• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Жақсылығы мол жаңа мүмкіндіктер

402 рет
көрсетілді

Бүгінгі ақпараттық техно­ло­гия­ның мүмкіндіктері жарата білген жанға ұшан- теңіз. Оның біз­дің Құқықтық статистика және ар­найы есепке алу комитетінің қат-қабат жұмысын жетілдіруге және оны бүкіл тұр­ғындардың ортақ қазынасына ай­нал­дыруға үлесі мол екендігіне көзі­міз анық жетіп отыр. Осыған орай бұл жаңа жү­йені күнделікті жұ­мы­сымызға енгізу қызметіміздің қазіргі кездегі басты бағытына айналуда. Бұл орайда ең алдымен тұрғын­дардың қылмыстар мен оқиғалар ту­ралы шағымдары мен хабарла­ма­ларын тіркеуде электронды жүйеге көшірудің маңызы ерекше. Бұл бір жағынан, жұртшылықтың осы реттегі талап­тарын жоғары деңгейде қа­нағат­тан­дырып отыруға мол мүм­кіндік ашса, екінші жағынан, құқық қорғау орган­дары жұмысының осы бір түйткілді буынын жаңа сапалы деңгейге кө­терудің сенімді тұтқасы болатыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Күн тәртібінде өткір тұрған бұл жұмыс негізінен былтырғы жылы-ақ басталып кеткен болатын. Өйт­кені жұртшылықтың арыз-шағы­мын қабылдаудағы қағазбастылық поли­ция­ның да және оның жұмы­сын қадағалаушы прокурорлардың да оған жедел ықпал етуін қам­та­ма­сыз ете алмады. Қылмыс туралы арыз біраз лауазым иелерін жа­ғалап жедел қызметкердің қолына тигенше бірнеше күн өтіп кететін, ал бұл болса ол қылмыстың ізін суытпай ашылу мүмкіндігіне үлкен кедергі еді. Мұны жете зерделеген біздің комитет жаңа электронды технология­ларды жедел енгізу жө­нінде ұсыныс жасады. Мұның артықшылығы сол, арыз-шағым ішкі істер органына келіп түскеннен кейін ол туралы ақ­парат мәліметтердің электронды базасына бірден енгізіледі. Ал бұл болса өз кезегінде құжаттың тір­кел­­геннен бастап ол жөнінде түп­кілікті процессуалды шешім қа­был­дан­ған­ға дейінгі барлық қоз­ға­лысын ба­қылап отыруға мүм­кін­дік береді. Ал мәліметтер базасы салынған бір­тұтас бағдарлама ішкі істер және про­куратураның қа­лалық және аудандық органдарын бір ақпа­раттық жүйеге біріктіреді. Бұл болса нақты уақыт шең­бе­рінде қала мен ау­данның қыл­мыс­тық ахуалын қа­дағалап отыруға жә­не қылмыстар туралы келіп түс­кен шағымдарға жедел шара қолдануға мүмкіндік туғызады. Та­ғы бір айта кетерлігі, бұл жаңа технологияны енгізу ай­тарлықтай қаржылық шығынды да қажет етпейді. Біздің бұл идеямызға Президент Әкімшілігінің қолдау көр­сетуі оны жүзеге асырудың кепілі болды десек, орынды болар. Өткен жылдың басты жаңалы­ғы болып табылған бұл шара қыл­мыс­ты жасырып қалу фактілерін қыс­қартып, қабылданған арыз-ша­ғым­дар са­ны­ның өсуіне және олар жө­нінде, заңда қарас­тырылғанын­дай, үш күн ішінде шешім шыға­ры­луына, сондай-ақ жеке кәсіп­керлік субъектілеріне күштік құ­ры­лымдар тарапынан болатын заң­сыз тек­серулердің жолын кесуге мүм­кіндік берді. Бұған қосар тағы бір жаңалы­ғымыз, бүгінгі күні келушілердің құқық қорғау органдарына берген арыз-шағымдарының одан арғы жағдайын SMS арқылы сұрау салу немесе Call-орталыққа қоңырау шалу арқылы хабардар болып оты­­руына мүмкіндік жасалды. Жаңа электронды технология­ның тиімділігін айқындай түсу үшін ең алдымен статистикаға жү­гініп алалық. Өткен 2010 жылы рес­­публикамыздың қылмыстық қу­да­лау органдары 5213 қылмыс­ты жа­сы­рып қалған! Оның үстіне біздің комитет жүргізген талдау қыл­мыс­тық қудалау органдарын­дағы есепке алу-тіркеу тәртібі әлі күнге толық оңа­лып кете алмай отырғанын көр­сетті. Атап айтқан­да, 2005 жылы олар тіркеуден жа­сы­рып қалған қылмыстар саны 3255 болса, өткен жылы ол 5213-ке жеткен. Яғни, 60 пайыздан астамға өскен. Қылмыстарды жасырып қалуға негізінен, бұрынғысынша, сол сала қызметінің көрсеткіштерін жақсы жа­ғынан ғана көрсету себеп болып отырғаны айқын. Демек, құқықтық қудалау органдары қылмысты тіркеуге құлықсыз болып отырғанын мойындауымыз керек. Осыдан ба­рып олар көрсеткіштерді ойнатуда түрлі қитұрқыларға да барады. Ал мына бір жәйт кімді болса да ойландырмай қоймайды. Қазіргі қол­даныстағы заңдар ережелеріне сәй­кес, қылмыс туралы берілген арыз-шағымдар бойынша процес­суал­ды шешім қабылдау үшін 3 тәу­лік уақыт берілетінін жоғарыда айттық, бұл қыл­мыстың ізін су­ытпай ашуға мүмкіндік беретін ең қолайлы мерзім. Алайда, құқық қор­ғау органдары мұндай арыз-ша­ғымдарды қарауды он күнге дейін, кейбір кездерде тіпті екі айға дейін созып, істі сөзбұйдаға салуға жол беруде. Міне, саламызда орын алып, жұрт­­шылықтың орынды ренішін ту­­дырып отырған осындай олқы­лық­тарды жою үшін Бас про­ку­ра­ту­раның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті өткен жылы ішкі істер органдарына арыз-шағымдарды электронды есепке алу жүйесін енгізген болатын. Заман талабына сай бұл шара өз жемісін беріп, қылмыстарды жасырып қалу мүмкіндіктерін едәуір қысқар­тып, тіркелген шағымдардың санын көбейтіп, жеке адамдар мен заңды тұлғалардың арыздары бойын­ша же­дел шешім қабылдауға мүм­кіндік берді. Бас прокурордың ұсынысымен ша­ғымдарды қабылдау және тіркеу кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында 2010 жылдың 1 ақ­паны мен 1 маусымы аралығында Астана қаласы мен Павлодар облы­сы­ның ішкі істер органдарында азамат­тардың арыздарын электрон­ды есепке алу жөнінде сынақ өт­кізілді. Бұл жобаны жүзеге асыруда қызмет­кер­леріміз негізінен біздің комитеттің он-лайн режіміндегі ішкі істер ор­ган­дарына келіп түскен арыздар мен шағымдарды есепке алудың статис­ти­калық мәліметте­рінің біртұтас банкіне арқа сүйеді. Ал 2010 жылдың шілде айынан бастап электронды есепке алу Астана, Алматы қалалары мен облыс ор­та­лықтарының ішкі істер орган­дарына енгізілді. 2010 жылдың 2-ші жар­тыжылдығына жүргізілген талдау осы шаралардың арқасында аталмыш органдарда арыз-шағым­дар­ды қа­рау­дың жеделдігі мен олар про­цессуалдық шешімдер шығару бо­йынша оңды өзгерістер болғанын көр­сетті. Мәселен, 3 тәулік ішінде қа­ралған арыз-шағымдардың өзін­дік үлесі мұның алдындағы жыл­дың осы кезеңімен салыс­тырғанда 5, 4 пайыз артқан. Бұл көрсеткіш тә­жірибе жүр­гізілген Алматы облы­сында – 33,7, Ақмола облысында – 27,5, ал Астана қаласында 22,6 па­йыз өскен. Сол сияқ­ты тіркелген арыз-шағымдар бо­йынша қозғалған қылмыстық істер саны да едәуір өскені байқалды. Бұл көрсеткіш Ақмола облысында 30 пайыз артқан. Жоғарыда келтірілген мәлімет­тер арыздарды электронды тіркеуді енгізу ішкі істер органдарында есепке алу-тіркеу тәртібінің ны­ғаюы­на және олар­дың қыз­мет­терінің қылмыстық сот ісін жүр­гізудің осы кезеңіндегі ашық­тығын қамтамасыз етуге жәрде­мін тигізді. Арыздарды қарау уақы­тының қысқаруына байланысты істі сөз­бұйдаға салу барынша азай­ды, сол сияқты жемқорлыққа жол аша­тын лауазымды адамдардың арыз берушілер және құқық бұ­зушылармен тікелей араласуына тосқауыл қойыл­ды. Осыған орай, комитет тиімді де осы заманға лайық тіркеудің мұндай түрін құ­қықтық қудалау органда­рының барлығы да жаппай енгізгені жөн деп санайды. Бұл әдістің қаржы полициясы саласында енгізілуі де өз жемісін бірден берді. Мәселен, Астана, Ал­ма­ты қалалары мен Қарағанды облы­­сының қаржы полицияларында осын­дай электронды тіркеудің енгізілуіне орай 51 жеке кәсіпкерлік субъек­тілерінің қызметін заңсыз тек­серудің жолы кесілді. Бұларда өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап арыз­дарды электронды тіркеу мен тек­серулерді есепке алу бағдар­ла­масы алғаш рет енгізілген бо­латын. Соның нәтижесінде кәсіп­керлерді тексеру жөніндегі барлық мәлімет­тер арыздарды есепке алу­дың элек­тронды кітапшасында ай­қын көрініп тұратын болды. Ал бұл ақпараттар арқылы қылмыс туралы арызды саралап, ол бойынша нақты кәсіпкерді тексерудің негізділігін анық­тау қиын емес. Қылмыстар туралы хабарламалар мен арыздарды электронды тіркеуді енгізудің алдын-ала жа­сал­ған қорытындылары бұл жо­баның есепке алу-тіркеу тәртібінің жалпы ахуа­лына оң ықпал етіп, күштік құры­лымдардың жеке кә­сіпкерлерді негізсіз тексеру­лерінің жо­лын кесетінін көрсетті. Мәсе­лен, электронды тіркеу сынағы кезінде қаржы по­ли­циясы тағайын­даған 900-ден астам тексерулердің 51-і өзінің заңсыз­ды­ғына қарай тоқтатылды. Яғни, осы әдістің енгізілуіне қарай осыншама кәсіп­кер­дің құқығы қорғалды. Осылайша, 2010 жылдың 14 жел­­­тоқсанында Алматы қала­сы­ның Жетісу ауданы бойынша са­лық органы «Дәулет-Құрылыс» құ­ры­лыс компа­ния­сы» ЖШС тексеруді тіркеу үшін құжат тапсырған болатын. Оған Алматы қаласы бо­йынша қаржы по­лициясының қай­та тергеуге байла­ныс­ты аталмыш кәсіп­орынды соңғы 5 жылдағы жағ­дайына салыққа бай­ланысты тексеру қажет деген хаты негіз болған. Алайда электронды арыз­дарды есеп­ке алу жүйесі арқы­лы қайта тергеу сол жылдың маусым айында аяқталғаны белгілі болды. Осыған байланысты ол серіктестікті қайта тексеруге жол берілген жоқ. Тағы бір айта кететін нәрсе, арыз­дарды электронды есепке алу әдісінің енгізілуі нәтижесінде қар­жы полициясы органдарының қыл­мыс­тық іс қозғаудан ақтау негізінде бас тарту туралы шешімі 21,7 пайыз қыс­қарды. Бұл арада бүгінгі күні қаржы полициясы арыздарды есепке алу кітапшасында тіркелген әр екінші шағым бойынша ақтау негізінде қылмыстық іс ашудан бас тарту туралы шешім қабыл­дай­тынын айта кеткен жөн. Қаржы полициясының осындай нәтижесіз тексерулерінің кө­бейіп кеткенін есепке ала отырып, арыздарды электронды есепке алу жөніндегі сынақ кезінде азаматтық-құқық­тық сипаттағы дау-дамай­лар­ды негізсіз тіркеуді бодырмау жайы да қоса қарастырылған болатын. Со­ның нәтижесінде ақтау негізінде қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешімдер санын орта есеп­пен 21,7 пайыз қысқартуға қол жеткізілді. Мәселен, Астанада осы тәжірибеге дейін айына орта есеппен ақтау негізінде қылмыстық іс қоз­ғаудан бас тарту туралы 140 шешім қабылданатын. Ал жаңа әдісті енгізу кезінде бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін төмендеді. Арыздарды электронды тіркеуді енгізумен бірге біздің комитет ол арыз-шағымдарды қабылдау мен қарауға қоғамдық бақылауды қамта­ма­сыз ету бойынша да едәуір шара­ларды жүзеге асырды. Мә­се­лен, Қыл­мыстық іс жүргізу ко­дексінің 183-бабына сәйкес, құ­қық қорғау ор­ганына арызданып келген адамға оның арызының қабыл­дан­ғаны жө­нінде 14 таңбалы нөмір­мен арнайы талон берілуге тиіс. Енді комитет қабылдаған шара­лар­ға сай, арыз беруші өзінің ары­зының одан арғы жай-күйін және ол бойынша қа­былданған шешімді интернет, САLL­-орталық арқылы немесе тіпті SMS жіберіп те біле алады. Бұл шара арыз-шағым­дар­ды қабылдамау және тіркемеу фактілерін болдырмауға жәр­демдесіп, арыз берушіге өз ша­ғымының қа­ралуын жеке қадағалап отыруы­на мүмкіндік береді. Марат АХМЕТЖАНОВ, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы.