• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Жасампаздық жылнамасы

403 рет
көрсетілді

2000 *1 қаңтарда Қазақстан Президентінің ел халқына жаңа жылдық құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Құттықтауда: «Біз аса мәнді тарихи парызымызды өтей білдік. Сан ғасырлық сындардан қайыспай, азаттықты аңсаған халқымыз хақында әділеттілікті қалпына келтіріп, бостандыққа жетіп, жаңа мыңжылдыққа әлемдік қоғамдастықтың терезесі тең мүшесі болып, қадам басқалы отырмыз. Біз аса мәнді азаматтық парызымызды өтей білдік. Өзіміздің арғы-бергі бабаларымыздың сан ұрпағы армандап, сол жолда жан аямай күрескен тәуелсіз мемлекетімізді қалпына келтірдік», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. *5 қаңтарда Алматыда Орталық Азия экономикалық қоғамдастығының бірінші саммиті өтті. Жиында Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық кеңістікті қалыптастыруға байланысты жобасы қолдау тапты. *17 қаңтарда Президенттің төрағалық етуімен ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына әзірліктің барысын талқылаған кеңес өтті. Елбасы әр министрлік пен ведомствоның, әр облыс пен әр ауданның тәуелсіздік тойына арнайы бағдарламасы болуы қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ, Елбасы 10 жылдыққа әзірлік даңғазаның дүрмегімен емес, ел дәулетін еселейтін нақты еңбекпен өтуге тиістігін ескертті. *27 қаңтарда Премьер-Министр Қ.Тоқаев Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның 31-отырысына қатысты. Форум аясында Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанмен кездесіп, Қазақстан Президентінің жеке жолдауын тапсырды. Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры М.Мурмен кездесу барысында ДСҰ-ға мүше болу Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыт екендігін жеткізді. *30 қаңтарда Астанада әкімдердің республикалық кеңесі болып өтті. Кеңесте сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында экономиканы өркендету, халықтың тұрмысын жақсарту тұрғысында барлық деңгейдегі әкімдердің алдына қойылатын міндеттерді саралап берді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 31 қаңтардағы нөмірінде Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Тәуелсіздікті нығайту үшін күрес – елге тиген үлес» тақырыбымен көлемді мақала жарық көрді. *20 ақпанда Президент Н.Ә.Назарбаев Куала-Лумпурде Малайзия Премьер-министрі М.Мохамадпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық және халықаралық мәселелер аясында сөз қозғады. *1 наурызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1 шілдеден бастап елде қо­сым­ша құн салығы мен әлеу­меттік салық став­ка­сы­ның төмендейтінін, ал жеке тұлғалардан алына­тын салықтың табыс мөл­шеріне екшеліп есеп­те­­летінін мәлімдеді. Бұл жа­ғымды жаңалық қалың көпшіліктің, әсіресе, отан­- дық кәсіпкерлердің көкей­і­н­дегісін дөп басып, ре­фор­малардың жемісті боларына деген халық сенімін арттыра түсті. *6 наурызда «Москов­ский комсомолец» газе­тінде ТМД елдеріндегі орта­­ша айлық жалақы көрсеткіштерін АҚШ долларына шағып көрсеткен диаграмма жарияланды. Қазақстандағы орташа айлық жалақы ТМД-дағы 9 елдің ең жоғарғысы болды. *7 наурызда Мемлекет басшысы жаңадан дайындалып жатқан Салық кодексінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарына, салыққа, әсіресе, қосымша құн салығына (НДС) қатысты жеңілдіктерді айқындау жөнінде Үкіметке тапсырма берді. БАҚ-тың экономикалық тұрғыдан емін-еркін болуы Қазақстандағы баспасөз бостандығын жан-жақты нығайтудың ең басты шарты, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. *15-16 наурыз күндері Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы А.Гавахи Қазақстанда жұмыс сапарымен болды. Қонақты Президент Н.Ә.Назарбаев және Премьер-министр Қ.Тоқаев қабылдады. *30 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевқа Халықаралық инженерлер академиясының президенттер кеңесі бекіткен «XX ғасырдың аса көрнекті инженері» құрметті атағы берілгенін айғақтайтын диплом мен үлкен алтын медаль табыс етілді. *2 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Норвегия корольдігіне ресми сапары басталды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министр Иенс Столпенберг мұнай-газ секторын, оны тасымалдау мен транзиттеуді, кеме құрылысын, жаңа технологиялар саласын, шағын және орта бизнесті басым бағыттарда бірлесе дамытуға уағдаласты. *4 сәуірде Президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Литва Республикасының астанасы Вильнюске келді. Литва президенті Валдас Адамкуспен әңгіме барысында екі ел ынтымақтастығын сапалық жаңа деңгейге көтеруге алғышарт жасайтын бірқатар маңызды мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. *6 сәуірде Алматыда ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі президенттік институт» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға қатысушылар президенттік институттың атқарып отырған ұлан-ғайыр қызметі елімізді экономикалық қиындықтардан алып шығатын берік тұтқа екендігін атап көрсетті. *13 сәуірде Президент Үкімет мүшелерімен, облыс әкімдерімен кеңес өткізді. 2001 жылғы бірінші тоқсандағы жұмыстың алдын ала жасалған қорытындылары туралы айта келіп, Елбасы өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда ішкі жалпы өнім 10 пайызға, өнеркәсіп өнімін өндіру – 11,1 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 4,6 пайызға, негізгі қорға жұмсалған инвестиция 25,6 пайызға өскенін, осы үш айдың ішінде инфляция 2,5 пайызды құрағанын атап көрсетті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 14 сәуір күнгі нөмірінде «Тәртіп жоқ жерде табыс та жоқ» тақырыбымен көлемді мақала жарық көрді. *14 сәуірде Алматы облысының әкімшілік орталығы Алматы қаласынан Талдықорған қаласына көшірілді. *26 сәуірде Ыстанбұлда түркі тілдес мемлекеттер басшыларының VII саммиті басталды. Саммитке Әзербайжанның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Түрікменстанның, Түркияның президенттері – Гейдар Алиев, Нұрсұлтан Назарбаев, Асқар Ақаев, Сапармұрат Ниязов, Ахмет Недждет Сезер және Өзбекстан Парламентінің басшысы Еркін Халилов қатысты. Басқосуда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.