• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

"ЕртісИнвест" форумында құны 300 млрд теңге тұратын жобаларға қол қойылды

348 рет
көрсетілді

Облыс орталығында халықаралық «ErtysInvest-2016» инвестициялық форумы өтті. Оған еліміздің өзге өңірлерінен, Ресей, Беларусь, Қытай, Германия және Франция елдерінен өкілдер, шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері, шетелдік банктер мен компаниялар өкілдері қатысты. Жергілікті әкімдік, банк және бизнес өкілдері маңызды форумды Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте, Еуразия инновациялық университетінде және Достық үйінде жалпы, пленарлық отырыстар түрінде ұйымдастырып, соңынан меморандумға қол қойылды. Форумда алдағы уақытта өн­дірісті өңірдің әлеуетін артты­руға септесетін инвестициялық жобалар ұсынылды. Мақсаты – отандық және шетелдік инвесторларға өңірдің инвестициялық әлеуеті мен мүмкіндіктерін таныстыру. Осымен үшінші рет өткізілген халықаралық «ErtysInvest-2016» инвестициялық форумына, облыстық индустриялық-инно­вациялық басқарманың хабарын­ша, жалпы қатысу үшін 500 адам тіркелсе, олардың ішінде 200 қазақстандық кәсіпкер бар. Форум­ның жұмысына еліміздің Ин­вестициялар және даму министр­лігінің бірінші вице-министрі Альберт Рау, облыс әкімі Б.Ба­қауов, Беларусьтің Гомель об­лыстық атқару комитетінің төр­ағасы В.Дворниктің басқа­руымен келген делегация, Шы­ғыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары А.Мырзахметов, «Даму» қоры басқармасының төр­ағасы Қ.Төлеушин, «Қазақстан индустриялық даму институты» АҚ басқармасының төрағасы А.Күлсейітов, басқа да сала өкіл­дері қатысты. Форум басталған С.Торай­ғыров атындағы университетте, ең алдымен, «Павлодар облысының индустриялық дамуы. Кеше. Бүгін» тақырыбында суреттер мен инвестициялық жобалардың көр­месі өтті. Көрме залында та­ныстырылған жобалар алюминий, мұнай-химия және темір жол кластерін, сауда-логистика инфрақұрылымын, агро­өн­­дірістік кешенді, шағын және орта бизнесті, туризмді дамы­туға бағытталды. Ал пле­нарлық отырыста облыстың инвес­ти­циялық мүмкіндіктері бейнеролик арқылы көрсетілді. Оты­рыстарда жастар кәсіпкерлігі, аймақтық экономиканың дамуы, мемлекет-жекеменшік серік­тестігі мен кө­лік-логистика мүм­кіндіктері мәселесі талқыланды. Өңірдің инвестициялық жоба­ларының көрмесіне 47 стенд-тақта қойылып, инвестициялар тартуды қажет ететін 16 жоба, павлодарлық жоғары оқу орын­дарының 15 стартап және инвес­тициялық жобалары, сонымен қатар, облыстың қалалар мен аудандарының инвестициялық тартымдылығын бейнелейтін жобалар таныстырылды. Жергілікті кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкерлер» мектебінің түлектері «Torrent mobile» деп аталатын жоба ұсынды. Жалпы, форумда инвестиция салуды қажет ететін 30-дан астам бизнес-жоба ұсынылды. «Форум өткізудегі мақсат – инвестиция тарту. Кездесудің нәтижесінде, 300 млрд теңгеден астам соманы құрайтын жобаларға қол қой­ыл­ды. Облыста 800-ден астам өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл – кәсіпкерлікті дамы­туға барлық жағдай жасалған деген сөз. Мысалы, Баянауылға әуе рейстерін ашу үшін биыл жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 10 млн теңге керек, бұл жоба тиімділік әкеледі деп күті­леді», дейді Б.Бақауов. Форум барысында Беларусь­тен арнайы келген делегация Железинка ауданындағы «Па­харь» агроқалашығында болып, шаруа қожалығы өсіретін картоптың жаңа сортымен таныс­ты. Өздерінде ауыл шарушалығы айтарлықтай жақсы дамыған белорусьтер біздің өңірдің де ауыл шаруашылығына, әсіресе, жыл сайын картоп, көкөніс өнім­дерінің аста-төк мол өнім беретін сорттарына таңданыс білдірді. Шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасының, мал бордақылау алаңының жұ­мысын көрді. Көкөніс сақтау қоймасында тау болып үйіліп жатқан картоптың күлгін түсті жаңа сортына назар аударды. Форумда Беларусьпен 6 түрлі келісімшарт жасалған болатын. «Өңірдің ұсынған жобаларының бәрі де экономикалық жағынан аса маңызды. Павлодарлық бизнесмендер қашанда дұрыс ба­ғытты таңдайды», деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ах­метов. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы Суреттерді түсірген Руфина ТОРФИЩЕВА