• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Вахид және оның командасы

290 рет
көрсетілді

Өткен маусымда ғана бірінші лигада ойнап, биыл премьер-лигада өнер көрсеткен Оралдың «Ақжайық» футбол клубы чемпионатты біршама сәтті бастағанымен, оны қорытындылайтын тұста біраз тұйыққа тірелді. Бұған команда тізгінін сол кезге дейін ұстап келген Талғат Байсуфиновтің Қазақстан ұлттық құрамасын басқаруға кетіп қалғаны тікелей әсер етті. Сөйтіп, доп додасының бірінші бөлігі мәреге жетіп, командалар алты клубтан екі топқа бөлінген кезде соңғы орындағы «Ақжайық» өзінің алдындағы «Тараздан» тура тоғыз ұпайға қалып тұрды. Бұл кезде аяқдоптан хабары барлардың көпшілігі орал­дықтардан үміт үзді десе де болады. Клубты осындай қиын сәтте қолға алған тағы бір қазақ­стандық маман Вахид Масу­довқа «Ақжайықты» алға шығару оңайға түскен жоқ. Деген­мен, онымен бірге жаңа футбол­шылардың келуі ойынды қайта құруға мүмкіндік берді. Соның арқасында команда капитаны Мейрам Сапанов бастаған жігіттер біріншіліктің екінші бө­лі­гін керемет өрлеу үстінде өткі­зіп, 10 ойынның 8-інде қарсы­ластарынан басым түсті. Міне, осы көзсіз ерлікке пара-пар ойындардың нәтижесінде оралдықтар алға ұзап кетіп қалған командалардың соңынан «қос атпен қуып» шығып, олардың екеуінен көмбеге жете бергенде басып озды. Сөйтіп, өзінің премьер-лигада қалу жөніндегі мақсатына жетті. Мұны бас жат­тықтырушы Вахид Масудов Тал­­дықорғанда өткен соңғы ойын­­нан кейін: «Біздің осылай жа­сайтынымызға ешкім сенбеп еді, ал біз межемізден өттік», деп бір ауыз сөзбен түйіндеп берді. Осы ретте команданың бұл табысқа селекциялық жұмыстарды дұрыс жүргізуі арқылы жеткенін де айта кетейік. Бұл жөнінде сөз еткенде, Парагвайдан Қазақстанға аяқ басқан бірінші ойыншы, жартылай қорғаушы Фредди Коронель Ортиз алдымен ауыз­ға ілігеді. Маусым басында келген легионер ұзамай белді ой­ын­­шылардың біріне айналды. Ша­буылды ұйымдастырумен бірге стан­дартты жағдайды жақсы орын­дайтын Фредди біріншілік қорытындысында 8 голмен «Ақжайықтың» бас мергені атанды. Команданы өрге сүйрегендер қатарында тәжірибелі Эдуард Сергиенко мен сербиялық қорғау­шы Предраг Говедарицаны да атап өтуге болады. Чемпионаттың орта тұ­сында келген қақпашы Денис Төлебаев артынша әріптестері Нұрболат Қалменов пен Роман Багаутдиновтың «орнын тартып алса», нигериялық Майкл Одибе орталық қорғаушы Да­нило Николичті ығыстырып шығарды. Сол секілді тыңнан қосылған Рахымжан Розыбакиев, шабуыл­шылар, серб Мирослав Лечич пен украин Константин Дудченко біраз серпін қосты. Чемпионат соңына таман Чили елінің өкілі Матиас Рубио да негізгі құрамнан өз орнын тапты. Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстанның Дания­мен 11 қараша күні өтетін кездесу қарсаңында таңдаулы 35 аяқдоп шеберінің қатарында «Ақжайықтан» үш бірдей ойыншы, атап айтқанда, оң қапталдағы қорғаушы Эльдар Абдрахманов, жартылай қорғаушылар Руслан Валиуллин мен Рахымжан Ро­зыбакиев ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына шақырту алды. Әрине, 23 ойыншыдан тұ­ратын түпкілікті тізімге енбесе де, ұлттық құрама бапкер­лерінің көзіне ілігуінің өзі – үлкен жетістік. Тағы бір жайт, «Ақ­жайық» футбол клубы өзге әріп­тестеріне қарағанда, негізінен өз тәрбиеленушілеріне сүйенетін клуб ретінде ерекшелене алады. Ендеше, ол осы бағыттан танбай, келесі маусымға тас-түйін дайындалу керектігі айтпаса да түсінікті болса керек. Ғайсағали СЕЙТАҚ, журналист Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ