Депутат Глеб Щегельский Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдап, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік жолымен Қазақстаннан Ресейге шығатын «Жайсаң» шекаралық бекетіндегі жайсыздық туралы баяндаған еді. Депутаттың айтуына қарағанда, Қазақстан жағы 227 млн теңге қаражат салып, жолды үш жолақтан алты жолаққа ауыстырып, бекеттен бөгелмей өту мәселесін шешіп қойған. Өкінішке қарай, Ресей жағында мұндай жағдай жоқ, соның кесірінен екі елдің бекеті арасындағы бейтарап аймақта көлік толып кетеді екен. Мұнда жеңіл машиналар 7-8 сағаттап, ал жүк машиналары тәуліктеп тұрып қалатын көрінеді. Жүргіншілерге тамақ сататын орындар түгіл қарапайым гигиеналық қажеттілікті өтейтін жайлар да қарастырылмаған. Соның кесірінен біздің көп ақша бөліп, жағдайды жақсартқанымыз далаға кетіп тұр. Осыны Ресей Федерациясының үкіметімен келісіп, екіжақты шешуді қарастырсаңыз екен, деген еді депутат Үкімет басшысына. Бұл сауалды қолдап бірнеше депутат өз қолдарын қойған-тын.
Сауалға жуырда Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан жауап келді. Онда аталмыш жолды кеңейту мақсатымен Қазақстан, Қытай және Ресей тараптары меморандум қабылдағаны айтылған. Осы меморандумға сәйкес Қытай жағы өзіне тиесілі міндетті толығымен орындап, өз аумағы арқылы өтетін 3425 шақырымдық жолды талапқа сәйкес қайта жарақтауды аяқтаған. Қазақстан жағы да өзіне тиесілі дәліздің 2028 шақырымын тегіс жарақтап үлгерген. Қалғанын үстіміздегі жылдың соңына дейін бітірмекші.
Ал Ресей жағы Санкт-Петербургтен шығып, Мәскеуді айналып өтіп, Қазақстан шекарасына дейін жететін жолды тек 2019 жылы ғана аяқтауды белгілеп отыр. Соның ішінде Петербургтен Мәскеудің айналма жолына дейінгі қашықтық 2018 жылы аяқталса, қалғанын тек 2019 жылдың аяғына дейін бітірмек. Ресейдің Орынбор қаласынан Қазақстан шекарасына дейін жететін 150 шақырымдық жолдың сапасы төмен.
Осыны ескеріп, қазан айында Астана қаласында болған аймақаралық ынтымақтастықтың 13-форумында Қазақстан мен Ресей тараптары ведомствоаралық деңгейде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойындағы инфрақұрылымдарды дамыту мәселесін қарастырған құжатқа қол қойды. Бұл құжат Қазақстан аумағындағы «Жайсаң» мен Ресей аумағындағы «Сагаршын» шекаралық бекеттеріндегі өткізу мүмкіндіктерінің сапасын арттыруды көздейді, делінген жауапта.
Сөйтіп, «Жайсаң» бекетіндегі жағдай жақын арада жақсарып қалатын шығар деген үміт бар.