• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Жанармай неге жетпейді?

319 рет
көрсетілді

Энергетика министрлігінің жанар-жағармайды сатушы компанияларға бөлу жолдары түсініксіз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚМӨЗ» ЖШС басшылығы айтты. Олар басқосу барысында елімізде 4700-ге жуық жанар-жағармай құю стансасы бар екенін жеткізді. Алайда, олардың 4300-і ғана жұмыс істеп тұр. ЖШС басқарушы директоры Дәулет Қалихановтың кездесудегі сөзіне қара­ғанда, жоғарыдағы санның 326-сы – «ҚазМұнайГаз», 270-сі – «Гелиос» жә­не 131-і «Синойл» компанияларына тиесілі. «Біз компаниямызды Энергетика министрлігінің мұнай өнімдерін бөлу кестесіне қосып, үш мекемеден кейінгі ең ірі төртінші ЖҚС ретінде, олармен бірдей, тіпті шалғай өңірлердегі жанар-жағармай құю стансаларын жанармаймен қамтамасыз етуді мақсат еткен едік. Осы үдеден шықтық, ағымдағы жылғы қыркүйек айында Энергетика министрлігі «ҚМӨЗ» ЖШС-ін өздерінің бөлу кестесіне қосты. Біздің серіктестік желілерінің жалпы тұтыну көлемі шамамен 80 мың тоннаны құрайды. Алайда, біз өтініш берілген көлемнің тек 1660 тоннасын ғана алдық. Бұл тек Оңтүстік Қазақстан облысы қажет­ті­лігінің небәрі екі пайызына ғана жеткілікті», деді ол. Дәулет Қалихановтың мәліметінше, қыркүйек айында «ҚазМұнайГаз» – 78  мың, «Гелиос» – 36 мың, «Синойл» 41 мың тонна жанар-жағармай алған. «Ал біз сонша төмен мөлшерде өнім алуы­мызды алғашқыда нарықтағы жаңа ойын­шы екендігімізбен байланыстырдық және бөлу кестесіне алғаш рет қатысып отырғандығымызды да ескерген болар деп ойладық. Келесі айда дұрысталар деп үміттендік те. Бірақ, қазан айында бірде-бір тонна бензин бөлінген жоқ. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігінің өкілдері мұны Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында жоспарлы жөндеу жұмыстарының басталуымен түсіндіруде», деді «ҚМӨЗ» ЖШС басшысы. Дегенмен, жоғарыда аталған үш алпауыт компания қазан айында қыркүйек айы­нан да жоғары көлемде мұнай өнімдерін алған. «Біздерге ресурстардың қандай жолмен бөлінетіндігі түсініксіз», деді компания өкілдері. Жиында білгеніміздей, қазіргі таң­да Қазақстан аумағында мұнай өң­дейтін үш зауыт жұмыс істейді екен. Олар­дың нарыққа шығарып отырған өнімдері тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға әбден жеткілікті көрінеді. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»