Қазақстанның Бас прокуроры Жақып Асанов барша қазақстандықтарды жермен қамту туралы заң жобасын жасауды ұсынды.
Мемлекеттік органдардың дерегі бойынша, 2016 жылы жер кезегінде тұрған 1,4 миллион адам бар.
«Елбасының барлық xалыққа жер беріңдер деген тапсырмасы бар. Бірақ, әрине, xалыққа жерді айдаладан бермейміз ғой. Оған инфрақұрылым жүргізу керек, балабақша мен мектеп керек, ауруxана қажет, мұның барлығы - ауқымды шаруа. Бірақ дегенмен Ұлттық экономика министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыстық әкімдер, прокуратура - барлығымыз отырып ойлассақ. Біз мына нәрсені ұғуымыз керек, ақшадан басқа бір үлкен мәселе бар. Әрбір қазақтың арманы - ұлтарақтай жер алып, мал асырап, бақша егу. Оның арманы сол. Кең үй салып, келін түсіріп, қолынан шәй ішіп, солай емес пе!? Біздің қанымызға сіңген қасиет, менталитетіміз. Адамға қанша пәтер берсек те, оның бәрібір арманы - жер үй» деді Бас прокурор. Оның айтуынша, осы кезде жерді заңсыз басып алу фактілері де тыйылар еді.
«Елбасы тапсырма берді. Біз енді осыны отырып, тез арада, қандай жолы бар, анықтап, ойласып, үкіметке нақты ұсыныс беруіміз керек. Сонда xалықтың да қажеттілігін өтейміз, Елбасының да тапсырмасын орындаймыз», - деп түйді ойын Ж. Асанов. Естеріңізге салсақ, бүгін Бас прокуратурада өз бетімен жерлерді басып алуға қарсы жаңа жоба қабылданып, осы мәселелерді шешуге бағытталған кешенді жоспар бекітілді.