«Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда салық және кедендік әкімшілендіру саласында көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы талқы таразысына түсті.
Осыдан біраз уақыт бұрын құрылған арнайы жұмыс тобы Маңғыстау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс сапарымен болып қайтыпты. Топ «Тәжен», «Морпорт Ақтау», «Қалжат», «Бақты», «Жібек жолы», «Қапланбек» сынды кеден бекеттерінің қызметімен танысып, кедендік рәсімдеуден өтіп жатқан жеке тұлғалармен де тілдескен. Сонымен қатар, осы өңірлердегі Кәсіпкерлер палатасының алаңдарында дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылып, салық және кедендік әкімшілендіру саласындағы өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылған.
Сондай-ақ, жұмыс тобы Ақтау, Өскемен, Шымкент қалалары мен Абай, әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарының Мемлекеттік кірістер басқармасының ақпараттарды өңдеу және қабылдау орталықтарының жұмысымен танысқан.
«Нұр Отан» партиясының бас кеңсесінде өткен қоғамдық кеңес отырысында сапар аясында жинақталған материалдар қорытылып, көпшілікке жария етілді. Арнайы баяндама жасаған Парламент Мәжілісінің депутаты әрі кеңес мүшесі Омархан Өксікбаев салық және кеден қызметінде күрмеуі шешілмеген бірқатар мәселелер бар екенін атап өтіп, мемлекеттік кіріс органдарының өкілдеріне жұмыс тобының ұсыныстары мен ескертулерін жеткізді.
«Мемлекеттік кіріс органдары ел азаматтары мен кәсіпкерлерге 52 мемлекеттік қызмет түрін көрсетсе, оның 32-сі – салық, 20-сы кеден саласына қатысты. Бұлардың арасында сапасы сын көтермейтін және сыбайлас жемқорлыққа түрткі болатын мемлекеттік қызмет түрлері де жоқ емес. Оларды жетілдірумен қатар, қайта жаңғырту керек», – деді баяндамашы өзінің сөзінде.
Бүгінгі таңда мемлекеттік кіріс бойынша қалалық, аудандық 219 басқарма қызмет етсе, оның 42-сінде адамдардың кезегін электронды басқару жүйесі енгізілген. Алайда, қалған 177 басқармада мұндай жүйе мүлдем жоқ. Сондықтан да салық төлеушілер мемлекеттік қызметті ұзын-сонар кезекке тұрып алуға мәжбүр. Осының салдарынан тоқсандық есеп тапсырар тұста бұл жерлерде у-шу көбейіп, адамдардың берекесі қашады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мемлекеттік кірістер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, өз кезегінде сөз алған Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Қаржы министрлігі «сыбайлас жемқорлық» ең көп көрініс беретін мемлекеттік органдардың қатарында екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық көрсеткіші 2,7 есеге төмендегеніне қарамастан, анықталған фактілер осылай деуге негіз болатын көрінеді.
Осылайша, сапаны жақсарту мақсатында сын көп айтылған отырыс қорытындысы бойынша салықтық және кедендік әкімшілік қызметтерді жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»