• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2016

«Салалық кәсіби журналистер кемшін»

569 рет
көрсетілді

Ведомстволық басылымдар – сала қызметінің айнасы іспетті. Осындай басылымдар арқылы белгілі бір саланың шежіресі жасалады, тарихы түзіледі. Еліміздегі ауқымды салалардың бірі – ішкі істер органдары. Біз «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС-нің бас директоры Бимаханбет АСАНОВПЕН қоғамдағы түрлі оқиғаларға және құқық қорғаушылардың күнделікті тыныс-тіршілігіне тереңірек үңілетін газет-журналдардың жай-күйі төңірегінде аз-кем әңгімелескен едік. – Сіз басқаратын «Медиа орталық» «Сақшы» газетінің, «Полиция.kz», «Ардагер», «Есірт­кісіз болашақ» секілді жур­налдардың басын бірік­тіре­тінін білеміз. Орталыққа қандай міндет жүктелген? – Ішкі істер министрлігі – құрылымы күрделі әрі ауқымды сала. Бұрын жеке министрлік болған Төтенше жағдайлар комитеті мен Әділет министрлігінің құрамындағы Қылмыстық атқару жүйесі комитеті қазір осы ведомствоның қол астында. Бұл – министрліктің жеке құрам саны да артты деген сөз. Бұған өзіндік дәстүрі мен даңғыл жолы бар Ұлттық ұлан сарбаздарын қосыңыз. Медиа орталық – осы қызметтердің ақпараттық «кеңесі» іспетті, яғни ол ішкі істер саласындағы өзін­дік орны бар ақпараттық-насихат орталығы. Орталықтың бас­ты міндеті – өз басылымдары ар­қы­лы қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыру, ішкі істер органдарындағы игілікті істерді насихаттау, аға буынның ер­лігін дәріптеу, жас маманды патриоттыққа баулу. – Еліміздегі салалық, ведом­стволық басылымдарға көңіліңіз тола ма? – Журналистика тарихында салалық басылымдардың ма­ңызы жоғары. Себебі, әр газет-жур­налдың өзіндік тарихы бар. Олардың бір кездері шетке ығысып қалғаны да шындық. Жалпы, кез келген ведомстволық басылымда сол саланың тарихы жазылады. Мәселен, сексен жылдан астам уақыт бойы шығып келе жатқан «Сақшы» газетінің беттерінен өте құнды мәліметтерді таба аласыз. Алғашқы милиция мекемелерінің қашан, қайда құрылғаны, алғашқы басшылардың кімдер болғаны, қандай идеологиялық міндеттер жүктелгені туралы қызықты деректер газет тігінділерінде бар. Жалпы, салалық басылымдар да өздерінің шыңдалу, жетілу, ілгерілеу, толысу кезеңдерін бастан өткерді. Бүгінде әр басылым өз міндетін шама-шарқынша орындап келеді. Ал қойылған межеден шығу басшылықтың жұмысты ұйымдастыру қабілеті мен ұжымның кәсіби біліктілігіне байланысты. – Қызметкерлер өздеріне қой­ыл­ған талаптар үдесінен шыға алып жатыр ма? – Қазіргі таңда Медиа орталық «Сақшы», «На страже» газеттері мен «Полиция.kz» журналын тұрақты жариялап келеді. Бұл басылымдардың таралымы, оқылуы, тақырыптық тартымдылығы, әрине, орталықта қызмет етіп жүрген журналистерге байланысты. Ғасырға жуық уақыттан бері құқықтық журналистиканың мектебін қалыптастырған «Сақшы», «На страже» секілді басылымдар талай тілшінің алғашқы баспалдағы бола білді. Ведомстволық басылымдар әр журналистен тек тілшілікті емес, заңгер, қорғаушы, тергеуші, кейде тіпті, судья болуды «талап етеді». Заңды білу, оның әр бабын зер­делей алу, әр ойын халыққа түсі­нікті етіп жеткізу – тілшіге қойылар басты талаптар. – Бұл басылымдардағы жур­налистердің әлеуметтік жағынан қорғалуы қалай? – Бүгінгідей, бір жағынан әлем­дік дағдарыс алқымнан алып, екінші жағынан ақпараттық технологиялардың рөлі күшейіп келе жатқан заманда біздің негізгі мақсатымыз – қызметкерлеріміздің жұмыс орнын сақтап қалу. Орталық тарапынан қызметкерлерге ұжым­дық шарт негізінде жеке және отбасылық жағдайларға байланысты қаржылай материалдық көмек беру де қарастырылған. – Ведомстволық басылым­дардың мазмұны азаматтық си­патқа қарай ойысты ғой. Бұ­рын мұндай басылымдарда еңбек ете­тін тілшілердің арнайы шен­дері болатын, қазір ше? – Жоқ, қазір тілшілер шен тақпайды. Алайда, газет ұжымы тығыз жұмыс істейтін еліміздегі барлық облыстық және қалалық ішкі істер, төтенше жағдайлар, қылмыс­тық атқару жүйесі департаменттері баспасөз орталықтары қызмет­кер­лерінің дені – полиция қызмет­керлері. – Ведомстволық басылымдарға ортақ проблема бар ма? Болса қан­дай? – Ведомстволық басылымдардың бәріне ортақ бір мәселесі бар, ол – салалық кәсіби журналистердің жетіспеушілігі. Бізде ЖОО-да құ­қықтық сала төңірегінде қалам тербейтін тілшілер арнайы даярланбайды. Соның салдарынан газетке жаңадан келген жас журналистің құқықтық сауатын арттыруға, заң білімін жетілдіруге біраз уақыт кетеді. Бұл ретте, олардың білім-біліктілігін арттыратын семинар-тренингтерді жиі ұйымдастырған дұрыс. Бір қуанарлығы, соңғы кез­дері газетімізге тек баспасөз орта­лығының ғана емес, жекелеген мекеме, департамент, басқарма бас­­шылығы мен қатардағы полиция қызметкерлері де өз ойларын қағазға түсіріп, редакцияға жібереді. Шалғай орналасқан аудан, ауыл тұр­ғындарынан да, алыстағы ауыл сақ­шыларынан да хаттар жиі келеді. Біздің басты міндетіміз – газет пен халықтың байланысын үзбеу. Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»