• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Он айдың есебі: кісі өлтіру азайды, ұрлық көбейді

277 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» және үстіміздегі жылдың 10 айындағы еліміздегі қылмыстық жағдайға арналған брифинг өтті. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева есепті кезеңде еліміздегі жалпы қылмыс деңгейі жағдайы 6 пайызға төмендегендігінен хабардар етті. Келтірілген мәліметке қара­ғанда, елімізде аса ауыр қыл­мыстар – 11,4 пайызға, ауыр қыл­мыстар –  4,5 пайызға, және ауыр емес қылмыстар саны 27,9 пайызға кеміген. Тарқатып айт­қанда, кісі өлтіру – 4,1 пайызға (729-дан 699-ға), денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 3,4 пайызға (1 914-тен 1 848-ге) және тонау 10,5 пайызға (10 435-тен 9 342-ге) азай­ған. Сол сияқты қарақшылық – 9,3 пайызға (731-ден 663-ке), бопсалау – 16,3 пайызға (601-ден 503-ке), алаяқтық – 17,4 пайызға (34 022-ден 28 093-ке) және бұзақылық 36,9 пайызға (20 626-дан 13 024-ке) төмендегені бел­гілі болды. Өкінішке қарай, ұрлық саны – 6,3 пайызға (174 617-ден 185 697-ге), ал пәтерлерден ұрлау 22,4 пайызға (31 454-тен 38 501-ге) артып кетіпті. Сондай-ақ, жұ­мыссыздар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 70 223-тен 79361-ге (13 пайыз) арт­қандығы да аталды. Әсіресе, кә­мелетке толмағандар жасаған қыл­мыстар – 14,3 пайызға (2266-дан 2589-ға), ал алкогольдік және есірткілік заттарды тұтынудан мас күйінде жасалған қылмыстар саны 15,8 пайызға (14 274-тен 16 531-ге) жоғарылаған. Жол-көлік оқиғалары ағым­дағы жылы 4,7 пайызға кеміген көрінеді. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар саны 6,5 па-йыз­ға, ал адам өлімі 4,4 пайызға төмендепті. Жалпы, жол-көлік апатының 90 пайыздан астамы жүр­гізушілер кінәсінен болады екен. Соның ішінде жүр­гізу­шілердің алкоголь немесе есірткі заттарын пайдалануынан мас күйіндегі 505 фактісі тір­келген. Комитет барлық әкім­шілік құқық бұзушылықтар туралы да есеп жүргізетіні аталмай қалмады. С.Айтпаеваның айтуынша, үстіміздегі жылы елімізде 3,4 млн әкімшілік құқық бұзушылық тір­келіп, сол үшін 2,5 млн адамға айыппұл салынған. Өздерінің әрекеттері үшін құқық бұзушылар ел бюджетіне 29,4 млрд теңге төлесе, бұл салынған әкімшілік айыппұлдардың 59 пайызын құрайды екен. Бұған өткен жыл­дардың айыппұлдары үшін төленген 8,4 млрд-тан астам теңгені қосуға болады. Ал 50 пай­ыздық жеңілдік құқық бұзу­шы­ларға шамамен 7 млрд тең­гені үнемдеуге мүмкіндік берді. Алайда, соның ішінде жылдар бойы қасақана төленбеген бірнеше айыппұлы бар борышкерлер де кездеседі екен. С.Айтпаева брифингте «Коми­тет – әрбір үйге» жобасын іске қосқандықтарымен де бөлісе кет­ті. Бұл ретте, комитет төр­ай­ы­­мы жоба сатып алайын деп отыр­ған үйіңіз орналасқан аумақ­тың қауіпсіздігін алдын ала білуге және кейін сатқанда да оңай болуы үшін ол жердің қаншалықты тыныш екендігін анықтауға мүмкіндік беретінін де айтып өтті. Ал ата-аналар болса балаларының мектепке баратын ең қауіпсіз жолын таңдап ала алады екен. Жалпы, осы жылдың шілде айында Ақпараттық сервисті күніне 6 мың адам қараса, қазан айында ол көрсеткіш 13 мыңға жеткен. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»