Кешегі күннің бәрі тарих десек те, тәуелсіз еліміздің әрбір қадамы көңілімізде сайрап тұр. Тәуелсіздік жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында 347 жаңа медициналық нысан салыныпты. Сондай-ақ, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы да денсаулық сақтау саласының дамуына үлкен үлес қосты.
Қашанда кадр дайындау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде облыста халыққа қызмет жасап жатқан дәрігерлер саны 2 167-ге немесе 5 136-дан 7 303-ке дейін артты. Ал, мейірбикелер саны 2 192-ге артып немесе 20 176-дан 22 368-ке дейін өсті. Сөйтіп кадр тапшылығы 2 есе, ауылды жерлерде 2,5 есеге төмендеді. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан жеріндегі ең байырғы оқу орындарының бірі – Шымкент медицина колледжі орта буынды медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің бәсекелестігін қамтамасыз ету мақсатында талай белестерді бағындырды.
Фармацевтикалық пәндер бойынша оқытушылар теориялық және тәжірибелік білімді ұштастыру мақсатында білім алушылардың түрлі меншік нысандағы фармацевтикалық ұйым және кәсіпорындарда, дәрілердің сапасын бақылау, дәрілерді стандарттау, сертификаттау зертханаларында келешекте орындайтын іс-шараларына басты назар аударады. Фармацевтикалық мекемелердің құрылымдық бөлімшелерінің жұмыстарын ұйымдастыруды, тұрғындарды және медициналық мекемелерді дәрілік заттармен қамтамасыз етуді, тауарлы-материалдық құндылықтар бойынша іс-әрекеті жөнінде есеп жүргізіп, есебін беруді, дәрілік өсімдік шикізаттарды дайындауды және т.б. үйретуді негізгі мақсаты деп санайды. Сондай-ақ колледж басшылығының болашақ фармацевтерге қажетті барлық дағдылар мен шеберліктерді меңгеруі үшін оқу-өндірістік және дипломалды тәжірибелерден өтуге «Europharma» фармацевтикалық фирмасымен, «Зерде» ЖШС-мен шарт жасасуы және қаламызда орналасқан «Химфарм» акционерлік қоғамына экскурсияға апарып, дәрі-дәрмектер дайындаудың бүкіл үрдісімен таныстыруды ұйымдастыруы да үлкен ықпал етуде. «Фармация» мамандығы бойынша медицина колледждері түлектерінің арасындағы республикалық, облыстық сайыстарға қатысқан студенттеріміз жүлделі орындарға ие болды. Республика көлеміндегі бұл жетістікке қол жеткізуге колледждің оқу-тәрбие жұмысын дұрыс бағытта ұйымдастыра білген колледж басшысы М.Сұлтанов пен оқытушылардың еңбектері зор.
«Елу жылда – ел жаңа» деген, ширек ғасырдың өзінде еліміз адам таңғаларлықтай жағдайда өзгерді. Білім аламын, қызмет етемін деген жастарға мүмкіндік мол. Ендеше барымтаға қарымта деген, болашақ фармацевтер де колледжде алған білімдерін, жинаған тәжірибелерін отандық фармация саласын дамытуға арнайтыны анық.
Сәуле ҚАРАТАЕВА,
Гүлназ МАДИЕВА,
Шымкент медицина колледжінің оқытушылары