үдерістерден шет қалмауы қажет. Өйткені, қазіргі жаһандану заманында оқшауланып, томаға-тұйық өмір сүру ел экономикасын тығырыққа тіремей қоймайды. Орталық Азиядағы қуатты ел саналатын, Батыс пен Шығыстың арасында орналасқан Қазақстанның халқы, әсіресе, кәсіпкерлер жаһандық экономика кеңістігіндегі күшті бәсекелестікке бейімделуде уақыттан ұтылмауы тиіс. Бұл өз кезегінде ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру ісін жүзеге асыруды біршама жеделдетеді. Бұлардан басқа, экономикамыздың шикізаттық бағыттан қайта өңдеу ісіне бетбұрыс жасауына, жаңа техника мен технологиялардың келуіне, жаңадан шетел инвестицияларын тартуға кеңінен жол ашылады. Оның үстіне, ұйым отандық тауар өндірушілердің әлемдік нарық кеңістігінде әрекет етуін жеңілдете отырып, халықаралық сауда қатынастарының игіліктерін пайдалануына жағдай жасайды. Жалпы, Қазақстан ДСҰ-ға мүше болуға толық мүмкіндігі бар, лайықты қатысушы бола алатын мемлекет ретінде мойындалып отыр. Өйткені, біздің еліміз экономикасының қарқынды дамуымен, ішкі тұрақтылығымен, қолайлы орналасуы­мен, шикізат қорының молдығымен және басқа да жағымды әрі тартымды тұстарымен ерекшеленеді. Бұған қоса, Қазақстан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қабылдап, осы құжат бойынша ДСҰ-ға мүшелік жағдайында ел экономикасын дамыта түсу көзделуде. Дәлірегі, Қазақстанның әлемдік нарықта әрекет ету тәртіптері, бәсекелестікке қабілетті болу бағытындағы міндеттер нақтыланды. Бұдан біз жаһандық тұрғыдағы экономикалық қатынастарға бару жолында әрбір қадамымыз әбден пысықталғанын ұғамыз. Бұл сөзімізді одан әрі дәлелдей түсу үшін еліміздің ДСҰ-ға кіру үдерісінде 50-ден аса жаңа заң қабылдағанын, 10 халықаралық келісімге түзету енгізгенін, бұлар Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ аясында қабылданғанын айта кетейік. Жалпы, ДСҰ-ға кіргелі бері, яғни 2016 жылдың алғашқы жарты жылдығында дағдарысқа қарсы шараларының арқасында ел экономикасында біршама ілгерілеушілік байқалды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, құрылыс – 6,6 пайызға, көлік қызметі – 4,3 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2,7 пайызға ұлғайып, соның нәтижесінде ІЖӨ 0,1 пайызды құраған. Мұндай жағымды көрсеткіштерге «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткізілді. Ал елімізде соңғы алты ай ішінде орташа айлық еңбекақы көлемі 9,9 пайызға артып, 133,5 мың теңгені құраған. Сонымен қатар, биыл елімізде республикалық маңызы бар бірқатар нысандардың құрылысы сәтімен аяқталды. Атап көрсетер болсақ, Қарағанды облысында «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол желілері мәреге жетті. Қызылорда облысында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры салынып, «Жезқазған – Сексеуіл» темір жол желісі іске қосылды, сондай-ақ Алматы облысында «Алматы – Өскемен» және «Алматы – Қорғас» автожолдары жөнделді. Сонымен бірге, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Инвестициялар және даму министрлігі экспортқа бағытталған секторларды анықтап, бұл салалардағы жұмыстарды жандандыруды қолға алуда. Мәселен, 2019 жылға қарай еліміздің өңдеуші саласындағы экспорт көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артады деп жоспарланған. Басты мақсат – экспорт көлемін ұлғайта отырып, еңбек өнімділігін 22 пайызға арттырып, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 2015-2019 жылдар аралығында 4,5 триллион теңгеге жеткізу көзделуде. Қазіргі таңда халықты өнімді еңбекпен қамтамасыз ету бойынша да тиісті шаралар қабылданып отыр. Соның нәтижесінде мықты өңдеуші сектордың айналасына өнімді қызмет түрлері шоғырландырылмақ. Бұл бірінші кезекте тауар экспортын арттырып, экономиканы одан әрі орнықтырып, шикізатқа тәуелділігімізді күрт азайтуға жол ашады. Аграрлық секторда тұрақты даму ырғағы сақталып келеді. 2016 жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға өскен. Ал қайта өңдеу саласындағы өсім 2,8 па­йызды құраған. Сондай-ақ, елімізде төрт түлік малдың саны жыл сайын көбейіп келеді. Егіс алқаптарының көлемі де биыл 21,6 млн гектарға жетіп, былтырғымен салыстырғанда 448 мың гектарға өскен. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар да өз нәтижесін беруде. Мәселен, жарма – 72 пайызға, ұн өндіру – 20 пайызға, қойылтылған сүт пен кілегей шығару 59 пайызға артыпты. Осы арада біз Қазақстанның аталған ұйымға кіруінің негізгі себептерін тағы бір пысықтап өткеніміз жөн болар. Ең алдымен, еліміз ұйымға мүше мемлекеттердің барлығымен қолайлы сауда режімін қалыптастыра алады. Бұл өзара сауданы дамыта отырып, инвестициялар тартуға, орын алуы ықтимал кейбір сауда дауларын тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осы жағдайда инвестицияларды өңдеу өндірісіне мейлінше көбірек бағыттау басты назарда болмақ. Бұған қоса, әлемдік сауданың элитасына кірген Қазақстанның халқы шетелдік арзан әрі сапалы тауарларды молынан тұтынады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерімізге білім-білігі мен жауапкершілігіне қатысты қойылатын талаптар күшейеді. Бұл мәселеде кәсіптік мектептерде білім алушылардың бизнестік, кәсіби сауаттылығын арттыру және оларды заман талабына сай бейімдеу ісінде озық тәжірибелерді қолдану өзекті болмақ. Өйткені, ізденіс, ғылым және озық тәжірибе ұштасқан жерде бәсекелестікке қабілетіміз жоғарылай түседі. Осы қадамдар жаңа жұмыс орындарын ашуға, ел тұрғындарының табысын молайтуға және халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін өсіруге кеңінен жол ашады. Еліміздің ДСҰ-ға кіруі халқымыздың келешекке деген сенімін нығайта түскендей. Көптеген мамандар Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуын өздері еңбек етіп жүрген салалармен байланыстыра қарап, оның пайдалы болатынына күмән келтірмеуде. Мәселен, ауыл шаруашылығының мамандары, шалғай жатқан елді мекендердегі ағайын ДСҰ-ға кіру арқылы болашақта инвестициялар, жаңа технологиялар, озық тәжірибелер, тың үрдістер ауылға молынан келеді деп сенім білдіріп отыр. Ал ғалымдарымыз ғылым саласындағы жабдықтар мен құрал-саймандар паркін жаңғыртуға үлкен септігін тигізеді деп есептеуде. Олардың айтуынша, Қазақстанға келетін ғылыми-техникалық құрал-жабдықтарға салынатын кедендік салықтың мөлшері едәуір азайып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жаңа өріс ашылады. Бұл өз кезегінде АҚШ пен Жапония секілді ДСҰ-ға мүше алдыңғы қатарлы мемлекеттер қызығын көріп отырған ғылыми материалдардың бізге қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Қорыта айтқанда, барша халқымыз үшін, кемел келешек үшін ДСҰ-ға мүше болуымыз – біздің үлкен жетістігіміз. Бұл – еліміздің әлемдік экономиканың сенімді қатысушысы ретінде мойындалуы. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»