• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
31 Қазан, 2016

Семейде Қайым Мұхамедханның атына көше беріледі

504 рет
көрсетілді

Семей қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясында өткен қоғамдық тыңдау барысында бұрынғы Интернационал көшесінің атауын аса көрнекті ғалым, абайтанушы, Абай мұражайын құрушы, Алаш қайраткерлерінің ізін жалғаушы Қайым Мұхамедхановтың атына ауыстыру мәселесі қаралды. Қала басшылығы, мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан тыңдау барысында тұрақты комиссия мүшелері көшеге ғалымның есімін беруді қолдады. Биыл бірқатар өңір зиялылары және Дина Қайымқызы ғалымның атына өзі еңбек еткен Семей қаласынан көше атауын беру туралы ұсыныстарын жеткізген болатын. Бұған дейін ғалымның атына ауыстырылмақ болған Шмидт көшесіне Қ.Мұхамедхановтың ұрпақтары мен семейлік зиялылар қарсылық білдірген еді. Олар аталған көше қаға берісте, елеусіз әрі кішігірім көшелердің бірі деген уәжді алға тартқан болатын. Ал Интенационал көшесі қаланың орталығында орналасқан. – Жергілікті ономостика комиссиялары 2013 жылы таратылғандықтан, тұрақты комиссия мүшелерінің дауыс беруімен мәслихат хаттама толтырып, оны жергілікті атқарушы билік өзінің ақпараттық ресурстарында жариялайды. Бұдан кейін облыстық және республикалық ономастикалық комиссиялардың қарауынан өтуі тиіс. Үкімет қаулысымен толығымен бекітілген соң ғана көше атауы заңды болмақ, деді бұл турасында Семей қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Толқын Берікбекова. Биыл өңірде Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдық мерейойы аясында түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Жыл басында Өскемен қаласындағы А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада ғалымның электрондық библиографиясының тұсаукесері өтсе, Семейде «Қазақтың ұлы Қайымы» атты танымдық кеш ұйымдастырылған болатын. Қазіргі кезде ғалымның есімін облыс орталығында да тиісті деңгейде ұлықтау мәселесі қаралып жатыр. Думан Анаш, «Егемен Қазақстан»