• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2011

Армысыңдар, арулар

550 рет
көрсетілді

Сатира саңлағынан сарқыт алғанның жара­сы­мы, әлемнің иесі, жал­ғыздың жары, бақыт­тың киесі сендерді мере­ке­леріңмен құт­тықтай оты­рып, жайын жүре­гіммен бәріңді тар құшағыма тарыдай сыйғызар едім. Мұн­дай ұлыстың ұлы күні сіздерге ағымнан жарыл­май тағы отыра ал­май­мын. Хош, сонымен өзімнің саналы өмі­рім­нің әр кезеңінде арулар күнін әрқилы түсінген адам­мын. Мектеп табал­дырығын ат­таған жы­лымыз. Әліп­педегі «Жыл­қы, сиыр, шошқа» деген сөздерді жазуынан гөрі суретімен жобалай сілтеп жүрген кезім бо­латын. Біздің сынып бойынша «екі» алушылардың жос­парын апта сайын арты­ғымен орын­дайтын мені тұң­ғыш ұстазым – Қасым ағай­дың «сыйлай­тыны» сонша, дәл тұм­сығының алдына отыр­­­ғы­зып қоятын. Ол кез­де, маған «Бү­йенбай тақтаға шық!» деген сөз «Бү­йен­бай тозаққа түс» дегенмен бірдей естілетін. Ұстаз сыйлау салты­мыз. Амал жоқ, тақтаға қарай сапар шегем. Тақ­таны Кер­ба­ланың шөліне іліп қой­ған­дай, ілби жеткенше ми­ым мұздап, қара таба­ныма дейін тер­леп, асылдым-ау барып, әй­теуір. Таңдайым кепкенмен, мұрынды бір-екі рет сырнай­лата тартқаннан-ақ шә­кірт­тің тағы да қара басып тұрғанын бірден сезетін кәнігі ұстаз «отыр» дегенді қаңтар­дың ая­зына қанша орап айтқан­мен, ол маған айналайын­нан артық етеді де, қуанышым қойныма сыймай, орныма жеткенше күн­делікті өзіме таныс жы­­лан­көз «екілік» дәптеріме түсіп үл­гереді. Ол кездегі денем­нің үш­тен бірі бас болатын, соған қызыға ма қайдам, ұста­зым ызалы мыс­қылмен «ана басты ашып көрер ме еді, ішінде не бар екен?» дейді. Сол бастың ішінде не бар, не жоғын көруге өзімнің де құ­мартып жүргенімді ол қайдан білсін. «Сен түбі мал бол­мас­сың» дейді күдерін үзе бас­таған ұстаз. Ішімнен «ақылды мал болу үшін оқысақ оқасы жоқ екен, әзірше адам болып жүре тұрайық» деймін де бұ­йыр­ған бағаға шүкірлік етіп, бет-аузым былш етпей отыра берем. Осылайша ұстаз бен шә­кірт ара­сын­дағы қырғи-қабақ майдан өрістеп тұрған күн­дер­дің бірінде Қасым ағай қыз­дарға «Бүгін сендердің мереке күн­дерің, үйлеріңе бара бе­рің­дер, балалар, сендер қыздарды құт­тықтаң­дар» деді. Қам­шы­лар жақ құлағым мүкістеу еститін маған «қыздарды қы­тық­таңдар» болып естілді де, «ә, бәлем, ұс­тазым әдепсіз сөз айтып жам­басқа бір келген шы­ғарсың, осы жолы бір жы­ғылмасаң көрейін» деген жат ниетпен «ағай, сы­ныптың іш­ін­де қытықтау ұят емес пе» деп саңқ ете қалдым. «Мына марғау не дейді?» Жұрт ду күл­ді. Шабуыл сәтсіз аяқтал­ды. Ішімнен құлағымды бір сы­бап алдым да, қыздарға мөлие қарадым. Менің сазға отыр­ға­нымды көзінің қиық­та­рымен танытып, он шақты балапан қыз сыпырылып шыға берді. Қасым ағайдың саба­ғы­нан азат болу неткен бақыт де­сеңізші! Қай­ранда қалған ша­бақтай қабыр­ғамыз сөгіліп, бес-алты бала қалдық. Жы­лы­лық та, мейірім де қыздармен бірге кеткен тә­різді. «Қайта-қайта жұтсам да, қылқаның кет­пес сендердің» деп Қасым ағай қаһарына мінді. Несін жасырайын, «мен де адам­мын жаралған сү­йек-ет­тен» деп Сәбең айт­пақшы, мен де махаббат шаруашы­лығымен біраз шұ­ғыл­данған адам­мын. Шү­кір құ­дай­ға, аз өмірдің ішінде жеті рет ғашық бо­лып­пын. Бірақ жетеуінде де жолым болмады. Ба­қандай жеті қыз­дың біреуі менсінбеді де­ген естір құ­лақ­қа ұят, амал жоқ, шын­дықты жа­сы­ра ал­май­сың. Ол да бір қап түбінде жат­қан алмас пы­шақ емес пе, ақыры тесіп шы­ғатын. Ға­­шықтық деген жаман екен, кү­йінген күндері кө­зімнің жасын бо­саған бөтелкеге құ­йып жүрген кездерім де болды. Әсі­ресе, әлгі бір берекесіз са­ры қыз­дың күйігі ба­тып кетті. Әкем­­мен баталасып айт­тырған бесіктегі қа­лың­­ды­ғым еді, кішкене кү­німде өзім­мен бірге ойнап жү­ріп бой жеткен соң, біреумен тайып бергені есіме түс­кен­де осы күнге дейін қа­ра­құ­сым шымыр­лай­ды... Атамаңыз, ер­кек атау­лының ба­сына ондай қа­сірет бермесін... Бір ғажа­бы: ме­ні менсінбей кеткен­дер­­дің бәрі ба­қыт­ты, ай­дарлары­нан жел есіп жү­ріп жа­тыр. Со­­ған қа­ра­ған­­да, әйел­дер қауымы сезім­тал­дығының үстіне көзі ашық әулие бола ма деймін. Қыс­қасы, әлгі жүре­гім­ді морт мі­незімнің мұзы­на ора­дым да, кейде өзім де таң­ғалатын ғажайып бір қи­мылға бас­тым. Бұрынғы ғашық­тарыма ал­ғаш­қы сөзді «біздің конституция бо­йын­ша 18 жаста үйлену керек екен деп» алдымен саяси сезімін билеп алу мақсатымен бас­тайтынмын-ды. Бұл жолы не айт­қаным есімде жоқ, махаббатың да, ашықтығың да өзіңе ағайын дедім де, екі көзді тарс жұмып, буырқанып бұрсанып, мұздай темір құрсанып, үйлендім де алдым. Шүкір, жаман емес, үйленген күннен бастап, отбасы шеңбе­рін­де­гі азаттық қозға­лы­сының қарапа­йым сарбазы болып жүріп жатыр­мын. Байқаймын, шығын екі жақ­тан да аз емес. Бірақ жеңістің төбесі әзір ешқайсымызға да кө­рінбейді. Кешірерсіздер, әрине, кей­де өз тә­жірибеме қарап, 8 нау­рыз – әйелдер күні дегенге сенбеймін. Бұл менің өз мейрамым си­яқты болады да тұрады. Өйткені, мен осы күні әйелімнен ақша қарыз алып (обалы не керек, қанша сұ­расам да бұл күні қолымды қақ­пайды) дүкен ара­лаймын да, мерекеге лайық тартуын әкелемін. Қал­ған тиынды санап қай­тадан алып, «рахмет, Бүке» деп күле қа­рағанда төбем көкке жетіп, мен де ыржиям. Сонымен, қалған үш жүз елу тоғыз күннің барлық билік-еркі тағы да жұбайым­ның еркінде қала береді де мен таз қалпыма түсем. Төл­құжатымдағы жазуды ақтайтын кү­нім әрі ойланып, бері ойланып келгенде осы 8 наурыз болып шық­ты. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл ме­рекенің еркектер үшін де саяси-әлеуметтік, азаттық-экономикалық мәні зор-ау деймін баяғы. Жақсы әйелдің қылығы Жақсы әйелдің қылығы, Шын асылдың сынығы. Жақсы әйел күнмен тең, Таусылмайтын қызуы. Жақсы болса алғаның Бұ дүниенің қызығы. Жаман еркекті түзетеді, Қыс, көктем, жаз, күз өтеді. Бала санын үдетеді, Түн ұйқысын төрт бөліп, Балаларын күзетеді. Күн серігі Ай боласыз, Көктен түскен жай боласыз. Қысыр емген тай боласыз, Жақсы әйелдің арқасында, Төрт түлікке бай боласыз. Қолыңызға құс қонады, Жолыңызға құт қонады. Уәдеңіз нық болады, Айтқаныңыз «құп» болады. Жақсы әйелмен өміріңіз, Аққудайын жұп болады. * * * Жаман әйелдің қылығы, Шығып жатар былығы. Ол әйелдің бұзығы, Бұзықтыққа келгенде, Ұзын болар «құрығы». * * * Жақсы еркекті жүдетеді, Күйеуіне тілі өтеді. Әркімді үйге түнетеді, Жылауменен күн өтеді, Сынауменен жыл өтеді. Көшікбай МАҚҰЛБЕКҰЛЫ. Алматы. Әйелдер «әлдиі» – Сенің күйеуің екеуіңнің үйленген күндеріңді жатқа біле ме? – Құдайға шүкір, білмейді. – Неге «құдайға шүкір» дейсің? – Сол білмегенінің арқасында ғой, жы­лына үш-төрт рет «бүгін отау құр­ған кү­ні­міз емес пе, отағасы-ау, ұмытып қал­дың ба?» деп өзіме қайта-қайта сыйлық алғызам! * * * – Таяуда ғана ажы­расам деп жатыр едің, айнып қалғанбысың? – Иә. – Не себепті? – Кеше теледидары­мыз бұзылып қалды да, күйеуіміз екеуміз түн ау­ғанша әңгімелесуге мәжбүр болдық. Сөйтсем, күйеуім жап-жақ­сы адам екен, бұрын қа­лайша байқамағанмын?.. * * * – «Күйеуім алимент төлесін» деп сотқа арыз бердім. – Төлейтін болды ма? – Сот арызымды қабылдамады. – Неге? – Алимент сұрау үшін алдымен ажырасу керек екен... * * * – Құрбым, күйеуің­нің кешке үйге келмей қалатын күні бол­ды ма? – Тек, бір-ақ рет, үйленгеннен кейін бір айдан соң келмей қалды. Бірақ мен әлі де келеді деген үміттемін. * * * – Күйеуім мені енді сүймейді-ау деймін. – Неғып олай деп ойлайсың? – Үйленген күннен бастап, таңертең мен оны сүйіп оятатынмын. Ол да мені сүйіп оятатын. – Ал қазір ше? – Кеше үйленгенімізге тура бір жыл болған... Сол күні ол маған шырыл­дайтын сағат сый­лады емес пе... Қыз-жігіт қыңқылы Қыз бен жігіт кинотеатрда махаббат туралы фильм көріп отыр. Қыз: – Қалай ойлайсың, бұл екеуі соңында үйлене ме? – Әрине! Барлық кинолар осын­дай трагедиямен аяқталады ғой... * * * Бір жігіт көшеде әдемі қызбен танысады да, саяжайына ертіп келеді. Табиғат аясына келген қыз жігітке: – Бұл жердің табиғаты керемет, ауасы таза екен. Мұны білгенде, екі баламды да ерте келер едім, – деген екен. * * * Бiр қыз бен бозбала саябақта құшақтасып тұрады. Бозбала: – Қыздардың бәрі сүйіс­кенде көздерін жұмып тұрады, ал сен неге көзіңді жұм­байсың? – Өткенде көзiмді жұма­мын деп, ұялы телефонымды ұрлатып алғанмын... * * * Жігіт қызға: – Сен сондай сұлусың, әлемде саған тең келер жан жоқ, күнім. – Бұл не, алдын ала ойлас­тырылған комплимент пе, әл­де абайсызда айтылған шын­дық па? – Жо-ға, сәтімен келген қалжың ғой. Отбасындағы «ошаған» Әкесі баласына ұрсып тұр: – Қалтамдағы ақшаның жартысы қайда? Дауға әйелі араласады: – Балаға тиісе берме, ақшаңды, мүмкін, мен алған шығармын. – Сен алған болсаң, қалтамда көк тиын қалмас еді ғой. * * * Күйеуі түнімен достарымен сілтеп, үйіне таңертең келеді. – Әйелі: – Сен кеше кеткеннен бүгін келіп тұрсың, білесің бе қанша кешік­кеніңді? –деп сағатын көрсетіпті. Сонда күйеуі: – Қайта мен ерте келдім ғой, кейбіреулердің әйелдері күйеулерінің алдынан сағат емес, күнтізбе алып шығады. * * * Әйелi үйдi басына көтерiп айқайлап жатыр: – Оңбаған! Сұмырай! Бәрi бiттi! Билетке ақша бер, мен төркiнiме кетемiн! Күйеуi қалтасынан суырып ақша бередi. Сонда әйелi: – Сұмпайы! Ал керi қайтуыма ақша қайда? *** Күйеуі әйеліне: – Жаным, үйленгенімізге бес жыл болды, саған не сыйлайын? – Білмеймін. Онда онжылдыққа дейін жақсылап ойлан... Ауылдың айтқыштары Марат деген ініміздің мінезі шәлкес, сотқарлығы басым. Ұрттап алса, тіпті тізгін бермей кететінін де жақсы білеміз. Оның келіншегі Майра мұғалім, жоғары оқу орнында сабақ береді. Жалпы, екеуі де сөзге шешен, тілді жандар. Бір-бірінің аңғал сөйлеген кездерін аң­дып отырып, «мат» қоюға тырысып жү­ретіндері қызық. Мараттың аға­сының үйінде қо­нақ болып жат­қан бір күні Майра өзі де байқамай шын­жырдағы иттің жанынан өте шы­ғыпты. Оны көр­ген күйеуі: – Өй, мынау қабаған иттен қо­рық­пайды-ей! – деп жорта таңырқаған бо­лыпты. – Ит сенен қиын ба? – деген екен сонда Майра ойланбастан, – сенімен де қорықпай он бес жыл бірге тұрып келемін ғой... * * * Майра­ның сынып­тастары 25 жыл­дық кездесу жасап, кеш өткізген екен. Сол кеште көбі­рек «жұтып» қойған Марат ұйықтап қалады. Оны әйелі сол қалпында ұялы телефонның бейнекамера­сы­на түсіріпті де, соңынан абайсызда өшіріп алыпты. – Амал қанша, – депті ертеңінде Майра, – сенің мас болып, қорылдап жатқаның­ды шешең мен ағаңа көрсе­тейін деп едім, өшіп қа­лыпты... – Онда тұрған не проблема бар? – деген екен сонда Марат, – ақша бер, қайта мас болайын. Сен әдемілеп тұрып тағы бір түсіріп ал! * * * Бір білмейтіні жоқ ағамыз әйелімен бірге қыдырып Ал­ма­тыға барған екен. Онда­ғы дос-жарандары жылы қарсы алып, күн сайын әр үйде қонақтап жүреді. Бір күні достары «мәдени демалыс» ұйымдастырып, екеуін театр­ға апарыпты. Спектакль басталарда залдағы жарықтың баяу өше бастайтыны белгілі. Сол кезде бұрын мұндайды көрмеген әйелі таңырқап: – О, ғажап! Біртіндеп қалай сөндіреді шамды? – деп сұраса керек. Сонда ағамыз: – Ол оп-оңай, – деп түсіндірген екен, – «вилканы» розеткадан ақырындап суыра береді... Хасен ЗАКАРИЯ, Шығыс Қазақстан облысы.